Полиция қызметкерлері аквапаркте тегін демалған

89
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Алматы облысының Талғар аудандық полиция басқармасының екі қызметкері сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікпен ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Олар жергілікті аквапарк басшысынан өздері мен туыстарына қызметтерді тегін көрсетуді талап етті деген күдікке ілінген.

«Время» мәліметінше, оқиға шілде айының басында Талғардағы Aquasia Resort аквапаркінде басталған. Демалыс орнында әйелдердің бірі жарақат алғаннан кейін қауіпсіздік талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда тамыз айының соңында қылмыс құрамы болмауына байланысты іс тоқтатылған.

Осы істі жүргізген анықтаушы мен оның басшысы кейін аквапарк директорынан өздері және отбасы мүшелері үшін бірқатар қызметті ақысыз ұсынуды талап еткен. Атап айтқанда, олар кіру билеттерін, мейрамхана қызметін және демалыс үйлерін тегін пайдалануды сұраған.

Басылымның жазуынша, екі полиция қызметкері мен олардың жақын туыстарының тегін демалуынан аквапаркке шамамен 500 мың теңге шығын келген. Кейін тәртіп сақшылары бұл қызметтерді ақысыз пайдалануды жалғастырмақ болған.

Осыдан кейін аквапарк директоры Алматы облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне арызданған.

Арнайы қызмет өкілдері екі полицейді ұстаған. Кейін олардың қызметтік кабинеттерінде тінту жүргізілген. Операцияға Алматы облысы Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері де қатысқан.

Басылым мәліметінше, екі қызметкер де жемқорлық әрекеттеріне байланысты қызметтен босатылған. Қазір анықтаушы мен оның басшысына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Комментарии