Тұрсын Жұртбай. Өзін зор тұтатындар қазақ тілі үшін дәл Олжастай еңбек сіңірген жоқ

517
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FujKkgJ89xO1wJ3RFsxfcmfhV08Im5gfWrCDbewz.jpg

Ақын, азамат, қайраткер Олжас Сүлейменов қазақша сөйлегенде оны айыптағандардың мысы неге басылды? Ұлттың дамуы жолындағы қозғалыстың серкесі Олжас Сүлейменов туралы жазушы Тұрсын Жұртбайдың естелігінде кеңінен айтылған.

Бүгін ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 90 жасқа толып отыр. Ақынның күрескерлік бейнесі, азаматтық келбеті, қайраткерлік тұлғасы және саясаттағы қадамы жайында жазушы Тұрсын Жұртбай «Озан ойдың императоры» естелігін жазып, ол «Жұлдыз» журналының биылғы бесінші санында жарияланды. Естеліктің қысқаша нұсқасын «Адырна» аудиториясына ұсынуды жөн көрдік. Естеліктің Желтоқсан оқиғасынан кейінгі арпалыс туралы айтылатын тұсы алдағы уақытта Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде жеке жарияланады.

АРҒЫМАҚТАР МЕН ҚҰЛАТАЙ

Әлі есімде, жетінші сыныптың басында, менің қалам түрте бастағанымды көз қырына алып жүретін, бір сынып жоғары оқитын, интернаттағы тәмпіш танау қара бала: «Мына өлеңді оқышы. Сұрапыл!» - деп «Лениншіл жас» газетін ұсынды. Ұзын шашын жанай сипалап қайырған, көйлегінің жағасын костюмінің сыртына шығарып қойған өткір көзді жас жігіттің орындықта тізесін айқастырып отырған суретінің астына бір топ өлеңі беріліпті. Көз жүгіртіп шыққанда-ақ тосын теңеулерге тәнті болып, сол теңеулердің ырғағына бейімделіп, төбе құйқам шымырлап кетті.

АРҒЫМАҚТАР

Қыпшақтардың, ой-хой, құба жондары-ай,
Жер тарпыған тұлпарын айт, тұлпарын!
Шарайнадай сауырына қомдап Ай,
Арғымақ жүр, көк шалғынға – көк кілемге,
Сүртіп мүйіз ұлтанын.

Берші менің тақымыма біреуін,
Жеті қиян жер түбіне асайын.
Арғымақтай аласұрған жүрегім,
Оны қалай басамын.

Атыламын арғымақтың жалына,
Соңымда тек сақ-сақ күліп дос қалсын.
Балғын шалғын айналып көк жалынға,
Нөкер болып артымда ақ шаң топталсын.

Шаппай тұлпар, кісінеме, «Атпын!» деп,
Шабайықшы шаң қондырмай етіне.
Шабайықшы, көп жыл тыныш жатты деп,
Момын қырдың былш-былш ұрып бетіне!..
«Момын қырдың былш-былш ұрып бетіне!..» – дегендегі көрініс көз алдымда қалықтап тұра қалды. Бұл қалай, осылай да жазуға бола ма екен?

Өлеңді аударған Әбіш Кекілбаевтың туындыларын оқығанмын. Сөйтсем, болады екен. Тәржімаланып, «Жұлдыз» журналында жарияланған өлеңдерінен, ол кезде жұртшылықтың алдында айтыла бермейтін «Ассалаумағалейкүм!..», «Ұлы дала», «Атой», «Шыңғыстаудың қорымында оның (Ұлы Шыңғысханның) бейіті жатыр», «Қыз қуу», «Бәрінен де сен қымбатсың, Бостандық!», «Қыпшақ мәмүліктері», тіпті, «Түн – Париждің қызындай» деген оқыс сөздерді оқығанда әпігім басылып қалды. Сөйтіп, бұрын мүлдем қолданылмайтын осындай «ұлтшыл ұғымдармен» Олжастың өлеңдері арқылы таныстым. Қазақ поэзиясына осы өршіл де арынды көркем шарықтауды Олжас әкелгенін түсіндім. Сол-ақ екен, бүкіл қазақ ақындары «ұлы далалап», «тұлпарлата», «сұңқарлата» жөнелді. Содан бастап санамды өршіл ой торлап, кеудемді тентек теңеулердің бүршігі түртіп, оңды-солды сапырылысқан ырғақтар мен буыны бей-берекет шумақтар қиялымда буырқана бастады. Сол ырғақпен, «Құлатай» деп аталатын алғашқы еркін буынды өлеңімді жаздым:

Қытымыр аяз.
Көсіліп жатыр кең дала,
Қиыр да шиыр іздер жоқ бүгін жұрнақтай.
Шуақты күн, жалтылдап қар. Мен бала,
Басады шала аяғын, астымда балаң құлатай.

Жазира шек жоқ. Ұласады
бір төбеден бір төбе,
Құлатай-ай, ұшқыр басып тепеңдеп.
Сүрінесің қапы қалып сен кейде,
Менің ағат басқанымдай өрекпіп.

Кейде босап
Кетсе тізгін, зымырап,
Тентексің-ау!
Мінезіндей алып-қашпа жігіттің.
Мына мендей тұра алмайсың тыпырлап,
Қыл шылбырды,
Мама ағаштан бытырлатып үзіпсің.

Болат тұяқ тық-тық басып… тайғанап,
Әлі жассың үйренбеген жүріске.
Қаламымдай тұқырлайтын жырға олақ,
Жыр жолында
Бал-бұл басқан ол мен бе?

Сен де жассың, менде де тұр тебініп,
Жігіттіктің алынбаған мұрты әлі.
Жүрейікші…
Ерікпен кезіп, көрікпен кезіп,
Сахана етіп, сахара кең даланы.
1966, қаңтар.

Несін жасырайын, он бес жасқа ілінер шақта жазылған сол өлеңім көзіме әлі де ыстық көрінеді. Енді сол Әбіштің тәржімасымен «Жұлдызда» жарияланған «Сеңмен» таныстым. Содан кейін «Табынуды…» оқып, табыну дәуірі басталды. Жарайды, ол он бес жастағы ботатірсектің елігуі мен шалықтауы болсын. Сол әсерден жасым жетпіс беске шықса да арыла алмауымның себебі не?

Осы уақытқа дейін, алпыс жылдық шығармашылық танымыма көкбауыр боп ыстық қан құйған Сол тұлғаға тек сыртынан тамсануды қалай қанағат тұтқанмын? Әлде бұл егде тартқан тән мен кексе жанның өткен ғұмырынан мағына іздеп, жақсыға жанасуға ұмтылған жалған жанығуы ма? Бұл да мүмкін-ау!..

Бірақ қалай жалтарсам да, жүрексінсем де осы мазасыз қыстығу жаныма тыныштық бермеді. Тегінде, бұл – біреудің көлеңкесімен жүріп, емексумен өмір сүру. Ақыры соны мойындауға тура келгенде мүлдем басқаша айнымалы-толқымалы көңіл шарпуына түстім. Несі бар, мен де «ет пен сүйектен жаралған пендемін» (С.Мұқанов). Алпыс жыл адал терімді де, тіпті, кейбіреулер кекетіп айтқандай, «арам терімді» де елімнің игілігі үшін еш алғаусыз, шын ниетіммен төккенім аян. Тіпті, сол Тұлғаның шарпуы менің өмірлік арманыма айналуға тиісті, екі-үш өлеңдер жинағымның буына бусанып үлгерген – поэзиядан, жиырма жеті жасымда роман жазып, екі рет бәйге алған, қос жинағым жарық көрген – прозадан аңсарымды аударып әкетіп, ұлттың жан, рух бостандығы мен тәуелсіздік тарихы атты қасиетті тақырыптың тізгінін ұстатқанын қалай аңғармағанмын.

Асылық демеңіз, өткен күндердегі зауалды да талмалы оқиғаларға араласуымның түпкі себебі, Ой императорымен жетпісінші жылдардың аяғына таман суретші Тимур Сүлейменов пен әдебиет сыншысы Рүстем Жанғожиннің септесуімен тау қойнауындағы оңаша үйде танысып, сыр алысқан кештегі сұқбаттан басталыпты. Оңаша қоңыр кеште қоңыр бөлмедегі әңгіме бұрыннан етене таныс үшеуінің сыралғы қоңыр сөздерімен суыртпақталды. Ол кезде Олжастың «Аз и Я»-ның жанкешті аласапыранды майданында, біресе «бұлтсыз күнгі найзағайдай» жарқылдап, біресе құйын (смерч) құсап қыстығып, жан-жағын жапыра жаңғырықтырған жанайқайы шығып жүрген күндер. Жазушылар Одағының табалдырығын мен де еркінси аттай бастағанмын. Біртіндеп назары маған ауған кезде тілге тиек ретінде: тыйым салынып, тәркіленгеніне қарамастан Шелек ауданындағы кітап дүкенінде «Аз и Я»-ның сөреде тұрғанын, бес данасын сатып алғанымды, қажет болса өзіне немесе іздеген адамға беретінімді айттым. «Менде еш данасы қалмады» – деді бәсең үнмен (кейін қызмет бөлмесіне апарып бердім). Біртіндеп бойыма батылдық бітіп, жоғарыда айтылған «Арғымақ» ойды қалай ерттеп мінгенімді, «бостандық» деген сөзге елігіп, Алаш туралы жазған шығармам үшін мектептен шығарылғанымды, «Еңлік-Кебек» туралы Шәкерімнің «Жолсыз жаза» дастаны мен «Тар жол, тайғақ кешудегі» Алаш қайраткерлерін ақтап сөйлегенім үшін алғашқы жылы университеттің емтиханынан құлатып жібергенін, келесі жылы тура сол билет қайта алдымнан шыққанда тура сол жауабым үшін Рымғали Нұрғалиев «бес» қойғанын, бірінші курстан араб тілін оқып, «Қазақ» газеті туралы курстық жұмыс жазғанымды, содан кейін профессор Хайыржан Бекхожин арнайы ресми хат арқылы кітапхананың ерекше құпия қорындағы Алаш қайраткерлерінің еңбектерін оқытып, бір жылдан кейін емтихан алғанын, уақыты келгенше ешкімге тіс жармауға ант еткізгенін айтып бердім.

– Иә, олардың уақыты келеді. Дайын жүру керек. Ұстазыңа рахмет. Сен келешекке керек адамсың… Иә-ә (Да-а), рух қарсылығы болмаса жаныңа сөз ұя салмайды. Әдебиетке – бостандық, жан бостандығы керек. Империялық бопсаға тұспалмен тоспа қойып, сына (клин) қағу керек. Сонда ғана тоспамыз бопсаны шынжырмен бұғаулай алады. Өкініштісі, бізде империялық жазалауға, рухани өктем езгіге рух ерегесімен қасарыса отырып жазылған Әуезовтің «Қилы заманынан» басқа шығарма жоқ. Тек «Аз и Я» болмаса… (Жымиып күлді). Дүниені ары-бері сапырылыстырып, қоғамдық формацияларды өзгерткен көшпенділердің ұлы өркениеті мен «ұлы көштің» әлем тарихына қосқан үлесі батыл айтылмай келеді. «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» дегенім сол. Бұл тұрғыда бізге рух ұстазы Әуезов үлгі бола алады. Ұлы ойшылдың трагедиясын деректермен салыстырып, талдаса ғой, шіркін, қандай қасіреттер ашылар еді, – деді.

