Мемлекет басшысы премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады

59
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rIk5UTsZxb9VNpgivNS2IcPfsGu6730Up6wsg0jN.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің биылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және экономиканы одан әрі әртараптандыру жоспарлары туралы есебін тыңдады. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды "Адырна".

«Премьер-министрдің мәліметінше, жартыжылдық қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсімі 4,1%-ды құрады. Экономика құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 9,8%-ға, көлік саласы – 7,1%-ға, құрылыс – 15,2%-ға өсті. Сондай-ақ саудада – 5,7%, ауыл шаруашылығында – 4,4%, байланыс қызметтерінде – 4,3% өсім тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,5 трлн теңгеге жетті, оның ішінде жеке инвестициялар ағыны 21,4%-ға артты», – делінген Ақорданың дүйсенбі күнгі хабарламасында.

Олжас Бектенов ұлттық экономика құрылымын нығайту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

«Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың тұрақты жұмыс орны ашылады», – деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы ірі автожол жобаларының жүзеге асырылуы, Астана қаласында екінші әуежай мен Tarlan Astana жобасының екінші кезеңін салу жоспарлары туралы ақпарат берді.

«Құрылыс саласында пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 млн шаршы метрге жеткізіледі. Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 15 трлн теңгені құрады, егіс алқабы 23,8 млн гектарға дейін ұлғайды. Аграрлық секторды қолдауға 1 трлн теңге бөлінді. Бұл ретте бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге 6,5 теңге жеке инвестиция тартылды», – деді Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысына халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың жүзеге асырылуы және инфляция деңгейін төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 10,3%-ды құрады.

Президентке әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдірудің қазіргі нәтижелері, сондай-ақ жұмыспен қамтуды ынталандыру арқылы әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру жөніндегі тәсілдер таныстырылды. Тиімсіз әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жыл сайын 800 млрд теңгеден астам қаражат үнемделмек.

Кездесу барысында алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша бес жылу электр орталығы (ЖЭО) тәуекелдің «қызыл» аймағынан шығарылды, тағы үш ЖЭО «жасыл» аймаққа көшірілді. Биыл тоғыз энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл мақсатқа 384 млрд теңге бөлінді. «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Олжас Бектенов Президент тапсырмаларының орындалуы, цифрландыру және ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жөнінде баяндады.

«Әлемдік IT көшбасшыларымен бірлесіп қуаттылығы 250 МВт болатын инфрақұрылым жасақталуда. Тартылған шетелдік инвестиция көлемі 10 млрд АҚШ долларынан асты», – деді Үкімет басшысы.

Президентке туризм инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары туралы да ақпарат берілді.

«Алматы тау кластерін дамыту туризм саласының ЖІӨ-дегі үлесін арттырады. Almaty SuperSki жобасы белсенді құрылыс кезеңінде. Ұзындығы 60 шақырым болатын жаңа шаңғы трассалары тәулігіне 10 мың адамға дейін қабылдауға мүмкіндік береді. Нысанды 2028 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық жарысын өткізуге дайындық аяқталуға жақын», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына Жаңа Конституцияны іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.

«Заңнаманы Негізгі заңға сәйкестендіру, «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, Алатауды жедел дамитын қала ретінде дамытуға құқықтық негіз қалыптастыру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасын ілгерілету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Ақорда.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тұрақты әрі қарқынды дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды ауқымды көлемде салу бағдарламасын іске асыруды бастау жүктелді. Бұл бағдарлама алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде азаматтардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға бағытталған. Әсіресе, заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға басымдық беріледі.

Комментарии