Лондондағы қазақ қауымдастығының басшысы Исмайыл Кесижи: «Шетелдегі мықты қазақ жастарының басын қосу керек!»

384
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VO8I8hoJ2oipZXETk6wRVnasZq7wFBrqNqeiBnnh.jpg

Исмайыл Кесижи – Лондондағы “Kazakh Centre in the UK”  атты қазақ орталығының төрағасы. Мамандығы – электроника инженері. Өзі – қазақ руханиятының жанашыры. Ұзақ жылдан бері Еуропадағы, оның ішінде Ұлыбританиядағы қазақтардың басын қосып, ұйыстырып, бірлігін арттырумен айналысып келе жатқан қайраткер. Көп кітап оқиды, көп белсенділік танытады. Түркияда туып, Англияға көшіп, Қазақстанда жұмыс істеп, Лондонға тұрақтап қалған қазақ азаматының өмірлік ұстанымы көп азаматқа үлгі десек болады. Лондондағы шаңырағына арнайы барып, “Адырнаға” арнап сұхбат алып қайттық. 
 
Исмайыл аға, бірінші сұрағым сіздер құрған қазақ қауымдастымен байланысты болмақ. Ол қашан құрылды және басты мақсаты не?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін біраз жылға кері шегіну керек. 2002 жыл, мен Қазақстанда біраз жұмыс істеп, Лондонға қайта оралған кезім болатын.Ол жылдары Ұлыбританияда қазақтар қазіргіден аз. Бірақ аз болсақ та, бір қоғам едік. Әрбірі әр жақта тарқап жүрген соң, басымызды қосып тұрайық деп 2002-де «UK Kazakh Assosiation» деген қор құрып, ресми түрде тіркедік. Сосын түрлі жерді жалға алып, пъеса жазып, қойылым қоя бастадық. Актер табылмаған соң, жарым Шолпан екеуміз біресе бала боламыз, біресе кемпір-шалдың рөлін сомдаймыз.

Халықты қызықтыра отырып, иісі қазақтың басын бір жерге жинап тұрайық деген ниетімізге солай жетіп жүрдік. Одан бөлек, Наурыз мейрамын, Ораза Айт пен Құрбан Айтты атап өту арқылы осы жерде өсіп келе жатқан ұрпаққа тәлім-тәрбие берейік дедік. Бір айта кетерлігі, Түркияда Наурыз аса тойланбайтын болғандықтан, оны сол жақтан келген қазақтардың балаларының көңілінде жаңғырту оңай шаруа болмады.  Сосын ойлана келе, қазақ тіліне баулитын мектеп (үйірме) аштық, ол жерде тілмен қоса салт-дәстүріміз де үйретілді. Өйткені бұл жақта дүние есігін ашқан қазақ балаларының 90%-ы қазақша білмей өседі. Түркиядан келген қазақтардың әке-шешелері түрікше теледидар көрсе, балалары ағылшынша өнім тамашалайтыны анық. Содан жастар аздап түрікше білсе де, қазақша білмей өсіп жатты. Аз да болса қазақша үйретейік деп ойладық. Сол жылдары “Болашақпен” Англияға келген жас студент қыздарымыздың ішінен мұғалім таңдап, сабақ өткіздік. 
Қазақтың басын біріктіру деген мақсатымыз күшейе берді. 2009 жылы Лондонда Еуропа қазақтарының Кіші Құрылтайын ұйымдастырдық. Мұқым дүниеден 1500-дей қазақ жиналып, Ресейден бастап, Моңғолия, Еуропа, Малайзиядан келген өкілдер бас қосты. Тіпті Йорданиядан бір көк көз азамат келіп, «Менің түбім қазақ екен, аталарымнан анықтап келдім», дегені есімде. 


Ал ең алғаш құрған кезде, ұйымда неше адам болған еді?

– Қоғамдастықты ресми түрде тіркеген бес кісі болдық. Ол кезде бізде 50-60 отбасының басын қостық. Сосын жастарға да бір ұйым жасайық деп, «UK Qazaq FC» деген футбол клубын құрып, оны апарып Лондон футбол ассоциациясының Азия лигасына тіркедім. Яғни төрешісі бар, ішкі тәртібі бар ресми команда еттік.