Мен батылданып, бөгелместен бопсаға қарсы қағылатын тоспа Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеясы екендігін, соны жүзеге асыру сонау Әлихан Бөкейханов пен Мағжан Жұмабаевтың ұлттық пікірлері үшін мектептен шығарылған жетінші және тоғызыншы сыныптан бастап, университеттің қабылдау емтиханынан қуып шыққаннан бері ойымда жүргенін, Мұхтар Әуезовтің тұлғасын алдыма қалқан ете отырып, сол арқылы олардың тағдыр-талайын жазу ойымда бар екенін, рух қарсылығы талдануға тиісті сол туындыға дайындықты бастап кеткенімді, әлгі дүкеннен «Аз и Я»-ны сатып алғаннан бастап, «Қилы замандағы» оқиғалар өткен Сөгеті, Текес, Байынқол, Қатынқарағай, Қарқара, Жалаңаш, ДАлашық, Жіңішке, Саты арасын екі жыл қатарынан жаз кезінде көлікпен, атпен, былтыр ұлым Сұңқарды ертіп жаяу аралап шыққанымды, ереуілге қатысқан көз көргендерден және олардың тұқымдарынан жазып алған естеліктерді жинақтап, кейде қаламымның көз жасы мөлт-мөлт етіп тамып кетіп жүрген «Бейуақ» атты салыстырмалы трагедиялық толғау жазуға дайындалып жүргенімді, соған ақыл қосып, жөн сілтесін деп Тимур мен Рүстемнен сізбен кездестіруді өтіндім дедім.

Дедім де іштегі бұлқынысымды тоқтата алмай: «Қилы заман» оқиғасындағы архив деректерімен танысып шыққанымды, Фольбаумның бұратаналарды «сескендіріп», жанын түршіктіріп, «әскерге үлгi көрсететiн тәжiрибе сабағы» ретiнде, тым құрығанда бiр болыстың жүздеген адамын бірден қырып жiберуге» бұйрық бергені, бұйрық дереу жүзеге асырылып, «Ақсуда тұтқынға түскен 500 қазақ пен қырғызды таспен ұрып өлтiргендері», «Қалғандарын… кешке жақын кинематографтың музыка ырғағына билеп жүрiп әкiмшiлiктiң көзiнше өлiмшi еткені», Есаул Фон Берг бұтаның түбіне тығылған жүзден астам ұл-қызды қылышпен турап өткенін айтқанымда Олжекең дүр сілкініп, «Сволочи!» – деп күңірене тісін қайрады.

– Қалам ұстауға ұмтылғаның рас болса, енді үнсіз қалма. «Бұл – жаңағы қылша мойнын қылыш қиған бүлдіршіндердің обал-сауабының саған киілген қамыты!» – деді де үнсіз қалды. Терезеден Алатаудың шыңына қарап ұзақ отырды, біраздан соң таныстырғаны үшін екі жігітке рахмет айтып, орнынан көтерілді.

Бұл сөздері мені қатты шамырқандырды. Көшпелілер өркениетінің егеулі найзасын дереу қолыма алғым келді. Тұла бойымды бір булығу мен бұлқыныс кернеп бара жатты. Сол сәтте енді өлең де, проза да бетін кері бұрғанын түсіндім. Олжекеңнің «сволочімен» қоса мойныма қамыт болып киілген көтеріліс құрбандарының «обал-сауабы» ойыма оралды. Енді архив сөрелерін бұрынғыдан да тереңдетіп қазудан басқа амалым қалмады. Сол сөздің шарпуымен «Бейуақты» жазып, Желтоқсан оқиғасына бір жарым ай қалғанда «23.Х – 25.ХІ. 1986 жыл» деп Алматыдағы қаламгерлердің шығармашылық үйінде нүктесін қойыппын.

Сияның табы суымай жатып Желтоқсан оқиғасы басталып кетті. Онсыз да ұстараның жүзіндей қылпып тұрған жанкешті шығарманың жариялануы қиындап кетті. «Жұлдызға» ұсынған нұсқасын оқып шыққан бас редактордың орынбасары Ғафу Қайырбеков: «Тұрсын-ай, көз алдымнан домалаған бастар мен аққан қан кетпей қойды ғой. Ана есауылдың қылышы қиып өткенде мойнынан ұшып түспей, орнында қалған баланың басы – қазақтың кесілген басы. Қанша күйінгеніммен басуға қол қоя алмайтынымды қорланып тұрып айтамын саған! Менің де басым домалап ұшып кетпесін десең — түсін, Бекең (бас редактор Бекежан Тілегенов) де тәуекел ете алмайды. Тағы кім оқыды… Олжас біледі дейсің бе? Оған да шүкір, бірақ, қайдам… Дегенмен, Одақтың бірінші хатшысы ғой, көрерсің. Жолы ауыр шығарма. Бірақ сен парызыңды орындапсың», - деді күрсініп.

Жан дүнием мен жанрымды төңкеріп кеткен сол кездесудің ықпалы мұнымен де шектеліп қалмауы тиіс еді. Бұл аралықта империялық, еуроцентристік үстемдік көзқарасқа қарсы «Дулыға» атты тарихи әфсана мен «Бесігіңді ұмытпа!» деген атпен «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бұзылған бесік» атты үштаған түріндегі «рух қасарысуының» ішкі дайындығы аяқталып, қағазға түсе бастаған. Үштағанның «Бесігіңді түзе» атты бірінші бөлімі 1987-1988 жылдары жарық көрді.

Қазақ әдебиетіндегі рухани тәуелсіздік Олжас пен Әнағаңның – Әнуар Әлімжановтың есімдерімен тікелей байланысты. Олжастың ақындық, рухани, ғылыми идеяларының тереңдігін әлі де түсініп болған жоқпыз. Олжастың «Қыш кітабы» мен «Аз и Я»-сының түпкі астарын қазақтың жыл қайырудан бұрынғы көшпелі кезеңі мен Кетбұғаға дейінгі екі жарым мың жылдық тарихы мен тағдырын қамтитын «Дулыға» атты екі томдық кітап жазғанда аңғардым. Ал оны зерттеп оқу үшін, Олжастың көркемдік әлеміне тереңдеу үшін танымдық дайындықпен келу керектігін түсіндім. Сондықтан оның шығармалары туралы тиянақты сөзді келешектің үлесіне қалдырып, тек азаматтық, ақындық тұлғасына қатысты пікір білдірумен шектелмекпін.

МЕЙІРІММЕН ЖҰМЫЛҒАН ЖҰДЫРЫҚ

Ол өлеңге Олжас боп келді және қазақтын рухани тарихында Олжас болып қалады. Оның тұла бойы да, жан дүниесі де, ділі де мейіріммен жұмылған жұдырық сияқты. Жаны мен тәні, алмас қылыш сияқты, сұс пен мейірімге қатар суарылып ер жетті. Мейірімді алақанына жұмып, сұсын сыртқа шығарып жүруге мәжбүр болды. «Ақылды тентек», «есті сотқар» атанды. Онсыз, кеңестің кесірінен Алаштың әскери полкы таратылып, оның орнына 1920 жылы құрылған қазақ атты әскер полкының командирі Омар Сүлейменовтен 1937-38 жылы жөргекте жатып айырылған боздақтың тағдыр-талайы әлдеқалай шешілер еді. «Балкон» фильмінде көрсетілгендей, Алматының Кіші станицасының көшесін күндіз-түні торыған қандыбалақ бұзықтар мерт қылмаса да жазым етері анық. Сондықтан сотқарларды сескендіріп, сұсын сыртында ұстап, жуан жұдырықты жұмырлап, мейірімін уысында ұстамасқа амалы қалмады. Ол туралы, балалық шағының досы, кішістаницалықтардың «барлаушысы», жазушы Геннадий Толмачевтің: «Олжас келе жатқанда атжалман атамандардың өзі қақпасының есігінен сығалап тұратын», – деген «байкасын» (әфсанасын) таңырқай отырып тыңдаушы едік.

Олжастың жұдырығындағы жұмылған мейірім – анасының, аяулы мейірман анасы Фатима Беделбайқызының жылы жүрегі ұйытқан мейірім еді. Олжас та сол мейірімді алақанымен уыстап ер жетті, егде тартты. Атағы аспанға самғап, нағыз жаубасар батыр атанып, Жазушылар Одағын басқарып тұрған, елу жасты еңсерген кезінде мен соның куәсі болдым. Тал түсте Одақтың ғимаратынан сыртқа шығып бара жатсам тура баспалдақтың үстінде таудың асқар шыңдарына кеудесін кере, басын көтере қарап ыңылдап, күбірлеп тұр екен. Көзі мейіріммен жасаурап терең бір қиялға батқан. Ақырын ту сыртынан барып құлақ түрдім. О, Алла, елуді еңсерген жауқабақ Олжас ағам: «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды… Иә, солай…» – деп күрсініп маған қарады. Өңіне көз жіберсем, ананың әлдиіне бөленген кәдімгі елудегі сәби! Сол сағынышты қалпын бұзбастан қолын ұсынды. Өллә-біллә, шын айтамын, мол алақаны жып-жылы, шымыр саусақтары жұп-жұмсақ. О, ғажап Анасының мейіріміне елжіреп тұр. Оның шойын қолын, осыдан кейін «мейіріммен жұмылған жұдырық» демеске әддім қайсы. Сол сәтте оның тұла бойынан мейірім төгіліп тұр еді.

Олжекеңнің анасын есіне алып, елжіресе – елжірегендей кейуана екеніне араға төрт-бес жыл салып барып көзім жетті. Алпыс жасқа толуына орай Олжекең туралы мақалам мамыр айының ортасында «Жас Алашқа» шыға қалды. Таңғы сағат онда сол кездегі қызмет орным – Әуезовтің мұражайына телефон қоңырауы шалынды. Ар жақтан сондай бауырына тарта мейірленген кейуананың: «Қарағым, Тұрсынбысың? Мен Фатима анаңмын («апайың» емес, тура солай, «анаңмын» – деді). Олжас туралы жазғаныңды сүйсініп (асылық демеңіз, тура солай айтты) оқыдым. Рахмет, айналайын. Ұзақ жаса. Енді телефонды ағаңа (Олжекеңнің екінші өкіл әкесі, қайраткер қаламгер Қарағұлов дегдарға) берейін. Қалғанын сол айтар…» - деген жылы дауысын, ерте айырылған туған анам Хадишадан бұйырмаған аналық «айналайынды» естігенде көзімнің жасы бұрқ ете қалды.

Міне, Олжастың «жұмылған жұдырығындағы» мейірімнің бұлағы қайда деші! Ол жұдырықтың шын жұмылған сәттері болғаны туралы естісем де өз басым көрген жоқпын. Бірақ, балалық шақтан жан досына айналған Болат Жансүгіровтің жазып қалдырған естелігі соған куәлік етеді. Бұл – сотқарлық емес, намыс жұдырығы еді. Сөйтіп мейірім мен қайырымның өрімінде өріліп ер жетті. Көшедегі сотқарлықтың тиылуына өкіл әкесінің: «Сенің шын сойың – Қарағұлов емес, туған әкең – атақты Олжабай батырдың шөбересі Сүлейменнің ұлы Омархан. Қазақ атты әскерінің офицері, отыз жетінің зобалаңында жазықсыз атылып кеткен. Сен атақты Жаяу Мұсаның немересісің. Ондай ұрпақтың тұқымы үзілуі ұлтқа қиянат. Ертеңнен бастап бас құжатыңа Олжас Омарұлы Сүлейменов деп жаздырамын. Енді ұлттың ар-намысын көтерген атаңның атына сөз келтірмей, сотқарлықты қой, балам», – деп құжатын «Олжас Омарұлы Сүлейменов қылып толтыртқаны себепкер болыпты. Міне, содан кейін бір түнде адам танымастай боп «жуасып шыға келген» (Г.Толмачевтің куәлігі) Олжастың самғау жолы басталыпты.

