БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мемлекеттердің бір-біріне қатысты шынайы аумағын дәлірек көрсететін жаңа әлем картасына қатысты қарар қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Нью-Йорктегі штаб-пәтерде өткен отырыста БҰҰ Бас Ассамблеясы XVI ғасырдан бері қолданылып келген Меркатор проекциясынан ресми түрде бас тартып, 2018 жылы әзірленген әрі дәлірек саналатын Equal Earth проекциясын қолдаған. Қарарды 164 мемлекет қолдап дауыс берген, олардың қатарында Қазақстан да бар. АҚШ қарсылық танытса, Эстония, Грузия, Литва, Молдова, Сербия және Украина қалыс қалған.
Қазіргі білім беру материалдарының, навигациялық жүйелердің және цифрлық сервистердің басым бөлігінде тарихи стандарт ретінде фламандиялық картограф Герард Меркатордың 1569 жылы әзірлеген проекциясы қолданылып келді. Бастапқыда ол тек теңізде бағдар алу үшін жасалған, себебі картадағы түзу сызықтар компастың тұрақты бағыттарына сәйкес келеді. Алайда Жердің шар тәрізді бетін жазықтыққа түсіру математикалық тұрғыдан белгілі бір ауытқуларды қажет етеді. Меркатор проекциясында экваторға жақын орналасқан аумақтар көзбен қарағанда кішірейіп, полюстерге жақын аймақтар көлемінен әлдеқайда үлкен болып көрінеді. Осы оптикалық әсердің салдарынан картада Гренландия Африкамен шамалас көлемде бейнеленеді. Ал нақты географиялық деректер бойынша Африка құрлығының аумағы Гренландиядан шамамен 14 есе үлкен.
Қабылданған құжаттың ұсынымдық сипаты бар. Ол Меркатор проекциясын қолдануға тікелей тыйым салмайды, алайда мемлекеттік органдарды, білім беру мекемелерін және технологиялық компанияларды балама карталарды енгізуге шақырады. Жаңа стандарт ретінде Equal Earth («Тең жер») проекциясы ұсынылды. Оны халықаралық картографтар тобы 2018 жылы әзірлеген. Бұл жоба планетадағы барлық өңірлердің аумағын шынайы арақатынаста көрсетеді.
Жобаны БҰҰ-да таныстырған авторлар бірнеше ғасыр бойы аумағы пропорционалды көрсетілмейтін карталардың қолданылуы Африканың нақты көлемін қабылдауды бұрмалағанын атап өтті. Қарардың негізгі мақсаты — әлемдік картографияға жаңа ғылыми стандарттарды енгізу.
Бірқатар мемлекет ішкі нормативтерін қайта қарауға кірісіп те кеткен. Атап айтқанда, Франция Сыртқы істер министрлігі Меркатор проекциясынан біртіндеп бас тартып, құрлықтардың нақты аумағын дәл көрсететін карталарға көшуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын.
Постоянная комиссия Акмолинского областного маслихата по вопросам экономики и бюджета рассмотрела проблемы Степногорской многопрофильной городской больницы
