Ұстазға құрмет, білімге қолдау: Мемлекет басшысының бастамалары нақты нәтиже көрсетіп келеді

145
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BBTF4xowTk1kOt00VvJCTaHZhlKbQrscTYC6zbZx.jpg

Ұстаздар күніне орай өткен салтанатты жиында білім беру саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ педагог жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың ел болашағын қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтіп, педагог еңбегін қолдау мен мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жалғаса беретінін айтты. 

Соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 342 мектеп салынды. Биыл тағы 101 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектеп бой көтерді, оның 84-і ауылдық жерде орналасқан. Сонымен қатар биыл 12 мыңнан астам түлек педагогика мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болды, олардың 2 мыңнан астамы Алтын белгі иегері. Мұғалімдердің шәкіртақысы 2,5 есе өсті, ал жаңа оқу жылы қарсаңында өңірлерде 15 мыңнан астам педагог жұмысқа қабылданды.

Мемлекеттік наградаға ие болған Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі Меруерт Мұқашева Мемлекет басшысының ұстаз мәртебесін арттыруға бағытталған бастамаларының маңызына тоқталды. Ол ауыл мен қала мектептерінің мүмкіндігін жақындату, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар педагогтердің кәсіби мүмкіндігін кеңейтіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге жаңа серпін беріп отырғанын атап өтті.

— Бүгін Мемлекет басшысының қолынан мұндай жоғары награда алу — сіз үшін де, бүкіл ұстаздар қауымы үшін де зор мәртебе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Педагог мәртебесі туралы» заңды енгізіп, Мұғалім күнін жалпыұлттық деңгейге көтеруі ұстаздардың қоғамдағы беделін қалай арттырды? 

— Бүгін Ақорда төрінде бас қосқан ұстаздардың ерекше тебіренісі мен толқынысы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының білім саласына деген аялы ықыласын, педагогтерге көрсеткен зор құрметі мен тұрақты қолдауын айқын аңғартты. Бұл салтанатты сәт мұғалімдік мамандықтың қашан да ең қадірлі, ең қасиетті туынды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бүгінгі салтанатты жиынға жиналған мұғалімдердің қай-қайсысы да — өз кәсібіне адал болып, табанды еңбегінің шынайы жемісін көрген майталман мамандар. Олар республикамыздың түкпір-түкпірінен, әрбір облысы мен шалғайдағы ауыл-аймақтарынан Астанаға арнайы ат басын бұрған.

Марапат алған әрбір ұстаздың оқу-ағарту саласында өзіндік қолтаңбасы мен айтулы жетістіктері бар. Мемлекет басшысы тарапынан ұстаздар қауымына көрсетілген мұндай жоғары деңгейдегі құрмет пен қошеметті әрбір педагог терең толқыныспен, ерекше сүйіспеншілікпен сезініп қайтты.

— Мемлекет басшысы соңғы жылдары білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа мектептер салуға және ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға ерекше мән беріп келеді. Бұл өзгерістерді педагог ретінде өз тәжірибеңізден қалай көріп жүрсіздер? Жаңарған мектептер мен жасалған мүмкіндіктер оқушылардың білім сапасына және мұғалімдердің жұмысына қандай әсер етуде?

— Әрине, бүгінде ауыл мектептерінің әлеуеті мен әлеуметтік келбеті танымастай өзгеріп, жаңа деңгейге көтерілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде еңсе көтерген мектептермен заманауи оқу ошақтарының бой көтеруі, олардың соңғы цифрлық технологиялармен, интерактивті тақталармен және инновациялық зертханалармен жабдықталуы — білім саласына тың серпін берген ақтаңғақ қадам болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сындарлы саясаты мен көрегенділігінің арқасында қала мен ауыл мектебі арасындағы алшақтық жойылып келеді. Бүгінгі Ақордадағы салтанатты жиынның өзінде бірнеше ауыл мұғалімдерінің мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталып, құрмет төрінен көрінуі — Мемлекет басшысының шалғайдағы ұстаздардың тынымсыз еңбегін назардан тыс қалдырмай, ерекше бағалап отырғанының айқын айғағы.

