Ерлан Қарин тойда тілек орнына уағыз айтатындарды сынға алды

173
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ujnQTXnDnJ0DauiSGSVgWm1HeMEarBDmkncxWmo6.jpg

Президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында тойда тілек айту кезінде ерсі уағыз айтып, қоғамда қызу талқыға түскен азаматтың әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна".

Ол аталған видеоны көргенін айтып, онда айтылған әйелдерді кемсітетін көзқарастар мен әншілерге, музыка өнеріне қарсы пікірлердің қазақ қоғамының болмысына мүлде жат екенін атап өтті.

Ерлан Қариннің айтуынша, қоғамдық өмірде діни шектеулерден бұрын заң талаптары басшылыққа алынуы тиіс.

«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деп жазды ол.

Ерлан Қарин өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюды асыра сілтеу деп бағалап, еліміздің даму бағыты білімге, ғылымға, өнер мен мәдениетке негізделгенін атап өтті.

«Өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік. Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді.

Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан.

Сол себепті, ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет», - деді ол.

Комментарии