Шымкент қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісіне қатысты сегіз адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды.
Сот мәліметінше, айыпталушылардың жетеуі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі бойынша – қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде мүлікті иемдену дерегімен кінәлі деп танылды. Тағы бір адамға осы баптың 3-бөлігі бойынша айып тағылған.
Тергеу барысында университеттің бұрынғы бірінші проректорының салғырттығы салдарынан оқу орнына 153,5 млн теңге көлемінде шығын келгені анықталған. Сонымен қатар, қаржы департаментінің директоры 166,7 млн теңгені, міндетін атқарушы директор 100,1 млн теңгені жымқырған. Ал әкімшілік-шаруашылық департаментінің директоры өзге тұлғалармен бірге 320,5 млн теңгені иемденген. Басқа фигуранттар да 7,3 млн-нан 61,6 млн теңгеге дейінгі қаражатты жымқыруға қатысы бар деп танылды.
Сот айыпталушылардың кінәсі олардың өз жауаптары, куәгерлердің айғақтары және іс материалдары арқылы толық дәлелденгенін атап өтті.
Нәтижесінде, сот үкімімен:
– бір адам 8 жылға бас бостандығынан айырылып, жаза 3 жылға шегерілді;
– біреуі 7 жылға сотталды;
– екеуіне 8 жыл мерзім белгіленді;
– бір адам амнистияны ескере отырып 5 жыл 7 айға сотталды;
– тағы біреуіне 5 жыл 7 ай жаза тағайындалды;
– екі адам шартты жаза алды;
– бір адамға амнистия негізінде 2 жылға бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Сондай-ақ, бір айыпталушы амнистия актісі бойынша негізгі жазадан босатылды.