Қазіргі таңда тіпті шалғай ауылдардағы оқушыларымыздың бойынан білімге деген құштарлық пен сенімділікті айқын көреміз. Мысалы, бұрын робототехника немесе жасанды интеллект сабақтары тек ірі қалаларға тән сияқты көрінсе, бүгінде ауыл балалары да осы заманауи бағыттарды емін-еркін меңгеріп, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда топ жарып жүр. Ауыл мұғалімі ретінде Президентіміздің бүгінгі терең де мазмұнды сөзінен білім саласына, әсіресе ауыл мектептеріне деген ыстық ықыласы мен зор қолдауын шексіз ризашылықпен ұғындық. Президенттің білімді де заманауи ұрпақ тәрбиелеу жолындағы бұл қамқорлығы бізге зор рух беріп, жаңа белестерге қарай жігерлендіреді.

— Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім жүйесіне жасанды интеллект пен озық цифрлық технологияларды енгізудің маңызына ерекше тоқталды. Президенттің осы стратегиялық көзқарасы мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың заман ағымына сай сапалы білім алуына қаншалықты серпін береді деп ойлайсыз?

— Қазіргі таңда білім беру жүйесінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағытының қарыштап дамуы — мектеп өміріне мүлде жаңа леп, тың серпін әкелді. Осы озық әдістемелер мен цифрлық платформалардың оқу үдерісіне кеңінен енгізіліп жатқанын көріп, ұстаз ретінде жүрегімізді үлкен мақтаныш пен қуаныш кернейді.

Бүгінгі салтанатты жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласындағы оң реформаларды айқын айшықтап берді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бой көтеріп жатқан «Жайлы мектептер» мен заманауи білім ошақтары тек елорда мен ірі қалаларда емес, еліміздің шалғайдағы ауылдарында да көптеп салып жатыр. Ауыл мен қала мектебі арасындағы білім сапасының алшақтығын жойып, әрбір балаға тең мүмкіндік жасап отырған Президентіміздің бұл көреген саясаты біздің көңілімізге зор сенім ұялатады.

Маған, әсіресе, цифрландырудың нақты нәтижесі ерекше әсер етті. Мысалы, бұрын жасанды интеллект пен робототехника сабақтары тек мамандандырылған IT-лицейлерге тән сияқты көрінсе, бүгінде Президентіміздің қолдауымен бекітілген білім берудегі ЖИ стандартының арқасында шалғай ауылдағы оқушымыз да планшет пен смарт-тақта арқылы интерактивті тапсырмаларды орындауда. Осындай әлемдік стандарттарға сай жағдайдың жасалуы — Мемлекет басшысының ұлт болашағына деген шексіз қамқорлығының айғағы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының өз сөзінде айрықша тоқталған өзекті мәселесі — кітап оқу мәдениетін қалыптастыру болды. Бұл цифрлық заманда барша педагогтер қауымына үлкен ой салды. Расымен де, гаджеттер мен экранға телмірген ақпарат тасқыны дәуірінде өскелең ұрпақтың үстірт ойлауына жол бермей, бойына рухани нәр егу — кейінге қалдыруға болмайтын стратегиялық міндет. Кітап — баланың таным көкжиегін кеңейтіп, оны парасаттылыққа, адалдыққа әрі ізгілікке баулитын теңдессіз рухани қалқан.

Сондықтан біз, мұғалімдер қауымы, Мемлекет басшысы белгілеп берген бұл бағдарды берік ұстануымыз қажет. Біздің басты мақсатымыз — оқушыларға озық технологияларды меңгертіп қана қоймай, олардың бойына оқу мәдениетін сіңіріп, рухани жағынан бай, отаншыл, бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу. Еліміздің білім саласын жаңа белестерге бастап, мұғалім мәртебесін биікке көтерген Президентімізге шексіз ризашылығымызды білдіреміз!

— Мемлекет басшысы атап өткендей, соңғы жылдары гранттар мен шәкіртақының өсуі арқасында Алтын белгі иегерлері мен білімді жастар педагогика саласына көптеп келе жатыр. Мұғалім мамандығының беделін арттырған Президент саясатының нәтижесін мектеп қабырғасында қалай байқап отырсыздар?

