«Ағай, неше бақа әкелейін?..» Мектептегі пранктің заңдағы үкімі

120
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JmmIyE1OT1UwePRQDhe9nFOUHtxh1JzO3v6S0tFf.jpg

Пранк жасаудың салдары қандай болуы мүмкін? Әсіресе, мектепке жеткен мұндай әрекеттің салдарын педагогикалық тәсілдермен реттеуге бола ма? Заң не дейді? 

Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі сотқар Қожасы ұстазы Майқанованың сөмкесіне бақа салады. Соның алдында зоология пәнінің мұғалімі Қожаға сабаққа бақа алып келуді тапсыратыны бар. «Ағай, неше бақа әкелейін?» деген оған пән мұғалімі бір-екеу деп айтқанымен, оқушы бес бақа әкелетіні бар. Осылайша сынып жетекшісін қорқытады. Бүгінде Қожаның жолын қуып, тәлімгеріне пранк жасайтын оқушы көбейген. Оның да ұнамды, ұнамсызы бар. Бұл тренд пе, әлде, ұстаз көңілін көтеру ме?

Бүгінде 23 жастағы педагог Нұрдәулет Русланұлы да мұндай жағдаймен бетпе-бет келген. 

«Көңілге тимейтін, ауыр зардабы бар пранк, әзілдер болса, оқушының еркелігі деп білеміз. Дегенмен, кей әзілдер шектен шықса, ескерту, баламен, ата-анасымен ескертпе жұмыстары жүргізіледі. Біз жас болған соң тренд, әзіл, пранк дегендерді түсінеміз. Дегенмен, кей оқушылардың ұстазын шошытып, қорқытса, оны жүрегіне жақын қабылдайтындар бар. Әрекет арқылы ұстаздың жүрегін ауырту дұрыс емес», - дейді. 

Расында, әзілдеймін деп әдептен аспаған жөн.  Өзге адамның бет-жүзін рұқсатсыз түсіріп, әлеуметтік желіге жариялау да құқықтық мәселеге әкелуі мүмкін. Ал пранк барысында құқық бұзушылық жасалса, оны «жай ғана қалжың еді» деп ақтау мүмкін емес.

«Әлеуметтік желі, түсірілім, қаралым, көңіл көтеру үшін пранктар жасауға болмайды. Бұл бізде ұсақ бұзақылыққа жатады. Бұл бізде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434 бабымен сараланады. Ал адам түрін оның келісімінсіз әлеуметтік желіге жариялау Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 145 бабымен ескеріледі», - дейді заңгер Самат Талғатұлы.

Заңгер айтқан Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы — «Ұсақ бұзақылық».

Қолданыстағы норма бойынша заңды алғаш рет бұзғандар 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) айыппұл (86 мың 500 тг), немесе 20–60 сағат қоғамдық жұмыстар, не 5-15 тәулік әкімшілік қамаққа ілінеді. Ал бір жыл ішінде жеке тұллға заңды бірнеше рет бұзса, 60-100 сағат қоғамдық жұмыстар, не 15-30 тәулік әкімшілік қамаққа алынады.

Бұл бап қоғамдық орында былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу және қоғамдық тәртіп пен адамдардың тыныштығын бұзатын өзге де ұқсас әрекеттерге қатысты. 

Ал Азаматтық кодекстің 145-бабы «Жеке бастың құпиясын сақтау құқығы». Егер адамға пранк жасап, оның бет-әлпетін желіге рұқсатсыз жариялаған жағдайда жәбірленуші сотқа жүгіне алады. Сол арқылы бейнені пайдалануды тоқтатуды,  жарияланған материалды алып тастауды, келтірілген материалдық және моральдық залалды өтеуді талап етуге мүмкіндік бар. 

Кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылық бойынша ата-анасына қатысты шара қолданылуы мүмкін. Себебі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілік негізінен 16 жастан басталады.  Ал 16 жасқа толмаған баланың әрекеті үшін кей жағдайда ата-анасы немесе заңды өкілдері жауап береді. 

Қысқасы, күлкі үшін жасалған әзіл біреудің құқығы мен қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі керек. «Жай қалжың еді» деген сөз заң алдындағы жауапкершіліктен құтқара бермейді.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Комментарии