Кейінірек аяғымды сындырып алдым да, екі жылдай жатып қалдым, содан команда тарқап кетті. Оған кезінде қазақ балалары жетпеді, қазақ жетпесе қырғыз, өзбек, түрік балаларды да тартайын деп, 40 шақты футболист жинай алдық. Олай етпейінше лига тәртібіне сай болмас едік.

Кейінірек FEKA деген Еуропа қазақтарының федерациясын құрдық. Оған мүше болған елде тұратын қазақтар өздерінің он жылдық жоспарын жасап әкелуге тиіс болатын, әрі жыл сайын бір елде қазақтардың Құрылтайы өтетіндей еттік. Егер қандай да бір елдегі қазақтар Құрылтай ұйымдастыруға жағдайымыз жоқ десе, оған ақшалай да, рухани да қолдау білдірдік. Соның арқасында 3-4 үй ғана қазағы бар дейтін Норвегияның өзінде Құрылтай жасай алдық. Қазіргі таңда  елдегі “Отандастар” деген сияқты  ұйымдар  журналистерімен шетелге барады да, ол жақтағы

Құрылтайды «Біз жасап келдік!» деп мұқым Қазақстанға  өзінше жария етіп жатады. Негізі оны ұйымдастыру кемі бір жылдан астам жүгірісті талап етеді. Демеуші іздеу, халықтан ақша жинау, өтетін жер іздеу деген мың сан шаруасы бар. Ал соның бәрін атқарып жатқан біз секілді азаматтар жоқ сияқты болып көрінеді...
 
– Иә, сондай көзбояушылық ешкімге керек емес қой. Біздікілер кейде сондай ұят тірлік жасайтыны қынжылтады… Сіздер оның бәрін ұрпақтарыңыз, жастар үшін ұйымдастырып жүрсіздер ғой, негізі.

Иә, сол  жастарға көңілді одан да жақсырақ бөлейік деп, “Еуропа қазақ жастарының конференциясы” деген ұйым құрдық. Өйткені Еуропада университет бітіріп, маман болып шыққан жастардың да басын қосу керек деп шештік. Ұмытпасам, 2020  жылы болса керек, “Қазақтың туғаннан өлгенге дейінгі дәстүрлері”  деген іс-шара өткізгенбіз. Ол үшін Еуропада туған 6 бала және Қазақстанда өскен 6 баланы қосып, бірнеше топ жасадық. Сосын сол 12 адамдық әр топқа бір тақырып бердік.

Мәселен, бір топқа «Бала өмірге келгенде жасалатын қазақтың қандай дәстүрлері бар?» деген сұрақ түссе, екіншісіне «Құдалық өткізудің жөн-жоралғысы» деген тақырып, үшіншісіне «Кісі қайтқанда қандай ғұрып жасалады?» деген сауалдар қойылды. Сосын барлығына ортақ екі сағат берілді, сол уақыт аралығында 12 жас өрен бірі-бірімен кеңесіп, тақырыпты талқылап, жауап беруге дайындалды. Мәселен, Франциядан французша сөйлеп келген, қазақшасы аз қазақ баламен қазақстандық бала аралас-құралас болып, бірігіп презентация жасаса, екінші столда Германияда туып, немісше сөйлеп өскен қазақ балалары  Қазақстанда туып, орысша сөйлейтін жастармен тіл табысып, өз тақырыптарын талқылады.

Дегенмен, олардың бәрін қазақ қаны ортақтастырғандықтан, бір-біріне тартылып, тез-ақ бауыр басып кетті. Ол шарамызды таңғы 9-да бастаған едік, кешкі 6-да аяқтап, «Болды, енді тарқаңдар!» десек, жастар кеткісі келмей қызық болды. Сосын көңілдерін қимай, дереу жан-жаққа хабарласып, бір боулинг орталығын таптым да, сол жерге жібердім. “Барыңдар, қалғанын сол жерде жалғастырыңдар!» дедім. (Күледі). Тілімен табыспаса да, қанның қалай тартатынын сол кезде көрдім. Қазақстанда туып-өсіп, бірақ қазақшаны жетік білмеген балалар сол жолы: “Бұл жерде қазақша дұрыс білмегеніміз ұят екен!..” деп, намысқа тырысып, кешке дейін олар да сөйлеп кетті.

