Пашинян Қазақстан мен Қырғызстанға TRIPP жобасына акционер болуды ұсынды

472
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LDu8eBs3YlYKPzbd8cRdz6lXeYGrf3JqkMBLj7dA.jpg

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстан мен Қырғызстанға TRIPP жобасының акционері болуды ұсынды. Бұл мәселе Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың телефон арқылы сөйлесуі барысында талқыланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі open.kg-ға сілтеме жасап.

Бұл — Армения аумағы арқылы Әзербайжан мен Нахчыванды байланыстыруы тиіс көлік дәлізі. Бастапқы кезеңде АҚШ-пен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан TRIPP — «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу үшін Трамп бағыты» жобасының 26 пайыздық үлесіне ие болуы тиіс. Ереван осы үлестің 5 пайызын Қазақстанға, тағы 5 пайызын Қырғызстанға беруге дайын.

Осылайша Қазақстан мен Қырғызстан жаңа көлік дәлізінің жай ғана қатысушысы емес, оның акционеріне айналуы мүмкін.

Телефон арқылы сөйлесу барысында тараптар Арменияның теміржолдарын басқаруды Қазақстан тарапына беру мүмкіндігін де талқылады. Астана бұл салада белсендірек рөл атқара алатын әлеуетті серіктес ретінде қарастырылып отыр.

Әңгіме қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Арменияға ресми сапармен бару ниетін растады.

TRIPP жобасы АҚШ-тың арағайындығымен жүзеге асырылып жатыр. Ол Армения аумағы арқылы өтетін және Әзербайжанның негізгі бөлігін Нахчыван Автономиялық Республикасымен байланыстыратын көлік дәлізін құруды көздейді. Жоба Парсы шығанағы мен Қара теңіз өңірлері арасында теміржол қатынасын ашуы мүмкін кеңірек көлік бағытының бір бөлігі ретінде де қарастырылып отыр.

Бұған дейін айтылған ақпаратқа сәйкес, жобаны жүзеге асырумен америкалық компания айналысуы тиіс. Оған инфрақұрылымды 99 жылға дейін басқаруға айрықша құқық берілуі мүмкін.

Қырғызстан үшін TRIPP жобасына ықтимал қатысу, ең алдымен, Еуразиядағы көлік және сауда байланыстарын кеңейту тұрғысынан маңызды. Алайда әзірге бұл тек Армения тарапының ұсынысы болып отыр. Қырғызстанның жоба акционерлерінің қатарына қосылуға келісімі туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Комментарии