Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) соңғы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасап, жекелеген адамдардың әрекеті үшін ислам дінін айыптауға болмайтынын айтты, деп хабарлайды "Адырна".
«Исламда мін жоқ, мін – адамда. Жекелеген адамдардың қателігі діннің немесе ҚМДБ-ның атынан жасалмайды. Исламда ажырасу құпталмайды, алайда ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік болса, ажырасуға рұқсат етіледі. Алайда шариғатта арнайы ажырасып, әйелді басқа біреуге беру әрекетіне жол берілмейді. Қоғамда талқыланып жатқан Құрбанәлі Ахмет есімді азамат ҚМДБ-да жұмыс істемейді, басқармамен білім беру немесе басқа бағыттар бойынша ешқандай байланысы жоқ», – делінген мәлімдемеде.
ҚМДБ Қазақстанда ислам құндылықтарын ресми түрде насихаттайтын жалғыз орган екенін атап өтті. Сонымен қатар ислам діні халықтың салт-дәстүрімен тығыз байланысты екенін жеткізді.
Басқарма қазақ халқының ұлттық мерекесі – Наурызды атап өтуге рұқсат етілетінін мәлімдеді.
«Наурыз мерекесінде дінге қайшы келетін ешқандай элемент жоқ. Жекелеген тұлғалардың теріс пікірлері ҚМДБ ұстанымын білдірмейді және біз ондай көзқарасты қолдамаймыз», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ салафиттік, уахаббиттік және такфириттік ағымдардың кейбір өкілдері дін атынан пікір білдіретіні айтылды. ҚМДБ бұл деструктивті ағымдарға қарсы түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізіп, олардың ықпалына түскен азаматтарды дәстүрлі дінге қайтару бағытында жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Еске салайық, 1 сәуір күні Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Бас прокурор Берік Асылов пен ҚМДБ-ға үндеу жасап, өзін «имам» ретінде таныстырып, «Наурыздың исламға қатысы жоқ» деп мәлімдеген азаматқа қатысты шара қолдануды сұраған еді.
Депутат сөз еткен «имам» – Құрбанәлі Ахмет. Оған «сопылық шейх», «Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) және Жамбыл облыстарының халифасы», «Пайғамбар ұрпағы» деген атақтар беріліп жүргені айтылған. 29 наурызда оның арандатушылық сипаттағы мәлімдемелері үшін айыппұл салынғаны хабарланған.
Ал TikTok желісінде Наурыз мерекесі туралы теріс пікір айтқан 1991 жылы туған азаматқа қатысты ұлтаралық алауыздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазіргі уақытта ол қамауда.
Около 500 атырауских спортсменов приняли участие в соревнованиях в рамках Дня национальных видов спорта
