Ақмола облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті

297
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZzfZHFkRo0wOIHeZj9MD5QZEhV6Qe4WNoIjH0dhL.jpg

Ақмола облысы аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында табиғи бастау көздерін қорғау мен абаттандыруға бағытталған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Игі бастама өңірдің төрт ауданын қамтып, тұрғындарды ортақ экологиялық жауапкершілікке жұмылдырды.

Зеренді ауданының Бәйтерек ауылдық округінде өткен акцияға аудан әкімінің орынбасары Серік Исаханов, Билер және облыстық Ардагерлер мен Аналар кеңесінің өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты. Қатысушылар бұлақ маңын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Серік Исаханов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан – бір реттік науқан емес, ол әр азаматтың өмір салтына айналуы тиіс» деген сөзін атап өтіп, аудан көлемінде бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып келе жатқанын жеткізді.

Бурабай ауданында «Мөлдір бұлақ» акциясы екі табиғи бастау көзінде өтіп, колледж студенттері, мектеп оқушылары, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен мекеме қызметкерлерін біріктірді. Қатысушылар бұлақ маңын қоқыс пен құрғақ шөптен тазартып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұлақ көздері ауданның табиғи байлығы ғана емес, экологиялық тепе-теңдіктің маңызды бөлігі екені атап өтілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық шаралар жастардың табиғатқа деген құрметін арттырып, экологиялық сананы нығайтуға ықпал етеді.

Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Ержан Халбаев 2026 жылы аудан аумағында «Таза Қазақстан» аясында бірқатар ауқымды экологиялық іс-шаралар өткізілгенін, сенбіліктерге 10 мыңнан астам адам қатысып, жүздеген тонна қалдық шығарылғанын атап өтті.

Целиноград ауданының Софиев ауылдық округінде де акция ұйымдастырылды. Оған ауыл әкімі, тұрғындар, жастар және «Алаш» жастар футбол клубының өкілдері қатысты. Бұлақ маңы тазартылып, аумағы ретке келтірілді.

Ауылдық округ әкімі Бекзат Сүгірәлиев табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет екенін айтып, бұлақ көздерін сақтау келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін атап өтті.

Ерейментау ауданында Темір бұлақ аумағында жалпықалалық сенбілік өтті. Оған 200-ден астам адам, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер, мәдениет саласының өкілдері, зейнеткерлер және «Жасыл ел» жасағының сарбаздары қатысты.

Аудан әкімі Нұрлан Мұқатов Темір бұлақтың тұрғындар бастамасымен абаттандырылып, халықтық демалыс орнына айналғанын атап өтіп, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Сенбілік барысында бұлақ аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

«Мөлдір бұлақ» акциясы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі бастамалардың біріне айналып, табиғатқа деген жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісін көрсетті.

Комментарии