Президенттің өзі бөліп берген. Вице-президенттің өкілеттігі айқындалды

192
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/E2atTVY9yZA4XTXguLLWWXoAzUliQJTZ3WHwE9VL.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы вице-президентінің өкілеттіктері туралы» жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасының вице-президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық сипаттағы бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етіп, оларды Президентке ұсынады.

Сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен, мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік етеді. Халықаралық іс-шараларға қатысады.

Вице-президент Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарады. Сонымен қатар Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді.

Бұдан бөлек, вице-президент Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия, Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия, Жастар саясаты жөніндегі кеңес және мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссияларды қоса алғанда, бірқатар комиссиялар мен кеңестердің қызметін қамтамасыз етеді.

Жарлықта вице-президенттің өз құзыреті шегінде өкім шығаруға, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге, мемлекеттік органдардан қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратуға және ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы екені көрсетілген.

Вице-президенттің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де бағыттар бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі қамтамасыз етеді.

Құжатқа сәйкес, Үкіметке, Президент Әкімшілігіне және Президент Іс басқармасына жарлықтан туындайтын тиісті шараларды қабылдау тапсырылды.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.

Еске салайық, 31 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Каринді Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметінен босатқан. Кейін Қазақстан Республикасының вице-президенті етіп тағайындаған еді.

Комментарии