ЕО Ресейдің Украинадағы шабуылдарын қатаң айыптады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gYXiJygF5NvfBNiSe8f0n0CG4CUcICPiNJz3WoX6.webp

Еуропалық кеңестің төрағасы Ресейдің Украинадағы азаматтық нысандарға жасаған соққыларын қатаң айыптады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ол 16 сәуірге қараған түні жасалған шабуылдарға қатысты X желісінде пікір білдірді. Коштаның айтуынша, Ресей Украинаға қарсы агрессиялық соғыста мақсатына жете алмаған соң, саналы түрде бейбіт халықты террорлауға көшкен.

«Өткен түні Ресей Украинадағы азаматтық нысандарға тағы да жойқын соққы жасады. Адамдар үйлерінде ұйықтап жатқан кезде Киев, Днепр, Одесса және Харьков қалаларына ондаған баллистикалық зымыран мен жүздеген дрон бағытталды. Ресей қарулы күштері құтқарушылар оқиға орнына келгенде, оларға қайта-қайта соққы жасаған», — деді ол.

Кошта Ресейдің бұл «террорлық соғысын» тоқтатуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Украинада БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына негізделген әділ әрі тұрақты бейбітшілік орнауы қажет.

Сонымен қатар, Еуроодақ мұндай бейбітшілікке қол жеткізу үшін Ресейге қысымды одан әрі күшейтіп, Украинаға қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді.

Өз кезегінде Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге қарсы санкцияларды әлсіретпеуге шақырды.

Ол X желісінде Ресейдің әрекеттеріне қатысты пікір білдіріп, «Ресейге қатысты ешқандай жеңілдік немесе санкцияларды алып тастау болмауы тиіс» деді.

Зеленскийдің мәліметінше, 15 сәуір күні мен 16 сәуірге қараған түні Ресей Украина аумағына шамамен 700 ұшқышсыз ұшу аппаратын, 19 баллистикалық зымыран және қанатты зымырандар ұшырған. Баллистикалық зымырандардың басым бөлігі Киев қаласына бағытталған.

«Қазіргі жағдайда Ресеймен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мүмкін емес. Қысым жалғасуы тиіс», — деді Украина басшысы.

Комментарии