Шекараның ар жағынан атылған оқтан бер жақтағы адам қаза тапты

140
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LQfB1bocchEaSyqaOkj6eIeat7PlZPC12ld2t479.jpg

Тәжікстанның Дарваз ауданында Ауғанстан аумағындағы қарулы қақтығыс кезінде атылған оқтан 21 жастағы әйел қаза тапты, деп хабарлайды “Адырна”. 

Шетелдік БАҚ хабарлауынша, оқиға 13 тамызда Дарваз ауданының Даштак ауылында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел үй шаруасымен айналысып жүрген кезде оқ терезеден кіріп, оның бауыр тұсына тиген. Жараланған азаматша ауруханаға жеткізу барысында көз жұмды. Артында кішкентай баласы қалды.

Тәжікстан СІМ мәліметінше, Ауғанстан аумағындағы қақтығыс кезінде «Талибан» қозғалысына тиесілі тікұшақтар Тәжікстанның әуе кеңістігін бұзған. Сонымен қатар атыс салдарынан шекара маңындағы тұрғын үйлерге зақым келген.

Осыған байланысты Тәжікстан СІМ Ауғанстан тарапына наразылық нотасын жолдап, оқиғаға қатысты жан-жақты тергеу жүргізуді талап етті. Қазір елдің тиісті қауіпсіздік және әскери құрылымдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Қақтығыс Ауғанстанның Бадахшан провинциясындағы Нусай ауданында «Талибан» күштері мен командир Джума Хан Фатехке адал қарулы топтар арасында болған. Қарулы қақтығыс 11 тамызда басталған. Тараптар арасындағы текетіреске алтын өндіретін нысандарды бақылау мәселесі және Фатехке жақын адамдардың ұсталуына байланысты дау себеп болғаны хабарланды.

13 тамызда «Талибан» күштері Фатех жақтастарының позицияларына әуеден соққы жасаған. Қақтығыс барысында Фатехке қарасты күштер «Талибанның» Ми-17 тікұшағын атып түсіргені туралы ақпарат тарады. Алайда тікұшақтағы адамдардың тағдыры туралы мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 14 тамызда Дарваз ауданының басшысы Умеджон Носирзодамен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекет басшысы қаза тапқан әйелдің отбасына көңіл айтып, отбасыға қаржылай және моральдық қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ марқұмның кішкентай баласының тәрбиесі мен білім алуына ерекше назар аударуды тапсырды.

Комментарии