Олжастың тегі қандай топсалы, тегеуірінді болса, түлеуі мен самғауы да сондай тұтқиыл болды әрі бірден зәңгі көкке шығандап шықты, соған орай тамыры да тұңғиық тереңге тартты. Осынау тағдыр-талайы, күрделі сезім сілкіністері, өмір шырғалаңы оның күрделі ойлау жүйесін қалыптастырды. Сөйтіп, төлтумаларындағы емеуіріні басым астарлы теңеулері, Абайдың: «күлсең – ызаланып күл» дейтін уытты мысқыл-кекесіні, сұңғыла да алғыр білімі, екі жүзді қанжар сияқты өткірлігі, өлеңдеріндегі тентек мінез бен бас асауы басылмаған еркіндігі, өміріндегі де, өнеріндегі де тосын шешімдері, жауқабақ келбеті мен жылы жүрегі оны заманымыздың «жұмбақ адамдарының» қатарына қосты. Серілігі мен сестілігі, батылдығы мен ұяңдығы, паңдығы мен кішіпейілдігі, ақылы мен аңғалдығы тұла-бойына қандай жарасса, жазушылығы мен қайраткерлігінде де сол қасиеттер тұтаса келісім тапты. Мұның басты құпиясы мен кілтипаны – Олжастың сол баяғы өжет те аңғал адалдығында. Рухы мен жанының кілтін де сол тап-таза жан-дүниесінің сыр сандығында сақтады. Намысы мен талантының, азаматтығы мен ақындық шарпуының ақ алмас қайрағы да сол ақкөйлек көңілі болды. Қырық тоғыз мүшелінде аяулы анасына ашқан жан дауасында:

Не всем, кто ждал, помог, но я не бог,
что в силах одинокого поэта?
На все вопросы не нашел ответа,
но людям я не лгал, хотя и мог, – деп өзі айтқандай, кісіге қиянат жасап көрген емес.

Олжекеңнің сол ақжарма аңқаулығының салдарынан аранға түсіп қалған кездері де көп. Бірақ өр де өжет тұлға оны елеп-ескеріп, кек қайтармады. Ал ұлты мен өзінің намысына тиіп көрсінші! Онда атай көрмеңіз, нағыз ақылды да ашулы арыстанның өзі боп шыға келеді. Кейіпкері Ишпақай сияқты, Олжас семсерін тегін көтермейді, көтерсе бітті – қиып түседі. Оған сіз де, біз де куәміз.

«Досымбысың – мә, құшақ,
Қасымбысың – мә, пышақ!»
немесе:
«Таспен атқанды аспен атпа, таспен ат!», –
деп жалы күдірейіп шыға келетін Олжас «дұшпанының бойындағы талантсыздыққа да», «дұрыстап дұшпандық жасай алмаған дарынсыз дұшпандыққа» да төзбейді.

Қарсыласының мықтылығынан, азуының өткірлігінен сескенбейді, керісінше, мияулаған міңгірі үшін, қаппай үргені үшін қорланады. Ол ешқашан да өз ұлтынан және өз ұлтының ішінен жау іздеген емес. Оның дұшпаны – «әрбір атқан оғынан кейін мәдениетті бір мезет мылқауға айналдыратын малғұндар». Ал мұндай сіңбелер мен сымпыстарды Олжас өз өмірінде аз көрген жоқ. Заманның дауылы мен найзағайының арасында арпалысқанды жаны сүйетін Олжас құласа да «Хан-Тәңіріден құлағанды ұнатады». Ол неғұрлым жерге жақындап, төмендеген сайын еркін ұша алмайтын, тосырқап қалатын қыран сияқты. Оған самғау үшін кеңістік, биік аспан керек. Тар кеңістікке Олжастың құлашы сыймайды.

ҰЛТЫНЫҢ КӨК СЕМСЕРІ

Жүректің қабын сыпырып, азаматтық арыңмен кепілдік беріп, ешқандай қысылып-қымтырылмастан қасқая қарап айтатын шындық болады. «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» – деп Абай айтқандай, сол «жамандаудан аман емес» бір тұлға туралы көзінің тірісінде «ұлы ақын» деген теңеуді айтудың реті келіп-ақ тұр. Мен мұны күңкілшіл күншілдердің күндестігінен сескенбей, күйінішпен емес, сүйінішпен жариялағым келеді. Бүгін тілімізді тістегенмен, түбінде айтқызатын, замананың ұлы ақыны атануға тиісті, ұлтының мүддесі үшін Күлтегіннің көксемсері сияқты қайралып туған ондай тұлға арамызда бар, ол – сынын да, сырын да бермей, толағай тоқсанның тұғырында асқақтап тұрған Озан Ойдың Императоры Олжас Сүлейменов. Бұл – шындық.

Бүкіл тағдыры мен талайын алмас қылыштың жүзінде өткізген осынау көксемсер тұлға «қайтып табылмайтын», мүмкін тумайтын, қайталанбайтын жаратылыс иесі. Өйткені, атақ пен даңқтың шыңына жиырма бес жасында шыққан Олжас үшін мұндай теңеудің таңсықтығы жоқ.

Ұлтының көксемсері болатынын ол: «Мен қазір жиырма алты жастамын… Көшпелілердің тарихы әлі анықталған жоқ. Сондықтан да ешқандай жүрексінбестен дәл осы сәтте мынадай мәлімдеме жасаймын: түркі тарихын білмей, қадымы хатқа түскен халықтардың тарихындағы беймәлім тұстарды түсіндіріп бере алмайсыз. Түптің-түбіңде нақты шындықты жазған «Шынайы тарихтың» дүниеге келетініне көзім анық жетеді, сәтін салса, соны біз жазатын шығармыз… Біздің толқын іріктеліп келеді. Халықтың намысын оятатын қозғалыс жүріп жатыр. Қорланып өмір сүргендердің қуануға қақысы жоқ. Ақындар халықтың ар-намысын оятатын қуат-күш беруге міндетті» – деп жариялаған бозбала кезінде-ақ сезінген.

Олжас ол мақсатына жетті де. Ендеше, ұлтының ұлы мүддесін көздеп, халқының тарихта кеткен есесін қайтарып, басылған мысын дүниежүзілік деңгейге көтеріп, «тауларды аласартпай, даланы асқақтатқан», әлемді аузына қаратқан ұлы тұлғаның тұғырын аласартпай, асқақтата марапаттау – біздің, қазақ елінің парызы. Бәрібір, мұны біз айтпасақ, жат айтады, дүние ғұламалары: Олжас «Аз и Я» мен «Мың бір сөз» («Тысяча одна слова»), «Тілдің тіні» («Язык письма») мен «Сөз тиегі» («Код Слова») арқылы әлемдік ой императоры атанды, ұлыимпериялық астамшылықтың кеудесін басты. Олар сол есеңгіреуден әлі есін жия алмай жүр. Ондай батыл ойдың мұнарасына шыққан тұлға бұл ғасырда кем де кем», – деп айтып та, жазып та жүр. Ал, оның мұндай бағаға лайық екендігіне Олжастың мұқым өмірі мен шығармасы кепілдік бере алады.

Ал оның «таңдап алған» қарсыластары кімдер дейсіз бе? Мінекиіңіз: күні кешеге дейін дүниежүзіне сес көрсетіп, жанын түршіктірген «сұр кардинал» Суслов, аспан мен жерді ғана емес, ғарыштың өзін идеологиялық майданға айналдырған Совет армиясы мен соғыс-теңіз флоты саяси бас басқармасының бастығы Епищев, «ұлы орыстық» ғылымның көсемдері Греков пен Лихачев, Рыбаков, «оқшантайдан шыққан бұқакөз» Колбин… Мұндайлардың Олжастың жүрегіне түсірген сызаттары қаншама!

«Аз и Я» кітабының жарық көруіне септігі тиген баспагерлерді қызметтен алып, партия қатарынан шығару туралы қаулы қабылданғанда Қазақстан компартиясының Орталық Комитетіне: «Егер бұл адамдар жазықсыз зәбір көрсе өзінің жеке басын құрбандыққа шалу құқығын сақтап қалатындығын» айтып ескерту жасады. Бұрын-соңды мұндай батылдықты көрмеген идеологтар қаулыны қайта қарауға мәжбүр болды. «Сұр кардинал» атанған Суслов та ішін тартып, кітапты талқылауды Ғылым Академиясының құзырына ысырып тастады.

Сырттай қарағанда сипай қамшылағандай көрінгенімен, зілі ішінде жатқан империялық ызғарлы пиғыл астыртын жазалау саясатын одан әрі жүргізіп, адымын кең аштырмай арандата берді. Бұл тек Олжастың жеке басына ғана емес, отандық тарих ғылымына да соққы боп тиді. Қаламгерлерден қатты сескенген жаһилдік идеология жалдаптары «ұлы орыстық» идеяны заңды түрде бекітіп, әнұранның сөзіне кіргізді. Сөйтіп, күнде таңертең шіркеуге шоқынған поп құсап, «ұлы орыс ұлты жасасын» деп мінәжат еткізіп қойды. Мұның барлығы қайта бас көтертпеудің тәсілі еді. «Когда молчат живые, говорят духи» – деген заман туды.

Рухани егес осылай басталды. Тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастырған Олжас өзінің өлеңі арқылы «Мне до свободы нужен шаг!» – «Маған бостандыққа жетуге бір-ақ қадам қалды», - деп жар салды. «Стихи может быть и не верлибром, поэзия была бы свободной», - деп бостандықты ашық айтқан да Олжас болатын.

Ол жиырма бес пен елу бес жасының арасындағы отыз жылын семсердің жүзінде, қараулардың қарауылыңда өткізді. Тағдырын бәсіреге беріп, тәуекелмен өмір сүрген мұндай талант иесі ол кезде қазақ арасында жоқ еді. Тек Әнуар Әлімжанов марқұм ғана Олжасқа серік болды. Өкінішке орай, өмірінің соңында осынау екі арыстың арасына сына қағылды. Адал достық та бір сымпыстың арандатуына араша таба алмады.

Қазір де, бұрын да Олжастың жеке басына қатысты әңгіме-дүкен бола қалса бойындағы басты міні ретінде ана тілінде жазбайтынын тілге тиек етеді. Тіпті, соны Олжасқа қарсы құрал ретінде пайдаланады. Иә, Олжас орыс тілінде жазады. Бұл – заманның, тағдырдың, ортаның Олжастың маңдайына жазған сыйы. Соған қарап Олжасты ана тілінің дұшпаны, ана тілінен мүлдем мақұрым етіп көрсетуге болмайды. Қазақтың әдеби тілін білгені үшін ғана өзін Олжастан зор тұтатындар қазақ тілі үшін дәл Олжастай еңбек сіңірген жоқ. Ол өзінің шығармалары арқылы қазақ тілінің ұғымдық құрылымын әлемдік деңгейдегі ғылыми тіл дәрежесіне, көне түркі ғылымы туралы еңбектердің үлгісі ретінде алынатын тілдің деңгейіне көтерді. Түркологтар қазір қазақ тіліне, оның ішінде Олжасқа жүгінбей өте алмайды. Әлгі, мысқылдай күлетін «қазақшыл қазақтың» қай жазғаны ұлттық тіліміздің ұстыны болып қалатынын кім білсін, бірақ, Олжастың шығармалары ғасырлардың еншісіне тиесілі мұра.

Адамзат тарихындағы таңба мен әліпбидің, әріптік сананың ең қадыми ұстыны «Бехистун жазуы» мен ассириялық құпия тілдің тылсымын түйсініп, «ата», баба», «ана» деген түркі текті аңысты аңғарған кім еді? Еуропалық өктем ғылыми қауым құпияның құпиясы ретінде, жеті қат зынданның астында «мәңгі ашылмасын» деген қарғыс таңбасын басып, осы уақытқа дейін жасырып отырған үшінші жартастағы таңба түркілердің сына жазуы болуы ғажап емес. Оны да Олжастың емеуіріні арқылы аңғарасың.

Сана саңылауын қадым заманның зынданындағы тылсымнан қас-қағым сәтте осы заманға түсіргенде Олжастың ар-ожданы айғыржалдана күдірейіп шыға келді. «Тың» деген зауал жарияланып, қазақтың жері телімге түсіп, «ортақ тіл» деген желеумен тілі тұншықтырылып, қазақ мектептері жаппай жабылып, қазақ тілі күнделікті қолданымнан шығып бара жатқанын сонау 1962 жылы жиырма бес жасында ашық азандатып: «Ана тілімді әлемдік деңгейдегі тарихи орнына қою – менің парызым. Ол үндістердің тілі сияқты өлі тілге айналмауы тиіс. Ондай зауалдан сақтасын!» – деп мақала жазып, ұран тастаған кім? Әлгі «жанашыр жантық» сол кезде қайда жүрді? Тура жиырма жылдан соң, 1982 жылы ана тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру туралы мәселе қозғап, Ғабит Мүсіреповке арнайы баяндама жасатып, жазушылардың пленумын шақыртқан да Олжас емес пе еді! Ділмәрлардың ол кезде үні шықпайтын.

