Желідегі жасанды белсенділік. Зерттеу нені көрсетті?

154
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/f6lmmVnLBfjxZHG50q5QsPpaBlrjHvDHENHQnG4V.webp

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы цифрлық кеңістікте қоғамдық пікірге ықпал ету үшін қолданылатын заманауи тетіктерге зерттеу жүргізді. Талдау нәтижелері әлеуметтік желілерде дәстүрлі бот-желілермен қатар, аккаунттардың үйлестірілген топтары белсенді әрекет ететінін көрсетті.

Зерттеуге сәйкес, мұндай желілер «сворминг» (swarming) деп аталатын тактиканы қолданады. Бұл әдіс аз ғана қатысушының келісілген іс-қимылы арқылы белгілі бір тақырып төңірегінде қоғамда жаппай қолдау немесе кең ауқымды наразылық бар деген әсер қалыптастыруға бағытталған.

Классикалық бот фермаларынан ерекшелігі – бұл желілер алдын ала дайындалған бірсарынды хабарламалармен шектелмейді. Олар талқылаудың барысына жедел бейімделіп, қажетті тезистерді күшейтеді, пікірталасқа шынайы пайдаланушыларды тартады және белгілі бір көзқарасты көпшіліктің пікірі ретінде көрсетуге тырысады.

Орталық республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде Threads әлеуметтік желісіндегі белсенділікті талдады. 4 ақпан мен 30 наурыз аралығында 350-ден астам аккаунт пен 5 786 жарияланым зерттелген.

Зерттеу барысында:

  • аккаунттардың 71 пайызында иелері туралы нақты ақпарат көрсетілмеген;
  • 52 пайызы белсенді ақпараттық науқан басталар алдында ғана тіркелген;
  • референдум аяқталғаннан кейін олардың шамамен 60 пайызының белсенділігі күрт төмендеген;
  • жарияланымдардың бір бөлігі кейіннен өшірілген.

Бұл белгілер аталған аккаунттардың нақты бір ақпараттық науқан аясында пайдаланылған болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Ақпараттық операциялар қалай жүзеге асады?

Зерттеу мұндай ақпараттық ықпал ету әрекеттерінің ортақ сценарийін анықтады. Алдымен эмоциялық немесе даулы мазмұндағы жарияланым таратылады. Кейін оны өзара байланыстағы аккаунттар пікір қалдыру, репост жасау және реакциялар арқылы синхронды түрде қолдайды. Осыдан кейін талқылауға қарапайым пайдаланушылар қосылып, процесті табиғи қоғамдық пікірталас ретінде қабылдай бастайды.

Нәтижесінде қоғамда белгілі бір көзқарасты көпшілік қолдап отырғандай әсер қалыптасады. Алайда зерттеу көрсеткендей, бастапқы ақпараттық серпін үйлестірілген аккаунттардың шағын тобынан шығуы мүмкін.

Талдау барысында жарияланымдардың синхронды таралуы, бірдей аргументтердің қайталануы, ортақ нарративтердің жылдам таралуы және жекелеген хабарламаларды келісілген түрде күшейту сияқты ортақ белгілер анықталған.

Қосымша зерттеу барысында Қазақстанның сыртқы саяси қызметіне қатысты 114 аккаунттағы 160 материал талданған. Нәтижесінде жарияланымдардың 88,3 пайызы ақпараттық себеп пайда болғаннан кейін алғашқы тәуліктің ішінде таралғаны анықталды.

Сондай-ақ ең жоғары аудиториялық қызығушылық пен белсенділікті теріс сипаттағы контент туғызған. Оның үлесі барлық жарияланымдардың 39 пайызын құрады. Ал зерттелген аккаунттардың шамамен 30 пайызы тәулігіне 9–12 жарияланым жасап, ақпараттық ағынның жоғары қарқынын сақтап отырған.

Мамандардың айтуынша, үйлестірілген белсенділік белгілері тек саяси мәселелерде ғана емес, әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, мемлекеттік реформалар, тарифтер, әлеуметтік төлемдер және қоғамда эмоциялық реакция тудыратын өзге де тақырыптарда байқалады.

Сарапшылар нені ескертеді?

Зерттеу авторлары қазіргі ақпараттық операциялардың басты мақсаты аудиторияны нақты фактілер арқылы сендіру емес, белгілі бір пікірдің қоғамда әлдеқашан басым екенін көрсететін иллюзия қалыптастыру екенін атап өтеді.

Осыған байланысты мамандар әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың көп болуы әрдайым қоғамның шынайы көзқарасын білдіре бермейтінін ескертеді. Кей жағдайда мұндай белсенділік шектеулі аккаунттар тобының келісілген әрекеттері нәтижесінде жасанды түрде күшейтілуі мүмкін.

Комментарии