76 жастағы қазақстандық жиһанкез Париж қаласына жаяу барды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6XEP776IBGEfj2kBoBQDsDYeRtHhXp4rSe68tieS.webp

Фото: Баян Шайғозованың Facebook-тегі парақшасынан

Қазақстандық саяхатшы Сәрсенбай Қотырашев Франция астанасы – Париж қаласына жаяу жетіп, өзінің көпкүндік сапарының кезекті кезеңін сәтті аяқтады. Ол 24 сәуір күні Триумф аркасы маңында мәреге жетіп, отандастары мен дипломаттардың құрметіне бөленді.

76 жастағы жиһанкез 3 наурызда жолға шығып, шамамен 3000 шақырымды жаяу еңсерген. Оның бағыты Сербия, Мажарстан, Австрия және Германия арқылы өтіп, Франция аумағында аяқталды. Сапар барысында түрлі логистикалық және табиғи қиындықтарға қарамастан, саяхатшы өз мақсатына жетті.

Қотырашев бұған дейін де ауқымды жаяу сапарларымен танылған. Ол Қазақстан аумағын толық аралап, Кавказ арқылы Түркия еліне жеткен. Кейін Алтай мен Моңғолия арқылы Қытай жеріне дейін барған. Әлеуметтік желілерде ол UlytauMan лақап атымен белгілі.

Еуропадағы бағыт саяхатшы үшін ең күрделі кезеңдердің бірі болды. Жол қозғалысы талаптарына байланысты ол автобандармен жүре алмай, көбіне велосипед жолдары мен балама бағыттарды пайдалануға мәжбүр болған. Сонымен қатар, жүк артқан арбасының істен шыққан сәттері де тіркелген.

Париждегі сапары аясында саяхатшы ЮНЕСКО штаб-пәтеріне барып, халықаралық деңгейде құрметке ие болды. Ұйым өкілдері оны қазақ мәдениетін насихаттаушы тұлға ретінде бағалады.

"Мен әлемге қазақ халқының қайсар, рухы биік халық екенін көрсеткім келеді. Біздің ата-бабаларымыз металды игерген, ғылыммен айналысқан, жылқыны қолға үйреткен. Мен осыны өз жолыммен дәлелдеуді мақсат еттім", - дейді Сәрсенбай Қотырашев.

Қазіргі таңда Сәрсенбай Қотырашевтың жүріп өткен жалпы қашықтығы шамамен 18 мың шақырымға жеткен. Оның басты мақсаты — 75 жастан асқан саяхатшы ретінде 40 мың шақырымнан астам жол жүріп, Гиннестің рекордтар кітабы тізіміне ену.

Алдағы жоспарларына сәйкес, саяхатшы 2027 жылы АҚШ аумағын Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін жаяу кесіп өтуді көздеп отыр. Сонымен қатар, елге оралған соң ұсталық өнерін жалғастырып, жаңа сапарларға дайындалмақ.

Комментарии