Ана тілінде көркем шығарма жазбағаны Олжастың соры емес, бақыты деп те айта алмаймын, дегенмен ұлтымыздың рухын әлемге танытуға осының өзі шешуші септігін тигізді деп есептеймін. Абай мен Әуезов, Аймауытов пен Мүсірепов шырынын шығара пайдаланған тілдік қорымыз Олжас қазақша жазбағандықтан кедейленіп қалмайды. Олжас оның есесін толық қайтарып, қазақ тілінің дамуына өзінін тарихи үлесін қосқан тұлға. Өйткені оның рухы қазақ. Ол Нью-Йоркте, Алабамада, Африкада, Бихарда, Токиода жүрсе де өзін үнемі дала перзенті ретінде сезінеді.

Душно. Дождь.
Я бреду по колена,
Мне на руки просится мутный ручей.
Ему так одиноко, степному,
Средь каменных зданий.
Аминь! – деп жазғанындай, ол – туған жерін тұмар етіп жүрегінде сақтаған жыршы. Сол ұлы махаббаттың нәтижесінде сонау 1966 жылы-ақ қазақ ұлтының отаршылдықтың бұғауында екенін ашынып айтты. «Қазақстан – рухани отар емес, оны отар ел деп қарайтын көзқарасты ұялмай насихаттап жүргендердің ары таза емес…» Елін сүймесе, намысын жыртпаса, оның рухани азаттығына құлшынбаса Олжас бұл сөзді айтпас еді. Тарихтағы қиянатты айта келіп: «Қазіргі ғалымдардың қанында нәсілдік жіктеушілік бар», - деп мәлімдеген де Олжас болатын.

 «ҚАЙДАСЫҢДАР, АҒАЛАР?..»

 Ұлттың тағдыры тұйыққа тіреліп, не өкси алмай, не ызасын сыртқа шығара алмай булығып тұрған сол бір Желтоқсан күндеріндегі қияметтік қиналыс тұсында найзағайдай шарт етіп, топтан суырылып шығып, атой салған кім? Бәрі де есімізде… Сол бір Желтоқсан күндері «Жасасын Қазақстан!», «Қазақстанға тәуелсіздік берілсін!» деген ұран жазылған байрақ пен жалаушылар көтерген жастар лек-легімен Абылай хан (ол кездегі – Коммунист) көшесін жоғары өрлеп келіп, Жазушылар Одағының алдына тоқталып: «Қайдасыңдар, ағалар!», – деп ұрандатқан Желтоқсан оқиғасы өзінен-өзі пайда болған жоқ.

Ол сонау «Алашорда» қозғалысынан басталып, 1921-1922 және 1927-1929 жылдағы саяси-мемлекеттік пікір таластарының идеясын ұстанып, бірде «Үлкен Түркістан», бірде «Жас тұлпар», бірде «Талап», бірде «ҚҰҚ», бірде «Жас қазақ» іспетті ұйымдар арқылы сүзіліп келген астыртын, жартылай астыртын немесе мәдени үгіт-насихат тәсілін пайдаланып ашық жұмыс істелген ұлттық қозғалыстың заңды жалғасы болатын. Ал ондай көзқарас пен көңіл-күй тек қана Жазушылар Одағынан тамыр тартып отырды. 1986 жылғы 17-18-желтоқсан күнгі жастардың ереуілінен кейін осы салмақ түгел дерлік қаламгерлердің мойнына түсті. 17-18-желтоқсан күні жастар шеруі одақ үйінің алдына арнайы тоқтап: «Жазушы ағалар, қайдасыңдар! Олжас аға, қайдасың? Бізді қолдаңыз. Еліңнің намысы үшін аттанып барамыз. Бізге қорған болыңдар!» – деп айғайлаған үні әркімнің есінде шығар. Ал Жазушылар Одағының есігі жабық болатын. Терезеден қарап, үнсіз жылап тұрған қаламгерлердің талайын көрдік. Соның ішінде Әбіш Кекілбаевтің бұйра шашы ұйпаланып, көзі жасаурап, ішінен егіліп сыртқа қарап тұрған бейнесі көз алдымда қалыпты. Сонда жастар жазушыларды ұлт ұстазы деп түсініп, кәдімгідей демеу тұтты, жазықсыз жапа шектірмейтініне сенді.
Міне, дәл осындай сәтте Олжастың саясатқа араласпай тыныш өмір сүруге мүмкіндігі жоқ еді, мүмкін емес еді және сол тәуелсіз қазақ елінің бостандығы мен рухани тәуелсіздігі жолындағы Олжастың үш ерлігінің тікелей куәсі болып едім.

Желтоқсан оқиғасынан кейін ұлт басына булығу мен шарасыздық орнаған, тұла бойыңды ызалы бұлқыныс пен кек наласы билеген қамкөңіл күндер. Он сегізінші желтоқсан күні Мәскеуде өтетін әдебиет сыншыларының Пленумына бір адам баруы керек болғанда Олжекең мені атапты. Бас тартып едім, Әкім Тарази ағам: «Мұның жасықтық болады. Мына оқиғаның шындығын Мәскеуге келетін он алты республиканың әдебиетшілері білуі керек. Бұл сенің азаматтық парызың. Балтық жағалуы елдері, Украина, өзіміздің ортаазиялықтар білуі тиіс. Мүмкін, шетелдіктер де қатысар. «Бәрін құлағдар етсін. Жасқанбай сөйлесін, әрі тәжірибе жинақтасын», – деп Олжекең тапсырма беріп отыр», – деді.

Амалсыз, жан жаралы, көңіл қаралы қалпымда ұшаққа міндім. Қыстығу мен булығу сонда басталды. Бұрындары Олжекеңнің айналасынан шыпжың қағып шықпайтын, кеше де шақша басы шақшайып Олжекеңе кіріп бара жатқанын көргем, не жазушы, не сатирик, не сценарист емес – дүбәра Эдуард Медведкин деген жойыт ұшақ көтерілісімен бүкіл салонды басына көтеріп, Желтоқсан оқиғасы мен қазақтар туралы аузына келген былапыт сөзді даңғырлап айта жөнелді. Тіпті, Олжастың атын қосып, оны да «ұлтшыл» ғып шығарды. Бес сағаттың ішінде, орыс-қазағы бар, бір адам қарсы сөйлей алмады. Тымырсып, булығып мен де отырдым. Жалғыздың үні қашан шығушы еді. Ұшақтан түсе сала боқшасын мойнына асып, шыбжың қаға кетіп бара жатты. Ой, сонда осындай сатқынмен дос көңілде жүрген Олжекеңе түңіле ренжігенім-ай.

Түн ортасында «Киев» қонақ үйі бөлмесінің табалдырығын аттасымен-ақ әуелі украин мен беларусь, іле өзбек пен қырғыз елдерінің өкілдері қоршап алды. Ашына, ызалана, намыстана тұрып алаңда қанжоса боп жусап қалған жастардың ызалы қасіретін, Мәскеуден келген жазалаушы баскесерлер жасағының ұлдар мен қыздардың басын күрекпен кескілегенін қызына айтып бердім. Олар бұл хабарды сол сәтте елдеріне жеткізіпті. Қанды оқиға туралы Батыс телеарналары жер серіктері арқылы Желтоқсандағы барлық жазалау оқиғасының бейнетаспаларын көрсетіп, оқиғаны растап, жалпы жұртқа таратып үлгеріпті.

Бүкіл республиканың радио, теледидары үнсіз қалған, сыртқа бір сыбыс естілмеген тымырсық тұста «біздегі қасіретті әлем жұрты біліп отыр, енді жаппай жазалау саясатын жүргізе алмайды» деген хабардың өзі кәдімгідей жұбаныш. Олжастың мені Мәскеуге не үшін жібергенін сонда ғана түсіндім.

Ертеңіне пленумдағы тиісті сөзді бәріміздің атымыздан сонда жүрген Мұрат Әуезов айтып, оқиғаға саяси астар беріп, бар қасіретін баяндап шықты. Оның мінбеге көтерілуіне Роллан Сейсенбаев ықпал етті. Мұны тыңдаған барлық республикалардың жазушылары бізге жанашырлықпен қарады. Енді жасқануды қойып, жазушылардың отырыстарында бар көрген-білгенімізді емін-еркін тарата бастадық. Содан бастап мені әр республикада өтетін мәжілістерге жұмсап отырды. Тиісті мағлұматтар мен ақпараттарды сыртқа барынша толық жеткізуге тырыстым.

Осы сапар кейіннен бауырлас республикаларда, Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы Наманған мен Ферғана, Әзірбайжан мен Арменияның арасындағы Қарабақ оқиғалары ушыққан кезде Ташкентке, Бішкекке, Бакуге баруыма себеп болды.

Сонымен, Мәскеуден Алматыға ширығып оралдым. Сапардан есеп беруге кіргенде басқасын кейінірек баяндап, әуелі «досы» Медведкиннің ұшақта қасақана Олжекеңнің атын атап айғайлап айтып, арандатуға шақырғанын ашына жеткізіп: «Құшақтайтын досыңыз емес, «пышақтайтын досыңыз екен», – дегенді батыра айттым. Түрі қабарып: «Солай ма? Сволочь!»-деді қатқыл үнмен.

Содан бастап Медведкинді Одақтың маңынан көргенім жоқ. Сыбағасын бергені сөзсіз. Олжастың өзі де қызметке үш-төрт күн келмеді. Бар сенгеніміз — Әбіш аға, ол да басын шайқап, күрсіне береді. Одақтағы тымырсық үнсіздіктің арасынан: «Олжас мырзақамаққа алыныпты», «Жоқ, тергеуде екен», «Мәскеуге кетіп қалыпты», «Колбиннің қолтығына кіріп алыпты» деген сыбыр-сыпсың тарай бастады. Ешкім ештеңе білмейді. Үрей мен күдік қатар бас көтерді. Содан бір күні…

Ұмытпасам, желтоқсанның 30-ы күні Одаққа жиналысқа шақырды. Сөйтсем, Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовтің: «Ұлттың рухани тамыр, санасы – жазушылар. Халық соларға қарайды, соларды тыңдайды. Сіздің кім екеніңізді Қазақстан жұрты білмейді. Сондықтан мына орын алған оқиғаны, ұстанатын бағытыңызды, жастарға қолданатын шараларыңызды түсіндіріп, әрі өзіңізді таныстырсаңыз. Біз сізді білуіміз керек», – деген ұсынысынан бас тартудан қаймыққан Колбин кездесуге келісім беріпті.

Қара жамылған, долы наразылығын ішіне жасырған, қабақтары түюлі, мойны салбыраған қаламгерлер мәжіліс залына лық толды. Колбин екпіндеп кіріп, жиналғандарға мекірене қарап, еш мағынасыз лепірме деммен сөйледі. Күткен деңгейден табылмады. Кәдімгі можантопай мұжық екені бірден байқалды. Жұртшылық қабылдамады.

Алғашқы сөзді қасиетіңнен айналайын Жұбақаң – Жұбан Молдағалиев алып: «Бейбіт күнде автомат асынып, қолдарына гүрзі алып, жастарды тепкілеп, қан жоса қылған солдаттарды көргенде майданнан тірі келгеніме өкіндім. Көрмеуім керек еді. Ұлдарымды тепкілеп, қыздарымды шашынан сүйрегенді көру үшін қан төктім бе? Онымен қоймай, мыңдап түрмеге қамап жатыр. Әскердің бейбіт жұртты жазалауына бұйрықты кім берді? Сіздің қандай қатысыңыз бар, бұған қалай баға бересіз? Ал, біз, қазақстандықтар, оның ішінде мен, майдангер ретінде қарсымын. Коммунист ретінде сізден ашық жауап күтемін!» – деді.

