Орал тұрғыны Украинадағы соғысқа адам тартқаны үшін сегіз жылға сотталды

276
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dyXURkkt2rKEvPa09aEKcSkCbRvxkywiEy8lqzzL.jpg

Батыс Қазақстан облысында Орал қаласының тұрғыны Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысу үшін азаматтарды тартқаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна".

Бұл туралы БҚО сотының баспасөз қызметі хабарлады. Сот материалдарына сәйкес, ер адам 2025 жылдың ақпан-шілде айлары аралығында азаматтарды шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысуға тартумен айналысқан.

Тергеу мәліметінше, ол Ресейге бірнеше рет барып, сол елдегі қарулы құрылым өкілдерімен байланыс орнатқан. Қазақстанға оралғаннан кейін майданға жіберу үшін әлеуетті кандидаттарды іздеген. Олардың арасында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар да болған. Айыпталушы үміткерлерге әскери қимылдарға қатысқаны үшін қаржылай сыйақы уәде еткен. Атап айтқанда, оларға біржолғы 2,5-3 миллион рубль көлемінде төлем, ай сайын шамамен 200 мың рубль жалақы және Ресей азаматтығын жедел рәсімдеуге көмектесу ұсынылған. Сот отырысында ер адам тағылған айыпты мойындамаған. Ол азаматтарды әскери қимылдарға қатысуға үгіттемегенін айтты.

Алайда сотта куәлар мен жәбірленушілердің жауаптары, сондай-ақ сотталушының ұялы телефонынан алынған мәліметтер зерттелді. Телефондағы хат-хабарларға жүргізілген сараптама азаматтарды тарту әрекетінің болғанын растаған.

Сот ер адамның әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 170-бабының 1-бөлігі бойынша саралады. Яғни ол қарулы қақтығысқа қатысу үшін адамдарды тартуға оқталу және вербовка жасау бойынша кінәлі деп танылды. Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерді. Ал бұрын қылмыс жасағаны жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды. Сот жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазамен сіңіру қағидатын қолданып, ер адамға сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасалуы мүмкін.

Комментарии