Қазақстанда маймыл шешегінің ел аумағына әкеліну ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Алайда инфекцияның берілу ерекшеліктерін ескере отырып, халық арасында аурудың кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланып отыр. Бұл туралы 19 қазанда Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
ДСМ мәліметінше, әлемдегі инфекциялық аурулардың, соның ішінде маймыл шешегінің эпидемиологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Аурудың елге әкелінуі мен таралуының алдын алу үшін санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені қолға алынған. Атап айтқанда, мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілген. Сонымен қатар ауру тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдай және сол мемлекеттерден келген азаматтар бақылауда. Өткізу пункттері мен санитариялық-карантиндік бекеттер дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған.
Бұған дейін Санкт-Петербургте маймыл шешегіне күдікпен бес адамның ауруханаға жатқызылғаны хабарланған болатын. Қазіргі уақытта науқастар дәрігерлердің бақылауында.
Мәскеу облысында да пәтерлердің бірінен маймыл шешегіне күдікпен бес адам ауруханаға жеткізілген. Жедел жәрдем шақыруға маймыл шешегін жұқтырған болуы мүмкін адаммен байланыста болу себеп болған.
Сондай-ақ Гонконгта маймыл шешегін жұқтырудың тағы бір жағдайы тіркелген. Қалада ауру жұқтырғандар саны айтарлықтай өскен. Тамыз айынан бері 21 жағдай анықталған. Бұл — жыл басынан бері тіркелген барлық жағдайдың 70 пайызы.
Маймыл шешегі — MPXV вирусы қоздыратын инфекциялық ауру. Ол негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Сондай-ақ вирус ластанған киім, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттар арқылы, сондай-ақ инфекция жұқтырған жануарлармен байланыс кезінде жұғуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға себебі белгісіз тері бөртпелері немесе басқа да инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болуды ұсынады. Сондай-ақ жеке бас гигиенасын сақтап, ауруға күдік тудыратын адамдардың киімдерін, жеке заттары мен төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбау қажет.
Школьник из Кокшетау завоевал серебро и помог команде Казахстана выиграть международную олимпиаду по биологии