Өзгені білмеймін, өзімнің тұла бойым тебіреніп, көзімнен ризалықтың ащы кермек жасы сорғалай берді. Сол кезде алдыңғы қатарда отырған Сафуан Шаймерденов: «Олжас, мен сөйлеймін, маған сөз бер, – деп жауабын күтпестен мінбеге шықты да: – Мен сізді «аса құрметті Геннадий Васильевич!» дей алмаймын. Өйткені, сіздің сөзіңізге реніштімін. Сондықтан, Геннадий Васильевич, өзіңіз Қазақстанға бірінші рет кеп тұр екенсіз, бұрын қазақтармен араласпапсыз. Ендеше олардың грузиндерден өткен ұлтшыл екенін қайдан білдіңіз? «Қазақ ұлтшылдығы» деген терминді неге сүйеніп айттыңыз, дәлеліңіз қайсы? Бір топ жастардың талабына, меніңше, әділ талабына қарап, бүкіл қазақты ұлтшыл етіп масқараламақсыз ба? Ертең Пленумда айтылып, қаулы қабылданатыны сөзсіз. Онда бүкіл Кеңес Одағы «қазақтар ұлтшыл» деп әшкерелеуге көшеді. Саяси айыптаудың және оның қандай жазаға ұласатынын біз, аға ұрпақ, білеміз, сонда сіз қазақ ұлтын масқаралау үшін келдіңіз бе? Сенбесеңіз, дәл осы кеште екеуміз көшеге шығып, небір сойқанды жерлерді аралайық. Егер бір қазақ сізге «орыссың» – деп қол көтерсе сол арада өзімді-өзім қасым етейін. Бірақ, ондай оқиғаның болмайтынына ант етемін. Қызметіңізге сай сабырға келіп, салауатты шешім қабылдаңыз. Ал, жастардың мына жаппай түрмеге қамалуына, біз, жазушы азаматтар, қарсымыз. Осы есіңізде болсын!» – деп сөзін аяқтап, жауап күткендей, Колбинге қадала қарап тұрды да иіні басылған «Васильевичінің» сұрқын көрген соң орнына кеп, баяғы Ғабең суреттегендей: «Айтарын айтып алды да содан кейін ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын мінез көрсетіп, жұртқа ұп-ұзын мұрнын тосып, қатып қалды». Колбинге қасқая қарап отыр.

Қос тарлан – Жұбан Молдағалиев пен Сафуан Шаймерденовтен кейін еңсені басқан бұлт ыдырап, басымыз көтеріліп, сеніміміз ояна бастады. «Ел қамын жеген Едігелердің» – ер қаламгерлердің тек Колбинге ғана емес, империялық жазалау жаһилдігіне көрсеткен рух қарсылығынан шамырқанған Олжастың дауысы сергек те сенімді шыға бастады. Колбиннің басы иіліп, жауырыны күдірейіп, дауысы бәсеңдеп, мысы басылып қалды.

Дмитрий Снегин мен Қалмұқан Исабаев та жастарды жақтап, империялық жазалау саясаты мен өктем пиғылына тойтарыс берді. Ешқандай қарсылыққа жолықпай, ойындағысын істеп әдеттенген жазалау құрылымы ашық қоғамдық қарсылыққа жолықты.

Менің пайымдауымша, Колбин өзінің бұл орында ұзақ отырмасын сол күні-ақ білді. Білді де әр түрлі жалтақтық пен алдарқатуға көшті. Бұл үлкен рухани жеңіс еді. Одақтағы бұл рухты өзге өнер саласындағы зиялылар да қостады. Сол нысананы ұстана отырып, қал-қадерінше тойтарыс берді. Сөйтіп, Жазушылар Одағы рухани қарсылық пен ұлттық қозғалыстың бірден-бір ұйтқысына айналды. Шерхан Мұртазаның: «Алаңнан әскерді әкетіңдер!», С.Бердіқұловтың «Талай сұқ саусақты көргенбіз. Шошайтпаңыз!», Досқан Жолжақсыновтың: «Жазалауды тоқтатыңыздар!», Олжас Сүлейменовтің: «Хатшылық – Қазақстанның ұстамалы дертіне айналды!» – деген қанатты сөздерін әр адам бір-біріне сүйіне, егіле айтып жүрді. Олжас Сүлейменов сол кезде Колбинді кездесуге шақырып, көндіріп, Жазушылар Одағына алып келмегенде мұндай ашық пікірлер айтылуы мүмкін емес еді. Жекелеген пікір иелерінің үнін шығармас еді. Ал мына жиын үлкен қоғамдық пікір туғызды. Ресми көзқарас қалыптасуына негіз қалады.

Сонымен қатар, ұлтшылдықтың негізін рушылдықтан, жүзшілдіктен, ләппайшылдықтан, қазақтың ұлттық санасының оянуынан, оқығандардың санының көбеюінен, жатақханаларда интернационалдық тәрбие жүргізілмеуінен, тарихи шығармалардың көп жариялануынан іздегендер де, сол пікірден екпін алған идеологиялық айыптаулар да болды.

Щеголихин деген дәрігер-жазушысымақ Колбинді жұбатқандай боп: «Қазақ ұлтшыл­дығы бас көтергені рас. Соңғы кезде қазақтың ұлттық өнеріне қатты көңіл бөлініп, дамып, ескі дәстүрлерді қайта жандандырып, айтыс, ұлттық оркестр, көркемөнерпаздар үйірмесі, түрлі ойындар теледидардан жиі көрсетілетін болды. Кейінгі кезде қазақ балабақшасы салынуынан (Алматыда «Ертөстік» атты жалғы қазақ тілді балабақша ашылған) соны байқауға болады. Бұл – ұлтшылдықты тудыратын қатерлі бағыт. Мен бұл оқиғаны іштей күтіп жүргенмін. Міне, бүгін соның кесірлі салдарын көріп отырмыз» -деген мазмұнда сөйлеген, оның сөзін залдағы қарсы шыққан ашулы дауыстар тұншықтырып тастады (реті келгенде қаперге іле кетейін: Иван Шеголихин бес жылдан кейін Тәуелсіз Қазақстанның «Халық жазушысы» атанып, тұңғыш орденін тағып, ұлтаралық жарастыққа сіңірген еңбегі үшін Назарбаевтың марапатына ие болды).

Жасыратын түгі жоқ, тура сол кезде өкімет пен партияның жүргізіп отырған саясатына қатысты дербес қоғамдық пікір қалыптастыра алатын бірден-бір зиялы күш – жазушылар қауымы болды. Композиторлар да, артистер де, суретшілер де, ғалымдар да Орталық партия комитетінің нұсқаулары мен қаулы-қарарларын дәл Жазушылар Одағындағыдай талқылап, тойтарыс беріп, түзету жасай алған жоқ.

Сол бейуақ шақта империялық-отаршыл өктем жүйенің зәндемі пиғылы жаппай жазалау саясатын жүргізу арқылы өзін-өзі әшкереледі. Империялық шовинизм де шаптыға шабынып, мысық тілеумен жүрген «аға ұлт» өкілдері мұжықтық можантопайлық түйсіктен арыла алмай, қолына темір шыбығын (арматура) ұстап шыға келді. Колбин әр жердегі кездесулерінде қазақтың бейітті ерекше қастерлейтінінен шошынып, әр ауыл мен қаланың шетіндегі зираттарды көріп, қаншама кірпіш пен мәрмәрдің кеткеніне қынжылғанын аузына алуы мұң екен, Кеңсайдағы зират талқандалды.

Қазақ ұлты үшін 1987 жыл өте ауыр кезең болды. Боздақтарымыз бірінен кейін бірі түрмеге түсіп, жер аударылды. Алматыда және он тоғыз облыстың бәрінде қазақтарға, сонын ішінде қазақ жастарына қарсы жазалау шаралары қарқынмен жүргізіліп жатты. Жазушылар Одағын тұқыртып ұстау үшін барлық империялық айла-амал мен аярлық тәсілдер қолданылды.
Қазақстандық ұлттардың арасына жік салып, оны ең қасиетті сезімге – ұлттық намысқа негізделген белгімен бөлді. Республика халқы қазақтар және қазақ еместер боп екіге ажыратылды да жергілікті ұлт қауіп пен қатердің ошағы, ұлтшылдықтың ұясы ретінде танылып, өзгелерден оқшау қойылды. Өз жерінде өмір сүргені үшін жексұрын етіп көрсетілді. Аса қуатты ұлыдержавалық қысым мен насихаттың барысында «жергілікті емес ұлттар» қазақтарға қарсы «коммунистік-колонизаторлық» пиғылдың ықпалындағы саяси күш болып қалыптасты. Олар қарусыз емес еді. «Қарусыздану» жөніндегі пәрмен мен «қарусыздандыру науқаны» тек қазақтарға ғана қолданылды. Ал казактардың сол кездің өзінде-ақ бес қаруы бойында болатын (олар арада 40 жыл өткен соң, 2026 жылы көкек айында Путиннен Қазақстанда казак атты әскер құрамасын жасақтауға рұқсат алып беруін өтініп, мәлімдеме жасады). Бұл науқанның күштілігі сондай, өзінің ықпалына қазаққа қандас түркі тектес ұлттарды да қосып алуға ұмтылды.
Жасыратын несі бар, сол тұста ұйғыр ағайындардың кейбір есерлеу өкілдері Жетісуды иемденбек болып шыға келді. Кәбіров сияқтыларды былай қойғанда, топтасып жиын өткізген зиялылардың пікірлері баспасөздерде, теледидар мен радио арқылы жарияланып жатты. Солардың қатарында суретші досым Әкімбек пен ұйғыр композиторы Құдыс Қожамияров та болды. Оларға тойтарыс берген пікірімнен кейін Құдыс акамыз Орталық партия комитетіне барып, менен түсінік алуды, мақала жарияланған «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы жария түрде кешірім сұрауды талап етті. Өзінің айтқанынан жалтарып шыға келді. Сөйтсем, теледидарда берілген бейнетаспаны өшіртіп тастапты. Комитет төрағасының орынбасары Сағат Әшімбаевқа барып, туралып кеткен таспаларды іздестіруге пәрмен алдық. Журналист Сейілғазы Әбдікәрімов екеуміз әлгі бейнетаспаларды тауып, айтылған сөздерін қағазға түсіріп, мәтінін Орталық Комитетке апарып бердім. Бетпе-бет сөйлескенде әлгі «айтқан жоқпын» деген сөзі аузына түспеген Құдыс ака: «Дайындалып келіпсің ғой!» - дегеннен басқа ләм айта алмай, орнынан тұра берді. Бұл «түсінісудің» жарты жылға созылғанын, Орталық комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков пен кеңесшісі Сейіт Қасқабасов мені барынша қолдағанын, сол кездегі «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Төлен Әбдіков, ұйғыр баспасөзі жөніндегі нұсқаушы (атын ұмыттым) ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Төлен ағамыздың газеттің бір бұрышына елеусіз болса да «Жұртбаев жаңсақ айтыпты» деген құлаққағыс жариялады. Тек татар мәдени орталығының жетекшісі ғана оларға қарсы шығып, қазақ ұлтының мүдделі мәселелерін шешуге шақырды.

Сол жылдары аз ұлттардың мұң-мұқтажы қазақтың мойнына жүктелді. Бұл науқанның салдарынан Қазақстанда әуелі славян тектілердің, кейіннен орыс еместердің қауымдастықтары құрылып, Қазақстан тәуелсіздік алған тұста сол ұйымдар өзгелерді өзінің айтқанына көндіретіндей тығыз топтасқан саяси-әлеуметтік қозғалысқа айналды. Қазіргі неше түрлі бірлестіктердің негізін «коммунистік-колонизаторлық» кеңес өкіметі осылай қалап кетті. Бұл күш қазір мемлекеттік-ұлттық саясатымыздың бағыт-бағдарының негізгі беталысын анықтап беретін, өз дегенін істеткізетін, дербес саяси-экономикалық саясат жүргізе алатын, өзімен есептесуге мәжбүр ететін «қазақстандық легионның» міндетін атқарып отыр. Ал бұлардың идеологиясын қалыптастырып отырған – империялық, ұлы державалық пиғылдан бас тартпаған ресейлік партиялар мен қозғалыстар. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы саяси-экономикалық байланысты реттеп, қақпайлап жүрген де сол күш. Олармен қазір де есептеспеске лажың жоқ. Осының негізі «Желтоқсан оқиғасынан» кейін қаланды.