Соңғы 3-4 жыл бұрын, енді басқалар да жүргізсін деп, қоғам жұмысын қойған едім. Аз емес, 20 жыл жүрдім ғой. Сол қазақ ұйымына жетекшілік етуді өзіне алған келесі азаматтар оны «UK Kazakh Turk Association» жасады. Бірақ оның бір келеңсіз тұсы, Түркиядан келген қазақтар өз-өздерінің ішінде қайнап, сәл оқшаулана бастады. Ал негізі Қазақстаннан, Моңғолиядан және басқа елдерден келетін қазақ көп, бұл жақта. Олардың да басын қосу керек қой. Сол ой 2-3 жыл бойы мазалап жүрді де, “Kazakh Centre in the UK”  деген ұйымды қайта құрдық. 2025 жылы ресми тіркедік. Оның мақсаты – жалпы қазаққа, иісі қазаққа ортақ ұйым болу. Ұлыбританиядағы қазақ мәдениетінің орталығы. Қай жерден келсе келсін, бізге бәрібір.

Осы биыл үлкен етіп Наурызды өткіздік. Британдыққа тұрмысқа шыққан 200-300 қазақ қызы бар, оның сыртында Қазақстаннан жұмыс барысымен келіп, осы елде тұрып жатқандар бар. Сондай-ақ маусым сайын құлпынай теруге келетіндер, тіпті мерзімі біткен соң қалып қойып жатқан да қазақтар көп. Құрылыста болсын, басқада болсын, әйтеуір тіршілігін жасап жатыр. Өкінішке қарай, кейбіреуінде  рұқсат құжат та жоқ, визасы толып кетсе де, тәуекелмен жүргендері де бар. Сондай қазақтарымызға да көмек қолын созғымыз келеді. 
 
Исмайыл аға, осы бір  қазақылықты сақтау, қазаққа қамқор болу деген өзіндік миссия жолыңызда бұрын білмеген немесе аса аңғармай келген не нәрсеге көзіңіз жетті дей аласыз?

– Өзіңіз білесіз, біз басқа елде туып-өскен қазақ болғандықтан, көп нәрсені білмедік. Қазақстаннан келген қазақтың кейбір сипатын, кей қылығын көріп түсіне алмай, мұнысы қалай дейтінбіз. Шынын айту керек, әсіресе Түркия қазақтары әлі де дүниетанымдық қайшылықтарды ұға алмай, атамекендегі қазақтарға қарап: “Олар басқаша” дейтіні бар. Негізі “олар” ғана емес, екі жақ та өзгерген.

Мәселен, біздер түрік менталитетін біраз сіңіргенбіз. Апалардың орамал салу әдісіне дейін солардыкіндей. Екінші жақ біраз орыстанып кеткен дегендей. Қарапайым ғана мысал, тілін дұрыс білмей жатады, дастарханға арақ қоятындар бар. Арғы жақтағылар мына жаққа, мына жақтағылар арғы жақтағыларға: “Сен қандай қазақсың, өзі?” деген сұраулы жүзбен қарайды. Екі тарап арасында аздаған заңды түсініспеушілік бар. Сонымен не керек, сол екі тараптың арасына алтын көпір салу керек болды. Оны өзім қалай бастадым десеңіз, Қазақстаннан әйел алдым  (Күледі). Сосын ана жақты толық түсіндім, ал мына жақты онсыз да білетінмін. Бұрынғы  сан сауалға екі жақтың да көзқарасын бағамдай отырып, тез әрі жақсы жауап табатын болдым. Екі жақтың да менталитетін ұғып тұрамын. Ең маңызды деп түйгенім сол болды. 

Қарап отырсам, бұрындары кемшілігіміз көп болыпты. Тіл мәселесіне аса мән бермеппіз. Сол үшін жастарымызды қалай да қазақша білуге үйретуіміз керек деп шештім. Тіл үйрену мектебін міндетті түрде ашуымыз қажет болды. Бірақ үйде қазақ тілінде сөйлеспеген соң, аптасына бірнеше сағат қана үйретуден нәтиже аса болмай, шайылып кетіп отырады екен. Сосын қатты ойнала бастадым, не істеуге болады деп. Біздің қолымыздан келмейді, бірақ бір білетін нәрсем, түрлі құралдан ақпарат алатын қазақша медианы күшейту керек. Онсыз болмайды. Әке-шешесі баланы қандай ақпарат алып жатқанына мән беріп қарамаса, бәрі бекер екен. Бүкіл дүниедегі қазақтардың ортақ тағдыры сол: ата-анасы сөйлесе де, балалары қазақша білмей барады. 
 
