Белгілі қаламгерлер «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қамқоршылық кеңесінің құрамына кірді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6DIwHtcJSsOq2numOiZAYjsWZGo9Dk2RhmXSBTUJ.jpg
Бүгін қазақстандық әдебиет өкілдерімен өткен кездесуде «Кітап оқитын ұлт» жобасының пилоттық кезеңінің аралық қорытындылары таныстырылып, қоғамдық қордың Қамқоршылық кеңесі құрылды. Бұл жиын жай ғана кездесу емес, шығармашыл зиялы қауым мен қоғамның кітап оқитын, сыни ойлайтын әрі рухани бай ұлт қалыптастыру идеясы төңірегінде топтасуына негіз болды.
2026 жылғы 30 наурызда Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында маңызды кездесу өтті. Оған Қазақстанның көрнекті жазушылары мен ақындары – Төлен Әбдік, Роза Мұқанова, Қойшығара Салғараұлы, Алдан Смайыл, Қуаныш Жиенбай, Шәрбану Бейсенова, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Мәди Айымбетов, Сауытбек Абдрахманов, Жанарбек Әшімжанов, Бауыржан Бабажанұлы қатысты.
2025 жылдың қыркүйегінде елдің бірнеше өңірінде пилоттық негізде іске қосылған «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлт қалыптастыру бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – Қазақстанда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.
Пилоттық кезеңнің алты айы ішінде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында жобаға 189 мың адам қатысты. Қатысушылар орта есеппен 10–15 кітап оқыған. Сондай-ақ жобаға қатысушылар күн сайын 30–50 бет оқу дағдысының қалыптасқанын, оның отбасылық кештердің, мектептегі талқылаулардың және тіпті жұмыс үзілістерінің бір бөлігіне айналғанын атап өтуде.
Жобаның алты бағыты негізгі жас және әлеуметтік топтарды қамтиды:
• Оқушылар «Кітап оқитын мектеп» бағыты арқылы қатысады. Мұнда 6–10 сынып оқушылары оқыған кітаптары негізінде викториналарда жарысады.
• Колледж және ЖОО студенттері «Кітап оқитын колледж» және «Кітап оқитын университет» бағыттары арқылы тартылады. Бұл бағыттарда пікірталастар ұйымдастырылады.
• Педагогтер «Кітап оқитын педагог» бағыты аясында командалық интеллектуалдық квиздерге қатысады.
• Отбасылар «Кітап оқитын әулет» бағыты арқылы қатысып, түрлі квиздерде бақ сынайды.
• Мемлекеттік қызметшілер «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыты бойынша квиздерде жарысады.
Әрбір санат үшін 15 шығармадан тұратын арнайы тізімдер жасақталған. Бұл тізімдерде қазақ классикасы мен әлемдік бестселлерлер үйлесімді түрде қамтылған.
Жобаны одан әрі дамыту мақсатында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры жанынан Қамқоршылық кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі міндеттері – жобаның стратегиялық бағыттарын айқындау, қатысушыларға ұсынылатын әдебиеттер тізімін бекіту, сондай-ақ негізгі бастамалар мен іс-шараларды әзірлеу. Кеңес құрамына әдебиет пен мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан белгілі жазушылар мен ақындар енді.


Комментарии