Шетелдік туристерге жеке күзет қызметін ұсыну жоспарланып отыр

110
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fVpKiVu12k31ejvGm9ZoFFpMwzjUxNuKhfoPOcjS.jpg

Өзбекстанның ішкі істер министрлігі шетелдік туристер мен елге келетін өзге де қонақтарға жеке күзет қызметін ұсынуды қарастырып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл бастама 9 қыркүйекте Ташкент қаласы қорғау қызметінде өткен кездесуде талқыланды. Жиынға ІІМ қорғау департаментінің бастығы, полковник Қобил Шодибеков және туризм комитеті төрағасының орынбасары Сухробжон Бобокалонов қатысты.

Ведомство мәліметінше, жеке күзет қызметін шетелдік туристерге, ресми делегацияларға, кәсіпкерлерге және елге келген басқа да қонақтарға ұсыну жоспарланған.

Қызмет аясында сапар бағыты бойынша ықтимал қауіптер алдын ала бағаланып, қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылады. Төтенше жағдай болған жағдайда жедел әрекет ету тетіктері де қарастырылмақ.

Сонымен қатар туристік нысандарда заманауи бейнебақылау жүйелері мен техникалық құралдарды кеңінен пайдалану, жедел әрекет ету топтарының жұмысын күшейту мәселелері қаралды.

ІІМ бастаманы елдегі туризмнің қарқынды дамуымен, шетелдік туристер санының артуымен және туристік бағыттардың кеңеюімен байланыстырып отыр.

Жоспар бойынша қауіпсіздік шаралары туристің елге келген сәтінен бастап сапары аяқталғанға дейін қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл үшін туристік бағыттардағы қауіп-қатерлерді талдау, тарихи-мәдени нысандарды, қонақүйлерді, демалыс орындарын және туристер көп жиналатын аумақтарды зерттеу ұсынылды.

Қазір қызметтің құны, тапсырыс беру тәртібі мен оны іске қосу мерзімі нақты белгіленген жоқ.

Комментарии