Жағрафияға қарамай соққы беру. Каспий шетіндегі Иранның ұраны

248
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TkAoCK8FfP3Lk5MUPSj7x12de0wMk5nF2AlD5ECV.webp

Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи елге қарсыластар тарапынан төнуі мүмкін кез келген қауіпке оның сипаты мен географиялық орналасуына қарамастан, дереу әрі тиімді жауап беруді тапсырды. Бұл туралы ол Иран қарулы күштерінің жоғары қолбасшылық құрамымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Tasnim-ге сілтеме жасап.

Хаменеи ауқымды қарсыласуға дайын болуды қарсыласты барынша тежеудің негізгі шарттарының бірі деп атады. Оның айтуынша, әскери немесе террористік шабуылдар қайта басталған жағдайда, қақтығыстың қашан және қандай шарттармен аяқталатынын Иран мен оның қарулы күштері айқындайды.

Сондай-ақ көшбасшы әлеуетті нысандар тізімін жаңартуды тапсырды. Бұл Иран әскеріне өзі «америкалық-сионистік жау» деп атаған қарсыластарының материалдық және материалдық емес активтеріне соққы беруге мүмкіндік беруі тиіс.

Хаменеидің айтуынша, әскери барлау жүйесін жетілдіру, отандық қорғаныс технологияларын дамыту, тактика мен әскери доктринаны жаңарту, сондай-ақ заманауи технологияларды пайдалану арқылы барлау және жауынгерлік мүмкіндіктерді нығайту да басым бағыттардың қатарында.

Кездесу барысында Иран қарулы күштері Бас штабының бастығы Әли Абдоллахи, армия қолбасшысы Әмір Хатами және Ислам революциясы сақшылар корпусының басшысы Ахмад Вахиди әскердің Парсы шығанағы жағалауында, Ормұз бұғазы мен Оман шығанағы маңында, сондай-ақ елдің солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс шекараларында жауынгерлік дайындықта тұрғаны туралы баяндады. Олардың мәліметінше, оқ-дәрілердің, барлау құралдарының, қосалқы және жауынгерлік қару-жарақтың әртүрлі түрлерін өндіру көлемі бірнеше есе артқан.

Хаменеи әскери қызметкерлерге, полицияға, «Басидж» күштеріне және Қорғаныс министрлігінің қызметкерлеріне атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ол Иран мен аймақтағы одақтас күштер арасындағы үйлестірудің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның сөзінше, түрлі бағыттағы өзара іс-қимыл Батыс Азиядағы жаңа саяси және қауіпсіздік тәртібінің қалыптасуына ықпал етеді.

Каспий теңізі жағалауындағы Қазақстан, Әзербайжан және Түркіменстан тәрізді елдерде Иран өзіне қарсылас көретін Американың компаниялары жұмыс істейді. Олардың дені - мұнай-газ саласындағы танымал компаниялар.   

Комментарии