Сөзіңіздің жаны бар. Сіз шетте отырып балалар қазақша білмей барады дейсіз, елде отырып-ақ ұл-қызын орысша шүлдірлетіп отырғанына арланбайтындар қаншама?...

– Негізі жеке азамат ретінде де, тіркелген ұйым ретінде біраз шаруа атқарыпсыздар. Мақсатқа толық жеттіңіздер ме? Бәріне түгел жете алмай келеміз, сол  (Күледі). Бізде идея мол болды. Германияда, Швецияда, Францияда, Англияда дүниеге келіп жатқан қазақ балалары көп. Олар сол жерде туып, өсіп, білім алып жатыр. Кейбірінің қызметі өсіп, жергілікті әкімшілікке сайланып жатыр, кейбірі дипломат болуда. Мәселен, Швецияда, Францияда, Түркияда дипломат қыздарымыз бар.  

Жиырма жылдан бері Қазақстанға айтып келемін. Сол мықты жастарымыздың басын қосуымыз керек. Олардың қазақ екенін сезіндіріп, рухани дүниесін байытуымыз қажет. Неге дейсіз ғой? Қазір мұқым әлемге қарап отырсаңыз, дүниені басқаратын лоббилер бар. Еврей лоббилері, армян лоббилері. Сол сияқты тарыдай шашылған қазақтың ұрпағының бір бүйрегі Қазақ еліне бұрып тұратындай етіп өсірсек, Еуропадан да қазақ мүддесін көздейтін лоббилер шығар еді.

Мәселен, алда-жалда әлемдік биік мінберден Қазақстанға қарсы  сөз айтылып қалса, дүниенің бір жерінде сол ұлтымызды қорғап тұратын ұрпақтары болуы қажет. Аумалы-төкпелі кездерде сол елдің саясатын Қазақстанға жайлы, тиімді етіп бұратын, қазақ игілігін қорғап, медиаға шығып сөз айта алатын жанашырлар солар болмақ. Жалғыз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ғана артып қою аздық етеді. Осы ойымды 20 жылдан бері қазақ қауымдастықтарына да, Дүниежүзі қазақтардың құрылтайында да айтып келемін. 

Тағы бір дүние. Бұрындары “Болашақпен” оқуға келген балалардың шамамен 90%-ы қазақша білмейтін. Сол кезде Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайында осы мәселені мінберге алып шықтым. Олар – Қазақстанның келешегі болатын балалар, ал мемлекетіміздің тілі қазақ тілі екені рас болса, ана тілін білмейтін балалар ол жерде не жұмыс істеп, қалай пайдасын тигізе алады деп сауал тастадым. Өйткені сол жағдай қатты намысымызға тиіп жүрді. Қайта-қайта осы мәселені көтере берген соң, кей замандастарым: “Исмайыл қойшы енді, қазақ тілінен экзамен алатын болдық қой”, деп күлгені де бар. Бір жолы Оксфордқа шаруаларыммен барған едім, таксист пәкістандық екен. Менің қазақстандық екенімді білген кезде, сол қаладағы қазақ балалары туралы “Еее, олар орысша сөйлейтін қытайлар ғой” демесі бар ма? Сол таксистің бір ауыз сөзі басыма шегедей қағылды. Содан қазақ тілін үйрететін мектебіміздің жанынан қазақша сөйлейтін сөйлеу клубын, ағылшынша айтқанда, “Qazaq speaking club” дегенді іске қостық. Бір-бірімен танысқысы келген немесе жай ғана қазақша сөйлескісі келген қазақтар соған жиналып, шай мен бауырсағымызды алдымызға қойып, жай ғана еркін әңгімелесеміз. Бір-бірінен естіп келіп жатады. Ол клубтың жұмысы басталғалы бір жылдан асты. Айына бір рет тұрақты түрде жиналамыз. 

Наурызды да ерекше етіп ұйымдастырып жүр екенсіздер.