Ең соңында арасына бұрыннан жарықшақ түскен тұлғалардың арасындағы топтық жіктеуді іске қосты. Осы соңғы «жүріс» өз нәтижесін берді. Ең алдымен Жазушылар Одағының бірінші хатшысы мен оның жақтастарына қамшы үйірілді. Әбіш орнынан ауыстырылды. Олжастың елу жасқа толуына орай суретін басқаны үшін «Жұлдыз» журналының редакторы Бекежан Тілегеновке қысым көрсетіліп, орнынан алынды. Онда жарияланған шығармалардың «ұлтшылдық, рушылдық» бағыттары әшкереленді. Орталық Комитеттің Желтоқсан оқиғасының себептерін ашатын және баға беретін пленумында жасалуға тиісті баяндама дайындалды. Бірде Сәтімжан Санбаев шақырып алып: «Мамырда өтетін Орталық Комитет пленумында қабылданатын қаулының нұсқасы дайындалыпты. «Қазақ ұлтшылдығын» оятқан жеті жазушының қатарында Есенберлин, Санбаев, Нұржекеев, Сматаев (Қалған екі жазушының есімі дәл қазір нақты есіме түспей тұр) бар. Ең соңында, ұлтшылдық пиғылды мұрат еткен «жас Алашордашыл» ретінде сені атапты. Қалғандары кезегін күтіп тұр»,- деді.

Қалай да жазушылардың басына бір қысым түсетіні анық еді. 1987 жылдың мамыр айына дейін томаға-тұйық күн кешкен тұлғалар бірте-бірте жанданып, үйренген әдетіне көшті. Әдебиеттегі ұлтшылдықты оятқан шығарма ретінде марқұм Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарын сынаған Бас тарихшының мақаласы газеттің екі санына қатар шықты. Бұл – әшкерелеудің басы еді. Мен туралы да бір қартамыс жазушы әйелдің (атын айтып табаламай-ақ қояйын) «Солшыл жас ұлтшылдан сақтанайық!» деген мақаласы «Қазақ әдебиетіне» келіп түсіпті. Оны маған хат бөлімінің меңгерушісі Шәкизада Құттыаяқов көрсетті. «Сұрағың болса келіп тұр» - деген сөзін малданып, Шер-ағаңа бардым. Бірден: «Білем! Білем! Шара жоқ. Екі қол байлаулы. Іш қайнайды. Ол менің пікірім емес. Өзің не айтасың?» - деді. Астыртын жұмыстың өз тәжірибесі бар. Әлем, орыс, әсіресе, Латын Америкасы, Балтық жағалауы мен Палестина жазушыларының өз еліндегі жазалау саясаттарын астарлы мысалмен әшкерелеген шығармалары туралы айттым. – «Мысалы, бізде кім бар?» – деді. Сол кезде Несіпбек Айтұлы аударып біткен Әлішер Науаидің «Ескендір қорғанындағы» патшаның өз халқын қырғынға ұшыратқан қасап майданы туралы дастанын айтып едім: «Әкелсін!» - деді. Несіпбек кешіктірмей апарып берді. Іле-шала дастанның сол тарауы газетте жарық көрді. Көзі қарақты оқырман онда Желтоқсан оқиғасы емеуірін етілгенін бірден білді.

Ашығын айтқанда, бәріміз де сол пленумның бір жыл бойы өтпегенінің арқасында қара тізімнен аман қалдық. Бірақ түрлі-түрлі түсініктерді аз жазғамыз жоқ.

Ал, Олжас тура сол күндері, өзінің асқақ ойы мен назарын ұлтының рухани тәуелсіздік жолындағы азаттық майданына бағыттап, Ұлттық Тәуелсіздік қозғалысына бет алды.

Сол зауал шақта Олжекеңнің адуын да алымды, батыл мінезінің арқасында қазақ қаламгерлері империяның қарулы жазалауы мен қиямпұрыс саясатына қарсы лайықты тосқауыл қойды, өзі айтқандай, «ұлы империялық жәдігөй бопсаның тоспасына» азат рухты қалқан қылды. Найзағай сойлы мірдің оғы өктем жаһилдің өңмеңіне қадалды. Жаһилдің өзін халықтың алдына әкеліп, қарғыс сөзін естірту Олжастан басқа ешкімнің ойына да келмейтін, қолынан да келмейтін. Бұл – ұлы жаһангер империяны кеудесін кері түйген алғашқы қарсылық, тәуелсіздікке бет бұрған қозғалыстың алғашқы саяси шеруі, азат рухтың еркіндікке ұмтылуы еді.

Андре Моруаның: «Кез келген билеуші үшін ең қауіпті адам – жазушы» деуі де сондықтан. Енді айтыңызшы, 1986 жылы Желтоқсанда Олжастан басқа қай қазақ Азаттық мінберіне көтерілді? Ұлттық намыс сынға түскен шақта оның үлкен саясатқа араласпай тыныш өмір сүруге амалы жоқ болатын және мүмкін емес еді...

«ЖОЙЫЛСЫН ПОЛИГОН!..»

Бұл қозғалысқа араласу менің тікелей азаматтық міндетім еді. Өйткені бұл — мен үшін және менің жерлестерім үшін, ағайын-туғаным үшін, кластастарым үшін өте қасіретті, өлім мен өмірдің мәселесі.

Мен 1962-1964 жылдары қазіргі жабылған полигонның тура түбінде, Дегелеңдегі шахтадан бес шақырымдай жерде, Сапарғали Бегалин мен Жүсіпбек Елебеков өмірге келген қыстауда тұрдым. Әкем полигонның сынақтан өтетін малын бағатын бақташы еді. Бізге ауыз суды әскерлер әкеп беретін. 1968 жылдың қысындағы жұтта да сол арада қызмет еттім. Полигон шындығының шет жағасын көріп өстім. Ақ қан ауруына шалдығып, қыршынынан қиылғандардың тізімінде туған қарындасым Төлеу марқұм да бар.

1988 жылы мектеп бітіргеніміздің жиырма жылдығы болды. Мамыр айында ауылға бардым. Семей қаласына түсісімен кластасым, әскери дәрігер, полковник Қабыл Көшербаев жаңа салынып біткен «Спутник» қонақ үйін көрсетіп: «Мынаның іші толған жас сәбилер. Полигоннан радиация тарап кетіпті. Улы газ жас балалардың өкпесін күйдіріп жібереді екен. Үлкендер шыдайды», – деді. Ауылға барғанда аузынан көбігі ағып, талып жатқан сәбилерді көріп зәрем ұшты. Қарауылдағы ауруханадан үлкендерді шығарып, балаларды орналастырыпты. Тойымыздың соңы көңіл айтуға ұласып кетті. Алматыға келісімен Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовке кіріп, барлық жағдайды түсіндіріп, пікір білдіріп, көмек көрсетуін өтіндім. Ол ойланып отырды да: «Менің соңыма Колбин мен Камалиденов түсіп алғанын білесің. Күзге дейін арыны басылар. Сол кезде есіме сал», – деді. Бірақ Олжастың қуғын-сүргіні ұзап кетті.

1989 жылы ақпан айында Медеу Сәрсекеев пен Төкен Ибрагимовтің мүшелтойына қатысу үшін Семейге барғанымда Қарауылға да соға кеттім. 14-17 ақпанда екі жарылыс қатарынан болып, екеуінен де улы газ таралыпты. Аудандық аурухана сәбилер мен қарттарға лық толы. Тағы да көңіл айту. Төкеңнің тойына қатыса салып, таңертең Алматыға ұштым да әуежайдан бірден Жазушылар Одағына келдім. Одақтың ғимаратына кіріп келе жатқан Олжастың алдынан шығып амандасып: «Олжеке, өмір сүргім келмей тұр. Сізге соның жайын мәлім етуім керек», – деп шындығымды айттым. Тіксініп қалды.

Олжекеңнің қабылдауын күтіп отырғандар көп екен, мені жіберуін өтінді. Жай-жапсарды түсіндірдім. Сынақты, улы газды, ауруханаларды, әскери дәрігер досымның куәлігін алға тартып, егер шара қолданбасаңыз, өз тағдырымды өзім шешемін деген мағынада түсініктеме жазып бердім. Басын шайқады да «Енді төзуге болмайды. Сволочи!» - деп кіжініп, телефонға қолын созды, дәл қазір шұғыл кірісетінін айтып, жарты сағаттан кейін келуімді өтінді.

«Бар, «Барға» бар. Барамын», – деді. Осы бір іркес-тіркес айтылған төрт «барды» естіген соң дәлізге шықтым. Сәлден соң жүгіріс басталды. Одақтың хатшылары Сайын Мұратбековті, Геннадий Толмачевті, Әкім Таразиді, Ұлықбек Есдәулетті шақыртып жатты. Бір кезде: «Тұрсын! Кел!» – деп айғайлады. Бардым. «Сволочи! Осындағы әскерилермен және Мәскеудегі қорғаныс министрлігінде істейтін сенімді адамдармен сөйлестім. Улы газ шыққан. Қазір ЦК-ға мәлімдеймін. Хат жазамын! Енді үнсіз қалуға болмайды. Сен үйіңе бар. Демал!» – деді. Сонда ғана жаным кірді.

Сөйтіп «Семей – Невада» қозғалысы дүниеге келді. Колбиннің есін тандырған алғашқы соққы осы болды. Енді оған Қазақстанда орын жоқ болатын. Бұл – Желтоқсанда оянған ұлттық рухтың жеңісі, Олжастың тағы бір ерлігі.

Жұма күні Одаққа барсам, арлы-берлі сапырылысқан жүгіріс. ЦК-дағы идеологтар да жүр. Баяғыдай емес, қабақтары пәс. Олжас арқамнан қағып: «Сен азаматтық міндетіңді орындадың. Ендігісін бізге бер. Сөзсіз күресеміз! Міне!» - деп үндеуді көрсетті. Қадыр Мырзалиев, Дмитрий Снегин, Сайын Мұратбеков, өзі қол қойған наразылық мәлімдемесін көрсетті. Кешкісін теледидардан бүкіл елге таралды. Жексенбі күні Жазушылар Одағында бейресми митингі өткізілді.

Осы оқиғалар қазақтың рухани-ұлттық күресінің бастамасы болды. Колбиннің Қазақстандағы беделін жермен жексен еткен де осы қозғалыстар! Ұлттық санамызды оятқан қозғаушы күш!

Осы арада, көптен айтқым келіп, әдеп сақтап жүрген бір шындықты айтатын уақыт келген сияқты. «Семей-Невада» қозғалысының басталуы туралы Ғаббас Қабышұлы ағамыздың Олжасты жерден алып, жерге салып, орыс, қазақ тілдерінде нақты қаралаған, тіпті мазақ еткенге пара-пар мақаласы жиырма жыл бойы үзбей жарияланып келеді. «Полигонды жабу мәселесін сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев бірінші боп көтерді, КПСС Орталық комитетіне қарсылық білдірді. Олжас атақ-даңқ үшін жолдан кірісіп, қағып әкетті», - дейді. Сол кезде Жазушылар Одағында қызмет еткен ағамыздың мұндай жөнсіздікке не үшін барып, бірбеткейлік танытуының себебін түсінбедім.

Ал сол жылғы наурыз айының басындағы обкомның бюросында, сәуір айындағы обкомның пленумында, партия белсенділерінің жиналысында К.Бозтаев: «Отанымыздың қорғанысы үшін аса маңызды әрі мақтанышымыз Семей атом полигонын жабу туралы біреулер дақпырт шығарып, зиянды пікір таратып жүр. Сүлейменов деген кім өзі? Білесіздер ме? Ақын көрінеді. Ендеше, өлеңін шимайлай берсін. Ал біз, семейліктер, полигонның ешқандай зардабын тартып отырғамыз жоқ. Мұндайға жол бермейміз», – деп сөйлеген болатын.

