Марко Рубионың Орталық Азияға саяхаты. Мемхатшы Самарқанға сапарлады

238
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lPrMaBDf23Is5Vgg3gwdwJHcMwQaewtViAru1L11.webp

18 қазан күні кешке АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқан қаласына барды. Бұл туралы UzA агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Әуежайда Рубио мен оның жұбайын Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева және басқа да ресми тұлғалар қарсы алған. Рубио Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы C5+1 форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін келген.

Бұл — оның Орталық Азияға жасаған алғашқы сапары. Самарқандқа Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев те келген. Ол Марко Рубиомен келіссөз жүргізіп, іскерлік кеңестің отырысына қатысады.

19 қазанда Самарқандта Америка-Өзбекстан іскерлік және инвестициялық кеңесінің екінші отырысы өтеді. Кеңестің тең төрағалары — Саида Мирзиёева мен Серджио Гор. UzA агенттігінің мәліметінше, шараға АҚШ-тың 200-ден астам кәсіпкері келген. Басылым мұны америкалық бизнес өкілдерінің Өзбекстанға деген қызығушылығы артып келе жатқанының белгісі деп бағалайды.

Сол күні мемхатшының Орталық Азияның 5 елінің сыртқы істер министрімен C5+1 форматындағы кездесуі өтеді. Сонымен қатар Марко Рубио мен Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі диалогтың алғашқы раундын өткізеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысының сапары туралы алдын ала хабарланған болатын. Жалпы кездесуден бөлек, Марко Рубио аймақтағы бес елдің — Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қырғызстанның жоғары лауазымды өкілдерімен екіжақты келіссөздер жүргізуді жоспарлаған.

Самарқандтан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Үндістанға аттанады. Онда оны Мумбай мен Джамнагар қалаларында бірқатар кездесу күтіп тұр.

C5+1 форматы 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуі дәл осы Самарқанд қаласында өткен. Жуырда формат жоғары деңгейге көтерілді. 2025 жылғы 6 қарашада Вашингтонда Дональд Трамп пен аймақтағы бес елдің көшбасшылары қатысқан C5+1 форматындағы екінші саммит өтті.

UzA агенттігінің бағалауынша, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары бұл сапарды Вашингтонның аймақ мемлекеттерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге және стратегиялық әріптестікті нығайтуға деген ұмтылысымен байланыстырады.

Комментарии