Алматы облысында 66 шақырым көшеге алғаш рет жол төселді

236
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Hgz7INocNywhbfL9CYOWnKLcx3bmf2f08BhJyqL2.jpg

Алматы облысында соңғы үш жылда 50-ге жуық ауылдың көшелеріне алғаш рет асфальт төселді. Жаңарған көшелердің жалпы ұзындығы 66,5 шақырымды құрайды. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 1,64 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа жолдар Еңбекшіқазақ ауданындағы Саймасай, Ақтоған, Амангелді, Алмалы, Қорам және Сатай ауылдарында, Ұйғыр ауданындағы Шонжы, Рахат, Ақтам ауылдарында, Талғар ауданындағы Береке, Тұздыбастау, Төңкеріс, Қызылту, Жаңалық және Түзусай ауылдарында, Жамбыл ауданындағы Қарғалы, Үлкен, Шиен, Беріктас, Шолаққарғалы, Үңгіртас және Ынтымақ ауылдарында, Іле ауданындағы Байкент, Жәпек батыр, Казцик, Ақсай, Әли ауылдарында, сондай-ақ Балқаш, Кеген, Райымбек және Қарасай аудандарындағы ауылдардың бірқатар көшесіне төселді. Бұл елді мекендердің кейбірінде тұрғындар асфальт жолды 30 жылдан астам уақыт күткен. Жолдың жаңаруы аталған елді мекендердегі 50 мыңнан астам тұрғынның күнделікті қатынасын жақсартты.

«Биыл ауылымызға алғаш рет асфальт төселіп, көптен күткен мәселеміз шешілді. Жаңбыр жауса, жолдың жағдайы қиындап, көлікпен жүру де, жаяу жүріп-тұру да оңай болмайтын. Енді міне, көптен күткен жолымызға асфальт төселді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Осы мәселені шешуге атсалысқан азаматтарға алғысымызды айтамыз», – деді Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылының тұрғыны Бейбіт Есімбеков.

Жол мәселесі әсіресе халқы көп елді мекендер үшін маңызды. Мәселен, Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылында 20 мыңнан астам тұрғын бар. Биыл мұнда бұрын асфальт болмаған тағы алты көшеге алғаш рет жол төселеді. Жалпы, облыстағы елді мекендердің басым бөлігінде көшелер асфальтталған. Дегенмен, кейбір ауылдарда қиыршық тас пен шағал төселген жолдар әлі де жеткілікті. Оларды да асфальттау жұмыстары жалғасады.

«2026-2027 жылдары облыста тағы 100 шақырымнан астам көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Жоспарға Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле, Жамбыл, Қарасай, Кеген, Райымбек, Балқаш және басқа да аудандардағы елді мекендердің көшелері енгізілген. Яғни алдағы кезеңде де бұған дейін асфальт төселмеген көшелерге жол салу жалғасын табады. Бұл жұмыстарға қарастырылған қаржы көлемі 4,67 млрд теңгеге жуық», – деді Алматы облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов.

Жолдардың жаңаруы ауыл тұрғындарының күнделікті жүріп-тұруын жеңілдетті. Бұған дейін көлік жүруі қиындаған көшелерде қатынас жақсарып, мектептерге, медициналық мекемелерге және аудан орталықтарына жету уақыты орта есеппен 10 - 20 минутқа қысқарған.

Комментарии