Қазақстан мен Түркия тауар айналымын 15 млрд долларға дейін жеткізбек

293
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LnWD5m62ozdnWPyjWGeF8krwcg5Bgmo1nVSNMXaC.jpg

Қазақстан мен Түркия өзара тауар айналымын 15 млрд долларға дейін ұлғайтып, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер барысында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Екі ел басшысының кездесуі алдымен шағын құрамда, кейін кеңейтілген құрамда өтті.

«Біз тауар айналымын 15 млрд долларға дейін жеткізіп, екіжақты қарым-қатынастардың инвестициялық бағытын жандандыруды көздеп отырмыз», – деді Ердоған.

Түркия президенті биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапары кезінде тараптар бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойғанын еске салды.

Оның айтуынша, алдағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі нақты қадамдар Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысы аясында қарастырылады.

Келіссөздер барысында тараптар көлік және логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарға ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Қазақстанның ірі бес сауда серіктесінің және он ірі инвесторының қатарына кіретінін атап өтті.

«Біз түркиялық әріптестерімізге жан-жақты қолдау көрсетуге және олардың бизнесі үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», – деді ол.

Сонымен қатар кездесу барысында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Комментарии