Бұл сөзге сол кездегі обкомның бюро мүшесі, Облыстық кәсіподақтар комитетінің төрағасы Нығметжан Жотабаев пен Хафиз Матаевты, пленумның есебін жазған «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Дәулет Сейсеновті куәға тарта аламын. Жабық хаттаманың көшірмесі де дәлел.

Кешірім ағамыз бұл ұстанымынан ССРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттары атынан келген комиссияның жұмысынан кейін ғана бас тартты. Ал жиырма екінші ақпан күнгі Олжастың дүмпуінен соң Қазақстан компартиясы мен КПСС орталық комитеттері есеп сұратқаны анық. Әскерилер жазып берген ондай анықтаманы Обкомның бірінші хатшысының қарсылығы ретінде қабылдауға болмайды. Ол хатты сұратқан адамдардың есімдері де, хаттардың мәтіндерінің мазмұны да белгілі.

Кешірім Бозтаевты мен де білемін, сәлеміміз түзу болатын. Кейін КПСС орталық комитеті тарапынан берілген тапсырма бойынша полигонның зардабын жоюға белсене араласты, тиісті үлесін қосты. Республика президентінің жарлығын жүзеге асырды. Демалысқа шыққан соң ол туралы екі кітап жазды. Деректері мол, ойласуға тұратын, жазылу мәнері ысылған қаламгерге тән ширақ кітап шығарды. Орыс, қазақ тілінде бір деңгейде жатық жазу кәсіби қаламгерлердің де қолынан келе бермейді. Жарайды, бұл автордың қабілетіне ғана емес, әдеби өңдеушінің тәжірибесіне де байланысты шығар. Алайда сол еңбектерінде осы оқиғаны бір-ақ сөзбен: «Полигонның жабылуына Семей-Невада» қозғалысы да қолқабыс тигізді» – деп немкетті атап өте шығыпты.

Кешірім ағамыздың бұл пікіріне таң қалып, осы мәселе туралы ойымды өзіне айтқым келіп жүргенде дүниеден озып кетті. Әруақпен айтысатын емес. Ал Ғаббас ағамыздың бұл мәселені Олжастың бетіне қарғыс таңбасы етіп басқысы келгендегі мақсаты не, соны түсінбедім. Бұл – кеңестік империя тұсында басталған халықаралық деңгейдегі алғашқы халықтық қозғалыс. Оның әр минуты, әр сөзі, әр әрекеті Қауіпсіздік комитетінің, Орталық Комитеттің, шетел елшіліктерінің, әскери атташелерінің, тіпті, барлаушыларының, қоғамдық қозғалыстарының ақпараттары мен хаттамаларында қаттаулы тұр. Ешкім жоққа шығара алмайды оны. Бірімізді бірімізге қарсы қойып, өзімізді өзіміз өтірік әшкерелеп, қолдан қарақшы жасауға неге әуеспіз?

Осы қозғалыс ұранын қолдаған республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы тамыздағы арнайы Жарлығымен Семей полигонының үні өшті. Бұл – шындық және мемлекеттік пәрменді шешім. Ал, полигонның жабылуы туралы бұйрыққа келсек, мен оны амалсыздан шығарылған пәрмен және бұл туралы арнайы келісім (жоғары жақпен, Кремльмен) деп есептеймін. Егер әу баста «тағы да екі рет жарылыс жасауға» келісім бермесе, не Президент ишара жасамаса онда К.Бозтаев ардагерлерге қол жиғызып, Х.Матаев сияқты ел ағаларына «Полигон отан қорғанысы үшін қажет. Біз оның жабылуына қарсымыз», – деп үндеу жаздыртып, арандатпас еді. Олар өз бетінше үгіт жүргізді дегенге сенбеймін және Олжас ашқан «Аттан» майданының айқайынан сескенді.

Бұл – толығымен «Семей-Невада» қозғалысының жеңісі. Қазір де «Семей-Невада» қозғалысын бастаған Олжас емес» деген әңгімелер айтылып жүр.

Мен соларға қарап, «тарихты қолдан жасауға болады екен-ау» деп таң қаламын. Бірақ Олжастың да, менің де ештеңеміз кеткен жоқ, игілігін ел көрді. Соған рахмет! Сөйтіп, «Семей-Невада» қозғалысының ашылуына себепкер болдым. Сол қозғалыстың екпінімен полигон жабылды. Сол қозғалыстың ықпалымен полигоннан зардап шеккен семейліктер тиісті зейнетақы алды. Өз басыма келсем, жұбайымыз екеуміз ақылдасып, сол зейнетақыны алмауға келістік. Қасіретті еміп күн көрмейік деп шештік. Енді Ресей етегін де ұстатпайды. Олардан Азғыр мен Байқоңырдағы протондардың зардапақысын алуға қол жеткізсек, соның өзі үлкен мәртебе болар еді.

Иә, тез тұтанып, тез сөнетін ұлттық мінезімізден әлі де айырылмаппыз. Алайда дәл осы оқиғаларды ұмытуға қақымыз жоқ еді ғой, ағайын! Тіпті, Қазақстанның азаттығын дәріптеуге құрылды деп жүрген «Азаттық» радиосы да сол жылдары Олжасты кекете сөйлеуге әуес боп жүрді. Сол кезде Қазақстаннан барған ағайындардың салқыны тиді ме, кім білсін. Бірақ сол жігіттер осы үш оқиғаның да куәсі болып еді! Олжастың етегінен бір тартып қалу үшін алыстан дауыс көтерудің пәлендей қажеттігі бола қоймас. Ол үшін дүние жүзіне жар салудың, сүйінші сұраудың жөні де жоқ-ау, сірә! Олжас – өз ұлтының алдындағы парызын орындаған азамат...

ТАНЬКА МЕН ТАНКІ

Олжас – өмірде де, өнерде де, қарсыласына қолайсыз, өте тәуелсіз тұлға. Ол ақылы мен мінезін бір-біріне билеткен күрделі азамат. Сырты сұсты да сұлу қөрінгенімен, жан дүниесі сондай жайдары, қарапайым, тіпті жан баласын ренжіте алмайтын жұмсақ мінезді адам. Ал мәселе көзқарасқа тірелгенде ерекше тұлғаланып шыға келеді. Ірі харакеттің иесін кейде ұсақ сөзбен шымшылап жатамыз. Бірақ қасиетін біліп, мойындап тұрып, ойланып айтсақ, түсінбейтін тоңмойын кісің Олжас емес.

Өйткені, оның да көздегені – қазақ ұлтының, тәуелсіз мемлекетіміздің бүгіні мен болашағы. Олжастың өзі айтқандай, «ұлтымыздың басынан бақ кетпесін. Әмин!»
Тәуелсіздікке бет алған ұлттың әрбір азаматы, мектептегі оқушыдан бастап ақсақалды қарияға дейін саясатшы болуға тиіс. Өйткені, біз рухани тәуелсіз, еркін, отаршылдықтың не екенін білмейтін мемлекетіміздің іргесін қалап жатырмыз. Тіпті, үй-ішіміздегі тәрбиеміздің өзі де саясат. Мұндай шешуші кезеңде Олжастың саясатқа араласуын заңды деп есептеу керек.

Достарының біреулері оның саясатпен айналысқан жылдары – Олжастың текке өткізген жылдары деп есептейді, екінші бір достары: Олжастың соңғы бір жылда саясаттан алыстауын орны толмас өкініш ретінде бағалайды. Олжастың саясатшы есебінде атын естігісі келмейтін, онысын кешірмейтіндер де бар.

Таяуда үш-төрт азаматтың: «Ойбай, Олжас бір кезде Колбиннің қолшоқпары болған» деген пікірсымағын оқыдым.

Өзге-өзге, дәл Олжасты мұндай арандатудың ешқандай қажеті жоқ. Өйткені, шындықты білетіндердің дені әлі тірі. Ал қалайда Олжасты мұқату қажет болса, өзгеше бір жөнін таппай ма!

Мен олардың барлығының пікірін жоққа шығара алмаймын, бірақ әйтеуір бір үйлесімсіздік бар екенін білемін. Бетінен жарылқасын! Тәуелсіздік алған соң да бұл арандатулар Олжасқа бағытталғанына жаның түршігеді. Өйткені, ойлау жүйесі ерекше, әлемдік империялар мен отарлау жүйесін, олардың отарлаған ұлттардың қаны мен жанына, жұлын-жүйкесіне сіңіріп кеткен зәндемі зардаптарын өз көзімен көрген Олжастың, солар басынан кешіп отырған емделмейтін зауалдардан – Тәуелсіз мемлекет құруға енді ғана бет алған ұлтын сақтандырған жан айқайын тәжірибесіз аңғал халқы түсінбеді. Әрине, түсінгісі келмегендер де болды. Сол орайда өзімнің жеке басым куә болған бірер жайға ғана тоқталайын.

Ол – Ұлттық сана да, ұлттық ықтисат та, ұлттық саясат та ағысы жоқ мұхиттың толқынындай бір-бірімен кеудесін соға қақтығысып, «бас-басына би болған» тоқсаныншы жылдардың алғашқы кезеңі еді. Парламенттің ғимаратынан қиқу кетпейтін, үнемі найзағайша жарқылдап жататын күндер мен түндер болатын. Тіл туралы заң қабылданарда қазақ қоғамы бұрынғыдан бетер ашынып, саяси шарпысулар шатынай асқынды. Мұның соңы тұрақты экономиканың қолдан жасалған арандатулары арқылы күйреумен аяқталды. Қоғамның арасына «темір сына» қағылып, барған сайын қақырап, жарықшақ үдей түсті. Оған жер және мемлекеттік тіл, қазба байлықты шетелдіктерге сату мәселесі қосылып, тіпті, ушығып кетті. Ал, «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп конституцияда бекіліп қойған заңды кері қайтарып, «ұлтаралық тілді» ойлап тапқанда Шер-ағаң мен Мұхтар Шахановтың жан дауысы шықты.

Өзім куә болған бір жайтқа ғана тоқталайын.

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесін иеленіп Жоғарғы Кеңесте бекітілді. Сол кезде Олжас ағамыз: «Шерхандар бүгін зорлап бекіткенмен ертең оның күшін өзі дауыс беріп қайта жояды. Әсіресе, шет елмен байланыста орыс тілінсіз қазір аттап басу мүмкін емес. Сондықтан, қашан қазақ тілі халықаралық байланыс құралына айналғанша белгілі бір кезеңге дейін орыс тілінің мемлекетаралық тіл ретіндегі статусы сақталуы керек», – деген пікір айтты. Қоғам іші екіге бөліне даурығып, Олжасқа қарсы қатты сөздер айтыла бастады. Ал, орыстілді, кейін министр болған жауапты дипломат: «Мен Сыртқы саясатты қазақ тілінде жүргізуім үшін басымды ауыстыруым керек. Бұл мүмкін емес», – деп кекжең қақты. Кекжеңдесе – кекжеңдегендей жөні бар, ол жылдары шет елмен қазақ тілінде ресми хат жазысатын мамандардың саны екі-үшеуден аспайтын. Сондықтан, «басын ауыстыра» алмайтынсың. Оны білсек те ешкім көнгісі келмеді. Соның біреуі – өзіммін. Бұл қалай?

Қатты ширығып, бұл пікірінің қате екенін өзіне айтқым кеп Олжекеңнің кеңсесіне бара қалдым. Кәсіпорындардың мамандары мен директорларын жиып ап ұзақ әңгімеге кетіп отырған үстінен түсіппін. Олжас әр заттың бағасын жатқа айтып, экономикалық талдау жасап, оның Қазақстанға қандай жақсылық әкеле алатынын атап отырды. Сөйтсем менің алдымда ғана Польшадағы «естен тандыру» экономикасының авторы, сол кездегі премьер-министрі (атын ұмыттым) екеуі ұзақ әңгімелескен екен. Шынымды айтайын, өзі жаңа ғана ауруханадан шыққан Олжасты аяп кеттім. Саясатта несі бар екен деп ішім қатты ашыды. Сөз реті келгенде:

– Сіздің парламентте тіл туралы айқан пікіріңізді түсінбедім және қолдамаймын. Сонда Желтоқсан оқиғасына қатысты құрылған комиссия, Алаш қайраткерлерін ақтау, «Семей-Невада» қозғалысы жәй ғана желпуіш болып қалғаны ма. Сіз отаншылсыз ғой. Мұны қалай түсінеміз, қайтыңыз пікіріңізден! – дедім.

