Ислам және экология. Қырғызстанда жаңа жоба басталды

147
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HyqGwPA9DWoIHuZgSLUh5fZg5qKO7Yf3S0QuDUDn.jpg

Қырғызстанда MoveGreen экологиялық ұйымы мешіт имамдары мен медресе оқытушыларын ислам құндылықтары арқылы жамағатқа климаттың өзгеруі мен табиғатты аялау туралы түсіндіруге үйрете бастады. Бұл туралы Kaktus.Media жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ұйым жобаны «Қырғызстандағы діни қауымдастықтар арасында климаттық білім, хабардарлық және белсенділік деңгейін арттыру» деп атаған. Жоба Қырғызстанның Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігінің, Дін істері және этносаралық қатынастар жөніндегі ұлттық агенттіктің, сондай-ақ халықаралық серіктестердің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында Құран мен хадистерге талдау жасалып, ондағы адамның қоршаған ортаға қарым-қатынасына қатысты тұстары зерттелген. MoveGreen өкілдері ислам дереккөздерінде табиғатқа ұқыпты қарау қажеттігі туралы көптеген нұсқау бар екенін, жер адамға аманат ретінде беріліп, оны сақтау міндет екені айтылатынын атап өтті.

Осы талдау негізінде ұйым ислам құндылықтары арқылы климаттық білім беруге арналған оқу-әдістемелік құрал дайындаған. Материалдар И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің Дінтану институтына және Тоқмақ қаласындағы Ислам академиясына тапсырылған.

MoveGreen мәліметінше, жоба аясында 60 діни қызметкерге — 30 имам мен 30 медресе оқытушысына арналған сегіз тренинг өткізілген. Қатысушыларға климат өзгерісінің Қырғызстанға әсері, соның ішінде мұздықтардың еруі, су тапшылығы, жайылымдардың тозуы, құрғақшылық пен су тасқындары туралы айтылған.

Комментарии