– Иә, ол да өрісіміздің кеңеюіне жол ашып жатыр.  Наурыз мейрамын ұйымдастырар алдында тағы да адамдар жиналып, топтарға ұйысты. Сол арқылы да бірталай қазақ бір-бірімен танысып алды. Мысалы, биылғы Наурызды ұйымдастырғанда, нақты қанша кісі жинайтынымызды білмедік. Содан ойлана келе, шамамен деп 100 кісілік зал алдық. Енді сатылған билеттерді қарасақ, 150-180 болып кетіпті. Содан әрбірден соң, болды, осымен тоқтаңдар деуге тура келді. (Күледі). Іс-шарамыз өте жақсы өтті, бәрі риза болып тарқасты.  Енді түсіндік, алдағы уақытта 200-500 кісілік жерді қорықпай ала берсек болады екен.
 
Сіз Еуропаның өзінен қазақ қызын іздеп алсаңыз да үлкен ерлік болар еді, алайда сіз Түркияда туып, Англияда есейсеңіз де, атамекеннің азаматын өмірлік жар етіпсіз. Бұл нақты мақсат па, кездейсоқтық па, әлде құдайдың жазғаны ма?

– Ол былай. Біріншіден, мен он екі жасымда, 1974 жылы бірінші рет кирилл алфавитімен таныстым. Үйрететін ешкім жоқ, сол әліпбиді өзім қолыма алдым да, оқуға талпындым. Солай жүргенде, Алматыда орналасқан  “Отан” қоғамының адресі қолыма түсті. Оларға хат жаздым. Сол хатыма үш айдан кейін жауап келді. Қазақстан егемен болғанға шейін, мен сол қоғамға тұрақты хат жазып тұрдым. Кейін Англияға келген соң да жаза бердім. Одан бөлек университетте оқып жүргенде, бөлмемді Қазақстан символдарымен сәндеп қоятынмын. Бірақ Түркияда нақты “Қазақпын!” деп көп айта алмадым, өйткені “kazak” деген сөз олардың тілінде “жемпір” дегенді білдіреді, сондықтан “қазақпын” дей қалсаң, жемпірге теңеп мазақтай жөнелетін. Мен оқып жүрген, Грекиямен шекаралас орналасқан Текирдаг деген қалада менен басқа қазақ та жоқ болатын. Сондықтан Түркияда жүргенде, көбінесе “Түркістандықпыз” деп айтатынбыз. Солай Қазақстанмен байланысым бала кезден басталған еді. 

Тәуелсіздік алмай тұрғанда, 1991 жылы Н.Назарбаев 3-4 компания құрады. Сол жылы Лондоннан офис ашамыз деп осы жаққа келді. Біреулер арқылы маған да хабарласты. Қандай жұмыс деп сұрасам, бүкіл Қазақстанның мұнай, газ, алтын, хромын сатумен айналысады екен. Ол кезде қазақстандық тарап орысша тілдесе алатын югославиялықтардың көмегіне жүгініп, жұмыс бастап жатыр екен. Олар Лондонның шеткерісінен бір үй алып, соны офис  етейік деп көрсетіпті. Мен барып көрдім де, “Бұл жер офиске жарамайды. Айтқандарыңа қарағанда, сендерге офисті халықаралық биржа  London Metal Exchange-ге жақын жерден алу керек”, дедім. (London Metal Exchange маңында орналасу халықаралық шикізат компанияларына қаржы институттары мен трейдинг экожүйесіне жақын болуға мүмкіндік берген. – Автор). Апарып көрсеттім, сол жерден офис жалдады. Компания жұмысымен 6 ай сайын екі қыз жұмысты жүргізуге келіп тұрды, өйткені виза сонша уақытқа ғана берілетін. Ол кезде барлық халықаралық байланыс Telex жүйесімен жасалатын. (Интернетке дейін халықаралық компаниялар, банктер, трейдерлер, тасымалдаушылар қолданған мәтіндік байланыс жүйесі. – Автор). Осылайша Қазақстанның бизнесі шетелде Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып басталған болатын. 1992 жылы сондай 6 айлық іссапармен Шолпан келді. Хитроу әуежайынан өзім барып қарсы алдым, таныстық. Ұнаттым. Мерзімі біткен соң, Шолпан елге қайтты. Марқұм әкем үйде ауырып жатқан, ал мен Қазақстанға Стамбул арқылы іссапармен шапқылап жүрдім. Сонда әкем: “Е-е-е, балам! Қазақстаның егемендік алды. Енді сол жақтан барып қыз ал, қаныңды тазарт”, деді. Ол да бір қосымша тапсырма секілді болды, маған. Түркиядан атамекенге көшіп барған молда кісі бар екен, соны тауып алдым да, Шолпандардың үйіне ертіп бардым. Әке-шешесінен рұқсат сұрап, сол жерде молдаға некемізді қидырттық, артынша ресми некеге тұрдық. Кейін Алматыдағы Шолпанның достары қонаққа шақырды. Шаңырақ иесінің әкесімен таныстым. Зейнеткер екен. Сөйлесе келе бір әңгіменің шетін шығарды: “Бұрын Түркиядан, кейінірек Англиядан бір бала бізге хат жазушы еді”, деді. “Аты кім еді?.. Исмайыл емес пе?” десем, “Иә, Исмайыл!” демесі бар ма? “Ассалаумағалейкім, тағы да. Сол бала мен боламын!” дедім. “Отан” қорындағы хатыма жауап берген азаматпен тағдыр бізді солай қауыштырды. 

