Адам мен ажал. Жақынын арашалап жанын қиғандар

144
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LD41OmFyh66llr6scXP5DdL8VO4D3sPds4w9yJfb.jpg

19 қазан – Құтқарушылар күні. Бұл күн – тілсіз жаумен күресіп, адам өмірін сақтап қалу үшін қауіпке бас тігетін азаматтардың еңбегін еске алатын ерекше дата. Алайда ерлік тек арнайы қызмет өкілдерінің іс-әрекетімен шектелмейді. Кейде қарапайым адамдар да қиын сәтте өз өмірін қауіпке тігіп, жақындарын ажалдан арашалап қалады.

Олардың арасында отбасын құтқарған әкелер, бауырын қорғаған балалар, шәкірттері үшін жанын қиған ұстаздар мен қаруластарына көмектескен сарбаздар бар. Қазақстанда осындай ерлігімен ел есінде қалған азаматтар аз емес. Олардың оқиғалары адам өмірінің қадірін, жақынға деген сүйіспеншілік пен жанқиярлықтың мәнін ұғындырады.

ОТБАСЫН ӨРТТЕН ҚҰТҚАРЫП, ӨЗІ ҚАЗА ТАПТЫ

2025 жылғы 9 қазанда Павлодар облысы Тереңкөл ауданында қайғылы оқиға болды. Жеке тұрғын үйден өрт шығып, жалын ағаш шатыр конструкцияларын шарпыған.

Өрт сөндірушілер жеткенге дейін 1982 жылы туған Нұржан Исаев әйелі мен үш баласын терезе арқылы сыртқа алып шыққан. Осылайша ол отбасы мүшелерінің өмірін сақтап қалды.

Алайда өзі ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің аумағы 100 шаршы метрді құраған.

Бес адамнан тұратын отбасының аман қалуы – әкенің батылдығы мен өз жақындары үшін жасаған жанқиярлық әрекетінің нәтижесі.

БАУЫРЫН ҚҰТҚАРАМ ДЕП ӨЗІ СУҒА КЕТТІ

2020 жылғы 25 маусымда Жезқазған қаласында қайғылы жағдай болды. 14 жастағы жасөспірім суға батып бара жатқан 13 жастағы әпкесін құтқару үшін суға түскен.

Оқиға Жезқазған – Сәтбаев тасжолының маңында болған. Коммуналдық апаттан кейін пайда болған су жиналған шұңқырға қыз құлап кеткен. Мұны көрген ағасы ойланбастан оны құтқаруға ұмтылған.

 

Алайда жасөспірім өз күшін есептей алмай, суға батып кеткен. Балалардың жанайқайын естіген өтіп бара жатқан адамдар көмекке келіп, қызды құтқарып қалған. Ал баланың денесі кейінірек судан табылған.

Оқиғадан кейін қала әкімдігі мен полиция тиісті тексеру жүргізген. Куәгерлердің айтуынша, су жиналған шұңқырдың айналасында қоршау болмаған.

Бұл оқиға бауырын қорғау үшін жанын қиған баланың ерлігімен қатар, адам өміріне қауіп төндіретін ашық су қоймалары мен қараусыз қалған шұңқырлардың қаншалықты қауіпті екенін де көрсетті.

ШӘКІРТТЕРІ ҮШІН ӨМІРІН ҚИҒАН ЖАС ҰСТАЗ

2021 жылғы 31 мамырда Алматы қаласындағы №199 гимназияның 26 жастағы мұғалімі Мерей Ибрагимов Шарын шатқалында оқушыны құтқару кезінде қаза тапты.

 

 

Мерей Ибрагимов көркемдік пәндерден сабақ берген. Педагогикалық еңбек өтілі бес жыл болған ұстазды әріптестері мен шәкірттері жауапкершілігі жоғары, шығармашылық тұлға ретінде сипаттаған.

Қайғылы оқиға кезінде мұғалім балаларға көмектесіп, оқушыны құтқаруға тырысқан. Осы сәтте оның өзі де ажал құшты.

 

Алматы қаласының білім басқармасы Мерей Ибрагимовтің мектеп ұжымында ерекше құрметке ие болғанын атап өтті. Оны оқушылары жақсы көретін, әрдайым айналасына жылулық сыйлайтын ұстаз ретінде еске алды.

Жас педагогтің ерлігі – ұстаздықтың тек білім берумен шектелмейтінін, кейде шәкіртінің өмірі үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын болу екенін көрсетеді.

СОҢҒЫ СӘТКЕ ДЕЙІН ӨЗГЕЛЕРДІ ҚҰТҚАРДЫ

2022 жылғы 9 тамызда Алматы облысындағы әскери оқу-жаттығу полигонында қатты дауыл соғып, сарбаздар орналасқан шатырлы қалашықты қиратты. Оқу-жаттығу орталығында 15 әскери қызметші болған. Шквалды жел шатырларды ұшырып, айналаны шаң басқан кезде сарбаздар қауіпсіз жерге шығуға тырысты. 19 жастағы қатардағы жауынгер Алмас Шахимов бірнеше қаруласының өмірін сақтап қалуға көмектесті. Ол сарбаздарды қатты желден қорғайтын жерге бағыттап, өзі өзгелерді құтқару үшін қайта оралған.

 

 

Алмас әскери қызметшілердің қауіпсіз жерге шығуына көмектесіп, шатырдан ең соңғы болып шыққан. Сол сәтте жел шатырдың металл қаңқасын жұлып әкетіп, оның басына соққы тиген.

Алмас Шахимов ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

 

 

Оның қаруластары Алмастың әрекетін ерлік деп бағалады. Ол өзгелердің амандығын өз өмірінен жоғары қойған азамат ретінде есте қалды.

Алмас Көкшетау қаласынан әскерге шақырылған. Азаматтық қорғаныс колледжінде өрт қауіпсіздігі мамандығын оқыған жас жігіттің өзі де адамдарды құтқаруды мақсат еткен.

Ерлік – жақыныңның өмірін өз өміріңнен жоғары қою

Бұл оқиғалардың әрқайсысы әр кезеңде, әртүрлі жағдайда болғанымен, оларды біріктіретін ортақ қасиет бар. Ол – жақындарының өмірін сақтап қалу үшін қауіпке қарамастан әрекет ету.

Бірі отқа оранған үйден әйелі мен балаларын алып шықты. Екіншісі суға батып бара жатқан әпкесіне көмектесуге ұмтылды. Тағы бірі шәкіртін құтқарса, жас сарбаз қаруластарының амандығы үшін соңғы сәтіне дейін күресті.

Олардың ерлігі – қоғам үшін үлкен өнеге. Сонымен бірге мұндай қайғылы оқиғалар қауіпсіздік талаптарын сақтау, қауіпті нысандарды қоршау, төтенше жағдайлардың алдын алу және адамдарға алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретудің маңызын еске салады. Олардың есімдері мен жасаған жақсылығы ұмытылмайды.

Гүлбаршын Нұрхан

«Адырна» ұлттық порталы 

Комментарии