Фото ЖИ көмегімен жасалды
Астана қаласының мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты «Ауежай – Астана» кеден бекетінің қызметкерлері мобильді құрылғыларды заңсыз әкелудің 10 дерегін анықтады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Нәтижесінде 223 iPhone 18 смартфоны мен 10 жұп AirPods сымсыз құлаққабы тәркіленді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Мәліметке сәйкес, жолаушылар ұялы телефондарды багаж арқылы «жасыл дәлізбен» өткізбек болған. Яғни тауарларға кедендік декларация ұсынбаған.
Тексеру барысында бір жолаушының багажынан бірден 50 смартфон табылған. Бұл жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауар ретінде баж төлемей және декларациясыз алып өтуге рұқсат етілген мөлшерден айтарлықтай көп.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, анықталған жағдайларға қатысы бар төрт адамның жеке кәсіпкер мәртебесі болған. Тағы төрт азамат смартфондарды жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей әкелген.
Мемлекеттік кірістер департаменті кеден шекарасы арқылы тауар өткізген кезде олардың жеке пайдалануға арналған тауарларға қойылатын заң талаптарына сәйкестігін ескеру қажет екенін ескертті.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, бір адам кеден шекарасы арқылы екі смартфоннан артық алып өте алмайды. Тауардың саны немесе сипаты жеке пайдалануға арналған тауарлар өлшемдеріне сәйкес келмесе, олар кедендік декларациялауға және тиісті кедендік рәсімдеуге жатады.
Тәркіленген смартфондар уақытша сақтау қоймасына орналастырылды. Тауар иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр.
Более двух тысяч студентов столичных колледжей приняли участие во флешмобе в честь завершения Года рабочих профессий
