«Жарық жүректе – нұрлы әлем» тақырыбында толықтыру шарасы өтті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FEMHRBk5f0lATRshgMOKJkHcPwsSwhS6ztiIG6Mu.jpg

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Қордай және Шу аудандарында «Тифломузей» жобасы аясында зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған танымдық толықтыру шаралары өтті. Аталған іс-шаралар тарихи-мәдени мұраларды ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолжетімді ету, жәдігерлерді қолмен ұстап сезіну арқылы таным көкжиегін кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.
     
Қордай ауданындағы Кенен Әзірбаев атындағы Қордай аудандық әдеби-мемориалдық музейі базасында «Қолыңмен ұстап, жүрекпен сезін!» танымдық бұрышы бойынша «Жарық жүректе – нұрлы әлем» тақырыбында толықтыру шарасы өткізілді. Шара барысында қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, әнші-композиторы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған жәдігерлер таныстырылды. Зағип оқырмандар Кенен атаның тұрмыста пайдаланған жеке заттары мен киімдерін қолдарымен ұстап танысу мүмкіндігіне ие болса, көру қабілеті төмен азаматтар QR-код арқылы смартфон көмегімен жәдігерлер туралы толық ақпарат алды. Арнайы 26 жәдігерге заманауи үлгідегі QR-код енгізіліп, мазмұндық толықтырулар жасалды.
   
  Сонымен қатар, Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі мен арнайы кітапхананың бірлесуімен «Жанарсыз да жарық әлем» тақырыбында толықтыру шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара аясында «Тифломузей» жобасының тарихи-танымдық бұрышына 20 QR-код орнатылып, келушілерге тарихи жәдігерлердің мазмұны смартфон арқылы қолжетімді болды. Көрмеге керосин шамы, шоқ үтік, күбі, қобыз, пионер барабаны, рубель, жүген секілді ұлттық және тарихи құндылығы жоғары бұйымдар қойылып, олардың тарихы жан-жақты таныстырылды.
     
Екі шараның да басты мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау, музей экспозицияларына ерекше қажеттілігі бар азаматтардың еркін қол жеткізуіне жағдай жасау және есту, сезіну арқылы танымдық мүмкіндіктерін арттыру. Іс-шара барысында арнайы кітапхана қорына келіп түскен әдебиеттерден ұйымдастырылған «Кітап – тарих айнасы, шежіре – ұрпақ мұрасы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, оқырмандарға кеңінен таныстырылды.
     
Шара соңында кітапхана оқырмандары мен музей қонақтары алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Комментарии