Астанада Зуқа батырдың 160 жылдығына орай екі тарихи кітаптың тұсауы кесілді

103
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/w3VjhG0uB5h6vT6AQJzcXUefSxiOTxbnBd2jLFEx.jpg

Астанада Алтай қазақтарының азаттығы мен ел бірлігі жолында күрескен Зуқа батыр Сәбитұлының туғанына 160 жыл толуына орай «Қаракөпір» және «Қорған» атты кітаптардың тұсаукесері өтті. Тағылымды шара Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды “Адырна”.

Жиынға отандық зиялы қауым өкілдерімен қатар, Еуропаның бірқатар елінен арнайы келген қазақ қоғам қайраткерлері қатысты. Олар Зуқа батырдың өмір жолы, ел қорғаудағы ерлігі, әділеттілік жолындағы күресі және Алаш қозғалысымен тарихи сабақтастығы туралы ой бөлісті.

Кітаптардың жарық көруіне ЕҰУ-дің «Алтын Орда өркениеті» кафедрасы ұйытқы болды. Бастаманы жүзеге асыруда журналист Бейсен Ахметұлы Бұқарбайдың еңбегі ерекше аталды.

Жаңа жинақтарға батырдың өмірі мен күрес жолын арқау еткен өлеңдер, жыр-толғаулар және көркем шығармалар енгізілген. Еңбектер Зуқа батырдың тарихи тұлғасын кеңінен танытып, Алтайдың арғы бетіндегі қазақ тарихын жаңғыртуға бағытталған.

Шараға Австрияның Вена қаласынан келген қоғам қайраткері, Зуқа батырдың немересі Қызырхан Шолпан да қатысты. Ол ата мұрасын дәріптеу ұрпақ үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

Қызырхан Шолпанның айтуынша, осыдан он жыл бұрын батырдың 150 жылдығына орай 11 елде 150-ге жуық еске алу шарасы ұйымдастырылған. Оның сөзінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдегі қазақтардың тарихи отанымен рухани байланысы нығайып, ата-баба тарихын зерттеуге мүмкіндік артқан.

Сондай-ақ ол Зуқа батырдың ел жадында әділдігімен, қарапайым халыққа қамқорлығымен сақталғанын жеткізді. Батырдың бай мен кедейді алаламай, әлсізге пана болғанын ерекше атап өтті.

«Зуқа батырдың бір ерекшелігі – кедей-кепшікке пана болған. Үйіне қойшы келсе де, би келсе де, екеуін қатар отырғызған. Ешкімді мансабы мен байлығына қарап бағаламаған. Екіншісі – әділеттілігі. Ол кезде арғы бетте Қытай патшалығына қарайтын төрелер билеген. Солардың әділетсіздігіне қарсы шыққан», – деді Қызырхан Шолпан.

Оның айтуынша, Зуқа батырдың есімі Алтай қазақтарының азаттық күресі тарихымен тығыз байланысты. Тіпті кейіннен ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкіліне айналған Оспан батыр да Зуқа Сәбитұлын рухани ұстаз тұтқан.

Жиында Германияның Мюнхен қаласынан келген қоғам қайраткері, журналист Өмірхан Алтын да сөз сөйледі. Ол қазақ тарихын бүгінгі мемлекеттік шекарамен шектеп қарастыруға болмайтынын айтты. Оның пікірінше, шетелде өмір сүріп, ұлттың азаттығы үшін күрескен тарихи тұлғалар да ортақ ұлттық мұраның ажырамас бөлігі саналады.

Айта кетейік, Зуқа батыр Сәбитұлы (1866–1929) – Алтай қазақтарының тарихында ерекше орын алатын қоғам және дін қайраткері. Ол Зайсан өңіріндегі Кендірлік жерінде дүниеге келген. Кейін отбасы Алтайдың арғы бетіне қоныс аударған. Батыр халық арасында әділдігімен, елге қорған болған ерлігімен және әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресімен танылған.

Оның өмірі мен қайраткерлігі Қажығұмар Шабданұлының «Пана», Батырхан Құсбегиннің «Зұқа батыр», Талғат Кеңесбаевтың «Қараңғы түннің жұлдызы» атты шығармаларына арқау болған.

Комментарии