Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау ұсынылды

214
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gmu2hE2hdz4XYlpmAdj1rJ7Ia8egquDIz4HLm7GG.jpg

Қазақстанда 2-4-сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау ұсынылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Тиісті өзгерістер оқу-ағарту министрінің бұйрық жобасында қарастырылған. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 21 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Бұйрық жобасына сәйкес, 2-4-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау қалыптастырушы бағалау, тақырыптық және қорытынды бақылау арқылы жүргізіледі. Олардың нәтижелері тоқсандық баға қою кезінде ескеріледі.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, бастауыш сынып оқушыларының білімі диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық және шығармашылық жұмыстар арқылы тексеріледі.

Ал 5-11 (12)-сыныптарда бағалау жүйесін өзгерту жоспарланбаған. Бұл сыныптарда БЖБ мен ТЖБ бұрынғы тәртіппен сақталады. 1-сынып оқушыларына баға қойылмайды.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бастама ата-аналар мен педагогтердің ұсыныстары негізінде әзірленген. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп жүргізілген талдау барысында БЖБ мен ТЖБ бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістіктерін толық көрсете алмайтыны анықталған.

Сонымен қатар жиынтық бағалаулардың оқушыларға қосымша оқу және психологиялық жүктеме түсіретіні ескерілген.

Бұйрық жобасы қоғамдық талқылау аяқталғаннан кейін белгіленген тәртіппен қаралады.

Комментарии