Еуропада аптап ыстықтан 12 мыңнан астам адам қайтыс болды

152
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/39dTdq7gEq2hgLBggk6dDfmfzqCyWqNE1pyfClXo.webp

Фото: ANTONIO MASIELLO/GETTY IMAGES

Маусым айының екінші жартысында Батыс Еуропада тіркелген рекордтық ыстық салдарынан кемінде 12 мың адам мезгілсіз қайтыс болды. Мұндай деректі 16 шілдеде AFP агенттігі Бельгия, Германия, Испания, Люксембург, Нидерланд, Франция және Швейцария елдерінің мәліметтерін қорытындылай отырып жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Талдауға сәйкес, 22–28 маусым аралығында, аталған жеті елде өткен жылдардағы осы кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 мың адамға артық өлім тіркелген. Ал Ұлыбританияның Метеорологиялық қызметінің мәліметінше, 18–28 маусым аралығында Англия мен Уэльсте тағы 2200-ге жуық өлім тіркелген. AFP зерттеуі Шығыс Еуропа елдерін қамтымаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге мұндай өлімдердің басым бөлігінің алдын алуға болатынын айтты. Оның сөзінше, қажетті ұсынымдар бұрыннан жарияланғанына қарамастан, көптеген үкіметтер аптап ыстықты қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай емес, жай ғана ауа райы құбылысы ретінде қабылдап келеді.

«Үкіметтің бұдан кейін қандай әрекет жасайтыны – өз таңдауы. Биылғы жаз мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсетті», – деді ол.

Германияның Федералдық статистика басқармасының мәліметінше, 22–28 маусым аралығында кей өңірлерде ауа температурасы 41 градус Цельсийден асып, осы кезеңде шамамен 23,9 мың адам қайтыс болған. Бұл екі апта бұрынғы көрсеткіштен 7100 адамға көп.

Ал бұған дейін Роберт Кох институты (RKI) маусымның аса ыстық аптасында 4310 артық өлім, ал жалпы маусым айында шамамен 5100 артық өлім болғанын бағалаған.

Бұған дейін ДДҰ мен Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығының (ECDC) қолдауымен жұмыс істейтін EuroMOMO бағдарламасы Еуропада аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адамның қайтыс болғанын хабарлаған еді. Зерттеу 27 еуропалық елдің ұлттық статистикасына негізделген.

Мәліметтерге сәйкес, аптап ыстыққа байланысты қайтыс болғандардың басым бөлігі 65 жастан асқан адамдар. Өйткені ауа температурасының шамадан тыс көтерілуі күн өтуді ғана емес, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларының асқынуын да туындатады. Мұндай қауіпке егде жастағы адамдар әлдеқайда осал келеді.

Комментарии