Республика күні қарсаңында Шымкент қаласында тұңғыш рет ел тарихы мен заманауи өнерді тоғыстырған «Бүгінгі Қазақстан» атты ауқымды мультиформатты музыкалық-театрландырылған қойылым сахналанды.
«Шымкент концерт» концерттік ұйымы ұсынған бұл туынды Тәуелсіздік жылдарымен тағдырлас бір әулеттің өмір жолын арқау етіп, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. 
Қойылымның басты идеясы – Қазақстанның Тәуелсіздік алған жылдардан бергі 35 жылдық даму жолын сахналық өнер арқылы бейнелеу. Мюзиклдің бас кейіпкері Әділ 1991 жылдың 16 желтоқсанында – ел тәуелсіздігі жарияланған күні дүниеге келеді. Оның есею кезеңдері жас мемлекеттің қалыптасуымен, іргелі өзгерістерімен қатар өрбиді.
Қойылым желісінде ұлттық валюта – теңгенің айналымға енуі, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі, Астананың бой көтеруі, 2020 жылғы пандемия кезіндегі дәрігерлердің қайсар ерлігі және кейінгі жылдары қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы сияқты тарихи белестер шынайы әрі әсерлі бейнеленген.
– Бұл ауқымды жобаны дайындауға бір айға жуық уақыт кетті. Қойылымның ауқымы өте кең, себебі мұнда тек театр өнері емес, заманауи музыка, хореография және ауқымды LED-технологиялар бір арнаға тоғысты. Әрбір көрермен осы сахнадан өз өмірінің бір бөлшегін, елдің даму жолын көре алсын деп бар күшімізді салдық, - деді қойылым режиссері Медет Ағабылов
«Бүгінгі Қазақстан» – бұл театр, мюзикл, хореография, LED-технологиялар және заманауи режиссура тоғысқан синтезді өнер туындысы. Сахнада 140-қа жуық өнерпаз – актерлер, бишілер мен вокалистер өнер көрсетті.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі барлық музыкалық туындылар мен әндердің жанды дауыста орындалуында. Әншілер мен вокалисттердің орындауын «Qazaq groove project» вокалды-аспаптық ансамблі сүйемелдеп, сахнадағы әсерді арттыра түсті.
– Мұндай форматтағы жобада тұңғыш рет жұмыс істеудеміз. Бұл қойылымға арнайы музыкалар жазылды, арнайы аранжировкалар жасалды. Музыкалық сүйемелдеу мен әншілердің дауысы біртұтас үйлесім тауып, көрерменге ерекше әсер сыйлады деп ойлаймын, -деді «Qazaq groove project» вокалды-аспаптық ансамблінің көркемдік жетекшісі Жандос Аппазов.
Сонымен қатар, қойылымның әрбір бөлімі үшін арнайы дайындалған LED-контент сахналық декорациямен шебер үйлестіріліп, өткен мен бүгіннің арасын ерекше суреттей білді. Бишілер тобының үйлесімді пластикасы мен сахналық қимылдары қойылымның динамикасын аша түсті.
Мюзикл тек өткенге шолу жасап қана қоймай, адал еңбек, ұрпақтар сабақтастығы, отансүйгіштік пен әділетті қоғам құру идеяларын дәріптейді. Оқуын Астанада аяқтап, туған қаласына оралған кейіпкердің таңдауы арқылы әрбір азаматтың ел дамуына қосатын үлесі маңызды екенін көрсете білді.
Кеш соңында барлық өнерпаздар мен көрермендер бірге шырқаған патриоттық туындылар залдағы халықтың асқақ рухы мен мерекелік атмосферасын айшықтай түсті. Республика күніне арналған бұл шара Шымкенттің мәдени өмірін тағы бір белеске биіктетті.


Создатели Silk Way Star раскрыли, как устроена главная сцена мегапроекта и что ждет зрителей в гранд-финале