— Бүгінде мемлекет тарапынан білім саласына жасалып жатқан қамқорлық тек заманауи мектептердің бой көтеруімен немесе жаңа оқу ошақтарының ашылуымен ғана шектелмейді. Мұның ауқымы әлдеқайда кең. Қазіргі жаңартылған білім беру бағдарламасы мен жаңа стандарттарға сай, әрбір оқушының жан-жақты дамып, интеллектуалды әрі рухани тұрғыдан өсуіне толық жағдай жасалған. Оқу бөлмелерін цифрландырудан бастап, заманауи зертханалармен жабдықтауға дейінгі барлық жүйелі жүзеге асырылып жатқан қолдаулар осының айқын дәлелі.

Жиында Президент тарапынан ерекше баса назар аударылған негізгі мәселе — мектептерге және тікелей ұстаздар қауымына деген зор құрмет пен қолдау болды. Себебі қай заманда болмасын, заманның қандай да бір сыны мен өзгерістеріне қарамастан, жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбиені сіңіріп, олардың заманауи ортада өзіндік орнын табуына білім ордасы — мектептің тигізер септігі орасан зор. Мектеп — болашақ тұлғаны қалыптастыратын негізгі діңгек. Ал сол білім шаңырағының жүрегі болып саналатын, оқу-тәрбие процесін алға сүйрейтін қозғаушы күш — әрине, мұғалім.

Осы жиыннан кейін біз, ұстаздар қауымы, мемлекет пен ел басшылығы тарапынан артылып отырған зор сенім мен ауыр жауапкершілікті бұрынғыдан да тереңірек сезіндік. Өз еңбегіңнің бағаланғанын көру, Мемлекет басшысының тікелей қолдауын сезіну — кез келген педагогке шексіз серпін береді.

— Президент өз сөзінде біліммен қатар кітап оқу мәдениетін дамыту, «Таза Қазақстан» сияқты жалпыұлттық акциялар арқылы адал әрі отаншыл азамат тәрбиелеуге басымдық берді. Мемлекет басшысының бұл бастамалары жас ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіруге қалай ықпал етуде?

— Қазіргі таңда оқу-ағарту саласында озық білім берумен қатар, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіруге айрықша мән беріліп отыр. Қарқынды цифрландыру, жасанды интеллект пен жаһандық ақпарат ағыны дәуірінде өскелең ұрпақтың тек интеллектуалдық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да кемел болып қалыптасуы – аса маңызды міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде атап өткендей, жастардың бойына отаншылдық, адалдық, еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастырып, кітап оқу мәдениетін дамытуда ұстаздар қауымының рөлі зор. Себебі озық технология қанша дамыса да, балаға тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды сіңіретін – мұғалімнің тәлімі мен өнегесі.

Соңғы жылдары «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заңның қабылдануы, бірқатар мұғалімнің жоғары мемлекеттік наградасына ие болуы – мемлекет тарапынан ұстаз еңбегіне беріліп отырған жоғары бағаның нақты дәлелі.

Бұл тарихи кездесу тек марапат иелеріне ғана емес, еліміздің барлық педагогіне, әсіресе ұстаздық жолын енді бастап келе жатқан жас мамандарға үлкен шабыт береді деп ойлаймын. Сонымен қатар бұл – бізге жүктелген жауапкершіліктің де артқанын білдіреді. Президент атап өткендей, биыл 12 мыңнан астам түлек педагогика мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болды. Олардың қатарында 2 мыңнан астам Алтын белгі иегерінің болуы – жастардың ұстаздық мамандыққа деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсететін жақсы үрдіс.

Бүгінде мемлекет тарапынан білім беру саласына жасалып жатқан қолдауды, мектептердің жаңғыртылуын, жаңа технологиялардың оқу үдерісіне енгізілуін біз өз жұмысымыздан анық көріп отырмыз. Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу де мұғалімнің уақытын тиімді пайдаланып, оқушымен тікелей жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бұл ретте ұстаздың басты міндеті – технологияны дұрыс пайдалана отырып, баланың білім алуына ғана емес, оның тұлға ретінде қалыптасуына бағыт беру.

Еңбегіміздің осындай жоғары деңгейде бағалануы біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Мемлекет басшысына ұстаздар қауымына көрсетіп отырған ерекше қолдауы мен сенімі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бізге артылған сенімді сапалы білім мен саналы тәрбие арқылы ақтауға бар күшімізді саламыз.

 

Комментарии