Олжекең жұлып алғандай:

– Иә, отаншылмын. Мен ол көзқарасты елуінші жылдың соңынан бері ұстанып келемін. Шет елге менен көп шыққан қазақ жоқ. Мен әр сапарымда бұрын колония болып, кейін тәуелсіздік алған мемлекеттердің тағдырына, әсіресе, тіл мәселесіне қатты назар аудардым. 1948 жылы Израиль жеке мемлекет болғанда иврит тілін білетін бір саясаткер жоқ болатын. Кнессет: «Тура он жылдан кейін мемлекет иврит тіліне көшсін. Оған дейін тілді үйренсін», – деп үкім шығарды. Еврейлер он жылда емес, бір жылдан соң жаппай еврей тіліне көшті. Содан кейін, 1949 жылы Гаага келісім шарты бойынша, «отардан жаңа құтылған мемлекеттердің тілі – 10 жылдан кейін ұлтаралық тіл боп танылсын» деді. Индиядан басқа мемлекеттер солай істеді. Ал, Индияның мемлекетаралық тілі қазір де ағылшын тілі. Біз де сол 10 жылды және оның жүзеге асатын нақты күнін белгілеуіміз керек. 10 жылдың ішінде, бүгін мектепке барған бала қазақ тілін толық меңгеріп шығып, іс-қағазын жүргізуге еркін қабілетті болады. Қазіргі 20 мен қырықтың арасындағылар ресми хаттама жүргізу деңгейіне көтеріледі. 50-ден асқандарға зейнетке шыққанша ауызекі тіл де жетеді. Көресің, бір-екі жылдың ішінде бұл заңға өзгеріс кіреді, орыс тіліне – «мемлекетаралық, не ұлтаралық тіл» деген статус беріледі. Содан кейін жағдай өзгереді екен деме. Тіл саясаты – саясатқа айналған соң, 15-20, тіпті, 30 жылда да жүзеге аса қоюы неғайбыл. Саясаттың бұлтағына түскен іс ешқашан тез шешілмейді. Ал, Гаага келісім шартына сүйеніп 10 жыл уақыт берсе, онда шет елдің бәрі, соның ішінде Россия да оны еріксіз мойындар еді. Ал, біз ана Танькаларға: «Он жылдың ішінде тіл үйрене алмайтын топассың ба?» – деп ашық айтар едік. Мен мұны, ұғын Тұрсын, тілімнің мәңгілік тұрақты болуы үшін айттым. Сенбесең, біраз шыда, көресің, - деді.

Бұл – халықаралық тәжірибе, орынды пікір. Бірақ, ішімнен Олжекеңнің пікірімен келіспедім. Бірақ, өкінішке орай, Олжекеңнің айтқаны тура келді. Араға жыл салып, Татьяна Квятковская деген орыс журналисінің ұсынысымен парламент таратылғанда Олжекеңнің – депутат Олжас Сүлейменовтің мінбеге көтеріліп айтқан: «Парламентті – Ресейде танкілер, ал Қазақстанда – Танькалар (Татьяналар) тарқатады», – деген сөзі мәтелге айналып кетті. Сөйтіп, Қазақ тілі туралы заңды қабылдаған алғашқы парламент, Олжастың айтқаны тура келіп, заңсыз түрде таратылды. Оның орнына «Мемлекетаралық және мемлекеттік қарым-қатынас тілі» деген жаңа заң қабылданды. Ал, қазақ тілі болса, саясаттың сайқал салындысына ілесіп, міне, 40 жыл болды, әлі қалтақтап келеді.

Егер Олжекең ұсынған Гаага шартына орай он жыл мерзімді заң ретінде бекіткенде, қазақ тілі халықаралық мемлекеттік қатынас тілі ретінде айналымға түсіп, әлем тілдерімен тең қолданғанының 30 жылдығын тойлап отырады екенбіз.

Сол жылдары «Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінің» меңгерушісі едім. Ғимараттың іргетасы құлап, күрделі жөндеуді қажет ететін. Жоғары жақтың табалдырығын тоздырғанымнан ештеңе шықпады. Қинала отырып, соны Олжекеңе айттым. Түн ортасында үйге қайтқанмын. Таңғы сағат тоғызда: «Тез мұражайға жетіңіз. Президенттік комиссия келеді», - деді музей қызметкерлерінің бірі.

Сөйтсем, Олжекең таңғы сағат 8-де Президентке кіріп атой салыпты. Сағат 10-да премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов бастаған үкімет комиссиясы келіп, мұражайды жауып, шұғыл күрделі жөндеуден өткізуге бұйрық берді.

Міне, осылайша Олжекеңнің азаматтық сауабы рухани ұстазы Мұхтар Әуезовке де тиді. Мұндай батыл, пәрменді шешім Олжас Сүлейменовтің бойына туа біткен қормалды қасиет. Қашан да жақсылықтың жанашыры болып жүргені жаныңды сүйсіндіреді.

Тағы бір таң қалдырғаны, 2001 жылы Еуразия университетінің атриумына «Күлтегін жазуының» тас тұғыры әкелінді. Ашылу рәсімінде Шыңғыс Айтматовпен қолтықтаса шыққан Олжас ағамыз: «Мен түркі тілінің тастағы дастаны Күлтегін жазуының құрметіне түркі тілінде, немесе, қазақша сөйлеймін. Қайырымы келмесе, қайырым етерсіздер!» - деп бастап, күрделі ойлардың қабырғасын сындырып, өзіне тән ырғақ-ұйқаспен абызша толғай жөнелгенде таңырқамаған адам қалмады. Әлгі, қазақша білмейді деп күңкілдеп жүргендердің мысы басылып қалды. Мен де таң қалдым әрі сүйіндім, кеудемді мақтаныш кернеді. Шындығында да, сүйінсем – сүйінгендей, мақтансам – масаттанатындай жөнім бар еді.

Ал, кейінгі ұшырасуымның мәні тіпті бөлек, күтпеген сый болды. Себебі, мен үшін сонау Алматыдан әлемдік парасаттың айқасқасы Олжас Сүлейменов, «Ұраным-Алаш»..» – «Боль моя, гордасть моя Алаш!..» – деп озандатып Астанаға арнайы ұшып келеді деп кім ойлаған? Оған себепкер таза ойлы, ұлтының рухани жанашыры Сауат Мыңбаев бауырым болды. Бірде өзі арнайы кісі жібертіп кеңсесіне шақырып алып: «Дулыға» мен «Ұраным – Алаш!» эпопеялары – ұлтымыздың тарихы мен тағдыры. Өзге жұрт та, өз ұл-қыздарымыз да білсін. Орыс тіліне аудартайық. Қаржысын мен көтерем. Бұған қалай қарайсыз, рұқсат бересіз бе?» – деді. Қалай қарайтыным белгілі, рұқсат бермейтін несі бар. Бұрыннан дайындығы бар Орынбай Жанайдаров досым аударуға кірісіп кетті. Еуразия университетінде өтетін кітаптың тұсаукесеріне Олжас Сүлейменовті шақырыпты. Бұл хабарды сенімсіз қабылдадым. Ертеңінде Ғылыми конференция залына қасқайып Олжекең кіріп келе жатқанда дымым шықпай қалды. Жазушыға бұдан асқан құрмет бола ма! Қалам ұстаған елу жылда бір көрген мұғжизам сол болды. Кітаптың тұсауын кесіп, орнына отырған соң Олжекең өзінің атой текті анық дауысымен әр сөзін нығарлап айтып былай деді (Сөзбе-сөз келтіремін):
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ: Особенно последние страницы этой книги, об Ауэзове Мухтаре меня очень тронули. Сведения о наших Великих Алашординцах, об их судьбе мы много знаем, уже много знаем о них. Тұрсын добавил к этим знанием, еще добавил свои эмоции. Но вот то, что об Ауэзове Мухтаре, который написал «Путь Абая», а Тұрсын сейчас написал «Путь Мухтара», это последние главы вот этой книги. Это все происходило на наших глазах, мы сами все видели в конце 50-х годов, как доставалось Мухтару Ауэзову. Последнему Алашординцу Казахстана. Он был секретарем Алашордынской партии в свое время. И этим добивали его друзья, коллеги, писатели, все время напоминая и напоминая об Алашорде, и никакие награды, никакие сталинские премии, его не выручали от этих их наветов.
Здесь я заметил одну ошибку, которую я Тұрсыну потом подскажу. Потому что многие вдруг становились как бы защитниками Ауэзова, хотя на самом деле они его толкали тогда в ряды врагов народа. Наши друзья писатели. Я знаю, кто именно из писателей, помню их имена. Я тоже руководил этой организации, знаю какой сложный состав писательский. Есть люди который яростно были против того, что случилось с нашим народом. Среди них Тұрсын Жұртбай. Он доказал своим трудом, своими трудами, что высокое звание писателя она сохраняет, находится на своей высоте. Сейчас, когда литература в кризисе, молчит литература. Он один практически вот такую тему поднимает. И донес до читателя.
… Поэтому книги, такие как написал Тұрсын, они необходимы, потому что в этой книге я нашел фамилии, знакомые фамилии людей, которые по-настоящему тогда боролись. Я сейчас назову даже Тамаза Айтмұхамбетова – Председателя Верховного суда. С которым мы тогда несколько человек – желтоксанцев вытащили из Сибирских лагерей. Я помню, что были и еще другие люди, которые во власти, которые способствовали освобождению этих ребят. И литература старалась тогда помочь. Сейчас наша литература вот – Тұрсын Жұртбай. Остальных я редко кого слышу. Особенно в такой обстановке, к сожалению».

Мұндай жанашыр жүректен шыққан, жанды жылытқан адал сөзге не деп баға берейін. Тек толқып:

– Шындығын айтайын, жаңағы Олжас ағаның: «Тұрсын – жазушы деген атқа толық лайық» – деген бір ауыз сөзі мені қатты толқытты. Егерде «жазушы» деген атқа толық лайық болсам, онда мен үшін мына дүниеде одан үлкен құрмет жоқ. Ал оны Жазушылар Одағының құрметті төрағасы айтып отырғанда бұл бағаны ризалықпен және сенімді түрде қабылдаймын. Сексен жетінші жылы Олжекең маған Қауіпсіздік комитетінің архивіне рұқсат алып берді. Қалыптасқан жағдайды пайдаланып, екі жылдай мұрағатпен айналыстым. Сонда көшіріп алған деректер, міне, 35 жылдан кейін жарыққа шығып отыр. Олжекеңнің сол кезде берген тапсырмасы орындалды. Құрметті Олжас Омарұлы! Тапсырмаңыз толық орындалды. Енді тапсырып алыңыз! – деп сөзімді аяқтадым.

Одан асырып не айтқандай едім? Ал мына мақаламда оған қоса былай демекпін:

«Міне, сіз туралы үш айға созылған жанкешті естелігім де аяқталды. Мұны да қабыл алыңыз, Аға! Бар адал пейіліммен, өзіңіз айтқандай, эмоциямды қосып жаздым. Сіз сияқты Ұлт қаһарманы бастаған Ұлттық майданның қатардағы жауынгері болғаным, аса жауапты әрі шетін тапсырмаларыңызды орындауға атсалысқаным үшін өзімді толық қанағаттанарлық көңіл ауанында сезінемін. Сіздің қанатыңыздың астында болуға нәсіп еткен тағдырыма ризамын. Тоқсанда да тоқырамаңыз, ар мен ожданның, парасат пен намыстың, ақыл мен ойдың тәуекелшіл Императоры! Ләппай!» – деген алғаумен толғауымды аяқтаймын.

Тұрсын Жұртбай

Сағат 15.30. 23 көкек. 2026 жыл. Астана, «Жеті қазына»

Комментарии