Беларусь төрінде Сүйінбай филармониясына зор қошемет көрсетілді

149
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3dWlG9S3IP7OyFMYlrIJGdRppCVzbX4jl8abHs21.jpg

Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның өнерпаздары Беларусь Республикасының Витебск облысы Глыбокае қаласында 24-25-ші шілде күндері өткен халықаралық «Шие» этнофестиваліне қатысып, қазақтың төл өнерін лайықты таныстырды.

Халықаралық мәдени шарада филармония құрамындағы «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі өнер көрсетіп, фестиваль қонақтарының ыстық ықыласына бөленді.

2013 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шие» фестиваліне Қазақстан, Мьянма, Ресей және Беларусь Республикасының шығармашылық ұжымдары қатысты. Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде Витебск облыстық депутаттар кеңесінің төрағасы Дмитрий Владимирович Демидов қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Глыбокае қаласы – Беларусьтің шие астанасы. Шиелі бақтары мен көркем көлдерінің ортасында орналасқан шағын қаламызға қош келдіңіздер! Өнер халықтарды жақындастырып, бір-біріміздің мәдениетімізді тереңірек тануға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – этностар арасындағы достық пен өзара құрметті нығайту, ұлттық өнер мен дәстүрдің сабақтастығын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу, – деді Дмитрий Демидов.

Фестиваль аясында «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бекназар Қалекеев бастаған Самат Қарабалаев, Нұрсұлтан Егемберді, Әмина Ақылбек, Серік Жұмағали, Айдана Жакман сынды музыканттар қазақтың «Аққу» және «Ақыртас» күйлерін орындап, көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

Ал «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің жетекшісі Бегзат Ағиярұлы бастаған бишілер – Әсел Көбеген, Сынбат Өтегенова, Аяжан Досқанова және Әсел Серікбай ұлттық билердің көркем үлгілерін сахналап, фестивальдің қорытынды концертінде орындалған «Қара жорға» биімен жиналған көпшілікті ерекше тәнті етті.

Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның директоры Сәбит Әбдіхалықов халықаралық фестивальдің маңызына тоқталды.

– Бұл фестивальде әр мемлекет өзінің ұлттық мәдениеті мен өнерін таныстырады. Біз қазақтың қобыз өнерін және сонау 1980-жылдары мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен құрылып, өзі атау берген «Алтынай» би ансамблін алып келдік. Осындай халықаралық өнер мерекелері тәжірибе алмасуға, кәсіби тұрғыдан шыңдалуға зор мүмкіндік береді. Ең бастысы – қазақ халқының бай мәдениеті мен өнерін әлемге танытуға қызмет етеді. Біздің ұжымды үнемі қолдап келе жатқан Алматы облысының басшысы Марат Сұлтанғазиев пен мәдениет басқармасына алғыс білдіреміз, – деді ол.

Фестиваль барысында Минск қаласындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің кеңесшісі Рашид Равильұлы да арнайы қатысып, Алматы облысының өнерпаздарына қолдау білдірді.

Беларусь төрінде өткен халықаралық фестиваль қазақ өнерінің мерейін үстем етіп, Сүйінбай атындағы филармония ұжымының кәсіби деңгейі мен ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде насихаттаудағы әлеуетін тағы бір мәрте айқындады.

Қанат Иса







Комментарии