Әйелдерді “жеке емдеді” деген каратист имам ұсталды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3TLvl3xZvCxs0lueQ88EEDUnRuQMHQqyswvqclXy.png

Тәжікстанда «Эшони-каратэ» лақап атымен танылған Саидахмед Ахмедов ұсталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Avesta-ға сілтеме жасап.

Ол аморальдық әрекеттер жасады және діни беделі мен адамдардың сенімін пайдаланып, интимдік қатынасқа түсті деген күдікке ілінген. Тәжікстан ІІМ мәліметінше, Ахмедов өз ізбасарлары арасында «Эшони-каратэ» деген атпен белгілі болған. Алайда оның діни білімі болмаған, ол бал ашумен, магиялық рәсімдер өткізумен айналысып, жеке және іскерлік мәселелерді шешуге көмектесемін деп уәде берген.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Саидахмед Ахмедов көмек сұрап келген әйелдерді туыстарының қатысуынсыз өз үйінде қабылдаған. Дұға оқу және түрлі рәсімдер кезінде олардың діни сенімін пайдаланып, әйелдерге қатысты әдепсіз әрекеттер жасап, жақын қатынасқа түскен. Сонымен қатар кейбірін некеге тұруға көндіріп, кейін олармен қарым-қатынасын тоқтатқан. Күдіктінің өзі әйелдермен жеке қалауын қанағаттандыру үшін некеге тұрғанын мойындаған.

Ұялы телефонын тексеру барысында көптеген әйелге жеке сипаттағы хабарламалар жібергені анықталған. Жалпы алғанда, ол 11-ден астам әйелмен осындай қатынаста болғаны хабарланды.

Қазіргі уақытта ол үш әйелімен бірге тұрады, ал 10 әйелден 20 баласы бар. Балалардың ауыр тұрмыстық жағдайда өмір сүріп жатқаны айтылды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол сенімге кіру үшін дене жаттығуларын және «каратэ» элементтерін көрсеткен. Сол себепті оған осындай лақап ат берілген.

Сондай-ақ ер адам рәсімдер өткізу үшін азаматтардан 100-ден 200 АҚШ долларына дейін ақша алып, кей жағдайда бір қой талап еткен.

Ол 20 жыл бойы Маданият-2 мешітінде имам-хатыб болып қызмет атқарған. Ресми түрде адалдық пен имандылыққа шақырғанымен, тергеу дерегінше, заңға қайшы әрекеттер жасаған.  Ер адамға қатысты Тәжікстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 142-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін де Ахмедов Қылмыстық кодекстің 170-бабы (екі немесе көп әйел алу) бойынша сотталған.

Комментарии