АҚШ сенаты Иранға қарсы әскери әрекеттерін шектеу туралы резолюцияны тағы қабылдамады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OuaFgS2QGUVN1p44h5lPBxOwJrNSDDGux7mTfOlb.webp

АҚШ сенаты президент Дональд Трамптың Иранға қарсы әскери іс-қимылдарын Конгресс рұқсатынсыз жүргізу құқығын шектеуге бағытталған резолюцияны қайта қолдамады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Құжатты 47 сенатор қолдап, 52-сі қарсы дауыс берген.

Аталған бастама демократтар тарапынан ұсынылған. Олар әскери әрекеттерді Конгрестің ресми келісімінсіз жалғастыруға болмайтынын алға тартып отыр. АҚШ Конституциясына сәйкес, соғыс жариялау құқығы Конгреске тиесілі.

Алайда Ақ үй мен республикашылдар президенттің әрекеттерін заңды деп санайды. Олардың пікірінше, мемлекет басшысы бас қолбасшы ретінде белгілі бір шектеулі операцияларды Конгресс рұқсатынсыз жүргізе алады.

Сенаттағы пікірталас барысында халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Джим Риш демократтарды сынап, оларды Иранды қолдап отыр деп айыптады. Ал қарулы күштер комитетіндегі жетекші демократ Джек Рид керісінше, әріптестерін қақтығысты ушықтырмай, бейбіт жолды таңдауға шақырды.

Қоғамдық пікір де екіге бөлінген. Сауалнама деректеріне сәйкес, америкалықтардың 60%-ы Иранға қарсы әскери әрекеттерге қарсы. Дегенмен, бұл мәселе партиялық ұстанымға байланысты өзгереді: республикашылдардың басым бөлігі Трампты қолдаса, демократтардың аз ғана бөлігі келіседі.

Комментарии