Керемет! Исмайыл аға, сіздің негізгі мамандығыңыз не еді? Түркиядан Англияға келуіңізге не себеп болды? Сондай-ақ қолоөнермен де  хобби ретінде айналысады  екенсіз, оны кім үйретті?

– Менің университетте оқыған мамандығым – электроника инженері. Оқуымды бітірген соң, Түркияда Soni компаниясында жапондармен бірге жұмыс істедім. Аудио мен видео жағында. Сосын түрік әскерінде 1,5 жыл болып қайттым. Ол жақтан келген соң, бір газеттің электрондық сервисін басқардым. Солай жүргенде анамыз қайтыс болып,  отбасымыздағы тоғыз бала жетім қалдық. Менен үлкен екі ағам бар еді, ал менен кейінгілер он жеті, он бес, он үш, тоғыз, жеті жасар еді. Соларды бағу мойынға түсті, содан амал жоқ, Түркияда жетпеген соң, шетелге кетіп ақша табуға бел будым. Ол заманда бізге виза қажет емес еді.Солай келіп, Англияда тұрақтап қалдым. 
Әуелден Түркиядағы бүкіл қазақ отбасының үйінде бір  кішігірім цехы болатын. Қазақтар ешқайда барып жұмысқа жалданбайтын, өз үйінің бірнеше бөлмесін цехке арнап, былғары-теріні өңдеп, тігіп, соны сатып, бала-шағаны асырайтын. Басқаша айтқанда, отбасылық бизнес. Бала кезден соны көріп, істеп өстік. Тігін машинасына отырып, бірдеңе тікпек болып, талай рет бармағымызды да тігіп алғанбыз. Сол қабілетім Англияда іске жарады. Ол заманда бұл жақтың текстилі қатты дамып тұр еді. Жұмысшыға сұраныс көп, ал зауыттарда істейтін адам аз. Сондай бір жұмысқа кірісіп кеттім де, бірінші жұмада 100 фунт таптым, екінші жұмада 150  фунт таптым. Ол кездің фунты қазіргіден әлдеқайда құнды болатын. Сол жұмысқа сұраныс көп болғандықтан, басқа жұмыс іздемедік, біз. Дегенмен ата кәсібімнің үстіне инженерлік білімім де болғандықтан,  үлгіні қалай ұстау керек, ол қалай сызылады, соның бәрін тәжірибеде дамытып алдым. Содан қарапайым тігіншіден дизайнер қызметіне ауыстырды. Англияның атақты дизайнерлерімен жұмыс істедім, соның арқасында қолөнерімді одан сайын дамыттым десем болады. Қазір 64-ке келдім, үкімет жұмысына бармаймын, бірақ үйде цехым бар, сол жерде отырып, ұлттық элемент қосып, бірдеңелерді жасаймын.  Бұл да бір шабытқа ұқсаған нәрсе. Кейде 15-20 күн бойы шеберханама кірмей, сосын бір кезде ой түскенде, бас алмай жасауым мүмкін. 
 
