Пезешкианның отставкасы жайлы ақпарат тарады. Тегеран пікір білдірді

263
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PluizIamVbr6LmHKSTO0c21vAOluHBrnwI2MXTcD.jpg

Iran International телеарнасы Иран президенті Масуд Пезешкианның елдің жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеидің атына отставкаға кету туралы өтініш жазғанын мәлімдеді. Тегеран бұл ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды «Адырна» тілшісі  РБК-ға сілтеме жасап.

Телеарна бұл мәліметті жағдайдан хабардар дереккөздерге сүйене отырып жариялаған. Хабарламаға сәйкес, Пезешкиан хатында елді басқару ресми мемлекеттік институттардың шеңберінен шығып кеткенін және биліктің негізгі тетіктері толықтай Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) құрамындағы белгілі бір қолбасшылар тобының бақылауына өткенін ескерткен. Оның айтуынша, ИРСК ықпалының күшеюі салдарынан президент пен үкімет маңызды шешімдер қабылдау процесінен шеттетілген. Сондықтан мұндай жағдайда үкіметті басқару және заңмен жүктелген міндеттерді орындау мүмкін емес екенін айтып, шұғыл түрде отставкаға жіберуді сұраған.

Сондай-ақ телеарна ИРСК президент әкімшілігінің өкілеттіктерін біртіндеп қысқартып, іс жүзінде биліктің негізгі секторларын өз бақылауына алғанын хабарлады. Бұл жағдай Пезешкиан үкіметін саяси тығырыққа тіреп, АҚШ-пен арадағы шиеленісті реттеуге бағытталған дипломатиялық қадамдарды жүзеге асыруға кедергі келтіргені айтылған.

Иран президенті әкімшілігінің коммуникациялар жөніндегі бөлім басшысының орынбасары Мехди Табатабаи X әлеуметтік желісінде бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Шетелдік ақпараттық желі таратқан қауесеттер – бұрыннан келе жатқан мағынасыз ақпараттық ойындардың жалғасы. Олар шындықтың орнына өздерінің қалауын жариялады. Президент халыққа қызмет етуден бас тартпайды, дәл сол сияқты Иран халқы да бірлік пен қарсылық жолынан таймайды», – деп жазды ол.

Өз кезегінде Иран үкіметі жанындағы ақпараттық саясат жөніндегі кеңес төрағасы Эльяс Хазрати да Пезешкианның отставкасы туралы мәліметті теріске шығарды.

«Кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен олармен байланысты желілер тағы да президенттің қызметінен кетуі туралы қауесеттерді таратты. Бұл ақпараттың шындыққа еш қатысы жоқ және бұған дейін бірнеше рет жоққа шығарылған», – деді ол.

Iran International жарияланымынан кейін Иран үкіметінің ресми өкілі Фатиме Мохеджерани де X желісінде Пезешкиан кабинеті «елдегі мәселелерді шешу бағытындағы жұмысын жалғастырып жатқанын» жазды.

Пезешкиан Иран президенті болып 2024 жылдың шілде айында сайланған.

Комментарии