Астанадағы Президенттік орталықта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық кітап» республикалық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

«Мемлекет басшысы әрдайым қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше мән береді. 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын ұсынған еді. Аталған тұжырымдама негізінде былтырдан бастап 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді», – деді Арман Қырықбаев.
Сондай-ақ, Президент көмекшісі алдағы екі аптада Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған арнайы Жарлыққа қол қоятынын жеткізді.

Іс-шараға Парламент депутаттары, белгілі ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ кітапхана басшылары қатысты.
«Ұлттық кітап» республикалық байқауы отандық авторларды қолдауға, баспа ісін дамытуға және қазақ әдебиетінің, руханиятының дамуына бағытталған. Биыл байқауға 32 баспадан 155 өтінім түсті. Қатысушылар соңғы екі жылда жарық көрген отандық авторлардың шығармаларын ұсынды.



Жеңімпаздар тоғыз номинация бойынша анықталды. Олардың қатарында «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс», «Нон-фикшн бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Үздік иллюстрациялық кітап», «Үздік аударма кітап», «Фантастика жанрындағы үздік кітап» және «Үздік баспа» бар. Сонымен қатар «Жыл кітабы» аталымы бойынша жеңімпаз есімі белгілі болды. Бұл марапат Абай Құнанбайұлының қара сөздері негізінде жазылған «Ұрпаққа өсиет» кітабы үшін Гүлмира Амандықоваға табысталды. Барлық жеңімпазға ақшалай сыйлықтар берілді.
«Ұлттық кітап» байқауы отандық қаламгерлер мен баспагерлердің еңбегін дәріптейтін маңызды алаң ретінде қалыптасып, кітап оқу мәдениетін нығайтуға және қоғамның қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етіп келеді.
Салтанатты рәсім аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген кітапханашылар мен баспа саласының өкілдері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Ұлттық кітап күніне арналған кітап апталығы аясында бүгін ел көлемінде соңғы күн «Кітап – достық амбассадоры» атауымен өтті. Бұл күн отандық әдебиетті шетел оқырманы арасында насихаттауға бағытталды.
Кітап апталығының соңғы күнінде республика бойынша кітапханаларда, мәдениет және білім беру ұйымдарында шығармалары шет тілдерге аударылған қазақстандық авторлардың, сондай-ақ кәсіби аудармашылар мен баспагерлердің қатысуымен кездесулер ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, Астанада IX «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында кітап таныстырылымдары өтіп, Халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған «Ғасырдың ғаламат ақыны» көрмесі ұсынылды. Алматы қаласында «Әлемді біріктірген – Қазақ кітабы» атты әдеби квест өткізіліп, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің шет тілдердегі аудармалары таныстырылды. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті – әлем тілдерінде» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Жалпы, кітап апталығы аясында ел көлемінде өткен іс-шараларға 200 мыңға жуық адам қатысты.
Айта кетейік, ертең, 23 сәуір күні Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Атаулы күн халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, оқу мәдениетін жаңғыртуға және зияткерлік әлеуетті дамытуға бағытталған.
За последние три года наблюдается укрепление взаимодействия между государством и предпринимательским сообществом - Максим Крамаренко