Бәрекелді! Енді ұл-қыздарыңызға келсек. Балаларыңыз не нәрсеге қызығады, неше тіл біледі? Оларды тәрбиелеудегі Шолпан ханым екеуіңіздің басты ұстанымдарыңыз қандай?

– Біріншіден, басқа бір елде жүрген соң, мәдениет далада басқа, үйде басқа. Кішкентай кезімізде Мұрат ұлымыз анасына: “Мама, біз неге христиан емеспіз?” деп сұрағаны бар. “Не болып қалды? Неге христиан болғың келді?” десе, “Мен «Харибо» жегім келеді” деп жауап берді. “Харибо” мармеладында  шошқадан алған желатин бар деп жегізбедік қой. Мен де басқа елде өскендіктен, балалардың сондай шектеулермен өскені қандай болатынын жақсы білемін. Үйде – қазақша, далада түрікше болдық қой. Ал біздің балаларымыз үйде – қазақ, далада – ағылшын. Бір жағынан, мектепте жақсы оқытуымыз қажет болды, екінші жағынан, үйде қазақша сөйлесуге барынша тырыстық. Біз үйде қолданғандықтан, қазір олар ана тілінде еркін сөйлей алады. Түркияға барсақ, олар түрік тілін де тез қағып алып, кішкентай болса да, далада түрікше сайрап жүретін.  Өйткені ол елде түрік ортасы өте мықты.

Қызым Салтанат орысша да біледі. Өйткені ол Қазақстанда тұрған кезімізде 1995 жылы туған. Кішкентай кезі сол жақта өтті. Сондықтан ол қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше біледі. Ұлымыз Мұратта орысша аз, ол 2001 жылғы. Мен ол сәл өскенде,  Құранды да біліп жүрсін деп, сенбі күндері түрік мешітінде оқыттым. Содан ол қазақша, ағылшынша, түрікше біледі. Жалпы үйіміздің ішінде төрт тіл жүреді: Шолпан мектепте орысша оқыған, содан достарымен орысша сөйлесіп жатады.  Ұлымыз екеуміз кейде түрікше сөйлесуіміз мүмкін. Бірақ баршамызға ортақ тіліміз – қазақ тілі. 


Енді бүгінгі сұхбаттың соңғы сұрағын қойсам деймін. Арманыңыз не, Исмайыл аға?

– Білесіз бе, адамдар негізі ертеңіне қатысты көп арманын айтып жатады ғой.  Ал қартайған сайын адам “ертеңінің” де азаятынын сезеді екен. Өткен жолы  бір жарым ай бойы  Қазақстанға, Түркияға сапарлап, қыдырып келдім. Балаларға кейде айтамын, менің ертеңім бітіп бара жатыр, ысыруды қойыңдар деп (Күледі). Бірақ адам баласында арман бітпейді екен. Адам өзін өлмейтіндей ойлайды. Тек уақыт тықылдап жатыр, ал ажал деген аяқ астынан да келуі мүмкін. Біз ескірген машина секілдіміз: оның темірлері сынып, бұзылып тоқтауы немесе  соғылып тоқтауы мүмкін. Менің ең үлкен арманым бала кезде болыпты. Ол елімнің егемен болуы, азаттық алуы еді. Жаныма сол бататын. Англияға келген соң да соған қатысты намысыма тиген оқиғалар болды. Тоқсаныншы жыл. Бір күні Лондондағы таныстармен дүниенің саясаты туралы сөйлесіп отырдық.  Ағылшын бар, француз бар, бангладеш бар, пәкістандық бар, түрік бар, анау бар, мынау бар. Сол жерде мен сәл көп сөйлеп қойдым ба, білмедім, бангладештің азаматы маған тиісті: “Әй! – деді, маған.  – Мен бангладештікпін. Дүниенің ең кедей мемлекетімін. Жыл сайын менің елімді су басады. Мұқым дүниеден қайыр сұраймыз. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымына қарашы, менің жалауым тұр. Сен “Қазақпын, қазақпын!” дейсің. Қазақ деген не? Қане? Қай жерде, жалауың?  Кімсің сен?..” Сол сөздері өте ауыр тиді. 
Сосын құдайдан күні-түні  тілейтін болдым: “Мен бай болмай-ақ қояйын, елім егемен болсыншы!” деп. Соған жеттім. Ең басты, ең үлкен  арманым орындалды. Ендігі тілек, тәуелсіз еліміз аман болсын, қазақтың ұрпағы соның астында жүріп, қызығын көрсін дейміз. Қазіргі арман сол шығар.

Әрі қарай сұқбатты ағамыздың жары Шолпан Кесижи-Күзембаевамен жалғастырдық.
 
 – Шолпан ханым, сіз бұрында Англияда тұрамын ойлап па едіңіз, жалпы? Сондай-ақ 30 жылдық отбасылық өміріңізде басты түйген ойыңыз қандай?

– Өмірімде алғаш рет Ұлыбританияға келгенде, ешқашан осында қалып қоюым мүмкін деп ойламадым. Кеңес үкіметі кезінде мектепке бардық, сол заманда университет  оқыдық. Алайда менің тағдырым солай жазылған екен: Англияға келіп, Исмайылмен таныстым. Оған дейін Қазақстанды тастап кетемін-ау деген  ой ешқашан басыма келмепті.  

Осындай тағдырға ризасыз ғой?

– Бір жағынан көп қиыншылықтар болды. Дегенмен жалпы алғанда, әкем мен шешем берген тәрбие, елім сіңірген дүниетанымның арқасында осында келіп, сіңіп, қазіргі дәрежеге жетіп отырмын деп ойлаймын. Әкем Мәжит Күзембаев көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді, Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп келген соң, Оралда қаракөл шаруашылығын дамытып, «Еңбек Қызыл Ту орденін” алған жан.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыл шаруашылығын таратып, халық жұмыссыз қалғанда, қатты қынжылып, өзінің батыл, жанашыр, көреген ойларын айтып отыратын. Анам Әбілова Зура Сүндетқызы, үлгілі дәрігер болатын. Өзім орыс мектебінде оқысам да, әкемнің қазақ рухты тәрбиесіне қанып өстім дей аламын.  Қазір құдайға шүкір, ұл-қызымыз  да өсіп, жетіліп, аяқтарынан тұрып, жұмыстарын істеп жүрген кезге келдік.

Олардың осы жақпен байланысты өз армандары бар. Ал өзімізге келер болсақ, зейнетке шыққан соң, Қазақстанымызға оралып, қалған өмірді сонда сүреміз деп жүрген едік. Бірақ қазіргі жағдай: соңғы жылдардағы Ресейдің соғысы, әлемдік геосаясаттың өзгеруі сол жоспарымызға кедергі келтіріп тұр. Шыны керек, тіпті менің осынша жыл араласып келген, елдегі кей достарым сол соғысты жақтағанын көріп, өзімді жоғалтып алғандай болдым. Бұрын сеніп келген құндылықтарымыз тапталып, құнын жойып кеткендей көрінеді, қазір. Қырық бес жыл бойы өте жақын араласқан достарыммен арамыз сол соғыстан кейін суып қалды, кейбірі тіпті Путин үшін мені өмірінен сызып тастауға дейін барды. Содан кейін Қазақстандағы жалпы ахуал қандай деп ойланып қалдым. Құдай бұйыртса,  әлі де бәрі өзгерер деп үміттенемін. Шындық жеңеді, әділдік орнайды деп сенемін. 
 
Үмітіңіз ақталсын. Үмітіміз ақталсын! Исмайыл ағаға да да осы сұрақты қойған едім, арманыңыз не?

– Өзім шетте тұрсам да,  ойым, жүрегім Қазақстанмен байланысты. Қазақ халқын құрметтейтін адам елді билесе, қазіргі шет елдерде қара жұмыс істеп қаңғырып жүрген жастарға, өзге елдің дамуына үлесін қосып жатқан білімді, білікті жастарға жаны ашып, өз елімізде жағдай жасап, пайдасын өз қоғамымыз көрер еді. Қазір қазақ қоғамында материалдық байлық бірінші орынға шығып кеткендей көрінеді, ал рухани құндылықтар кемшін болып жатыр.  
Арманым сол, туған елім – Қазақстан мемлекеті дамыған демократиялық елдер қатарына қосылса деймін. Халық мүддесі алдыңғы орынға шықса,  өз қалауынан қарапайым халық қалауын биік қоятын  жақсы басшылар болса деп армандаймын.

Сұхбаттасқан Алма Сайлауқызы

Лондон

Ұлыбритания

Комментарии