«Ұлы дала ойындары: VR & Drone»: Өскеменде жастар технология мен дәстүрді тоғыстырды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MUHbGzyB23l71q83wnS6enI7kJ0KAHIw9yQhORu3.jpg

2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Digital Nauryz платформасының іске қосылуы. Бұл жоба елдегі технологиялық өзгерістер мен цифрлық трансформацияның айқын символына айналып отыр.

Осы орайда Өскеменде өткен «Ұлы дала ойындары: VR & Drone» командалық сайысы – Nauryz Digital апталығының ең ерекше әрі ауқымды шараларының бірі. Аталған додада заманауи технология мен ұлттық ойындардың рухы үйлесіп, жастарға мүлде жаңа формат ұсынылды.

Сайыс Oskemen Hub алаңында өтті. Оған Шығыс өңірінің IT қауымдастығына біріккен жастар жиналып, командалар арасында тартысты бәсеке өтті. Қатысушылар дрон жарыстары мен VR-симуляторлар арқылы өз шеберліктерін сынады. Бұл жерде жылдамдық, дәлдік және командалық үйлесім басты назарда болды.

Жарыс барысында әр команда тек техникалық қабілеттерін ғана емес, логикалық ойлау, шешім қабылдау және бірлесе жұмыс істеу дағдыларын да көрсетті. Дрондарды басқару мен виртуалды ортада бағыт табу қатысушылар үшін қызықты әрі тәжірибелік маңызы зор тапсырмаларға айналды.

Аталған сайысты Rating, Oskemen Hub және Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Олардың айтуынша, мұндай жобалар жастардың технологияға қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларды жаңа бағыттарға жетелейді.

Жоба менеджері Андрей Охотенко дрон технологиясының мүмкіндігіне ерекше тоқталды. 

«Дрондар бүгінде 10 жылдан астам уақыттан бері кең қолданыста бар. Бірақ оларды пайдалану бағыттары әлі де толық ашылған жоқ. Қазір жастар түрлі ойындар арқылы қиялын дамытып, тіпті біз ойламаған жаңа мүмкіндіктерді тауып жатыр. Негізі, дрондарды қолдануға шектеу жоқ – оларды кез келген салада пайдалануға болады. Тек ең бастысы – заңды сақтау қажет. Өйткені шағын дрон болсын, немесе үлкен ұшақ болсын, заң алдында айырмашылық жоқ. Басқаша айтқанда, дронды басқару да авиация талаптарына сай реттеледі», – деді менеджер.
Айта кетейік, бұл шара Nauryz Digital апталығы аясында ұйымдастырылды. Апта бойы өңірде IT саласына қатысты бірқатар іс-шара өтті. Атап айтқанда, хакатон ұйымдастырылып, жастар өз жобаларын таныстырды. Қорытынды кезең – Hackathon Pitch Day барысында мектеп оқушылары үздік идеяларын қорғап, қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Сонымен қатар, цифрлық бағыттағы әйелдер форумы өтіп, технология саласындағы әйелдердің рөлі мен мүмкіндіктері талқыланды.

Білім беру бағыты да назардан тыс қалмады. Жасанды интеллект бойынша 35 мұғалім арнайы оқытудан өтіп, жаңа технологияларды оқу процесіне енгізу жолдарын меңгерді.

Балаларға арналған «AI Lab Наурыз» және «Drone Lab Наурыз» жобалары жүзеге асырылып, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне дронды басқару, оны қауіпсіз әрі тиімді қолдану тәсілдері үйретілді.

Жалпы, Nauryz Digital апталығы өңірдегі IT қауымдастықтың басын қосып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашқан маңызды алаң болды. Заманауи технология мен ұлттық құндылықтарды ұштастырған бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.

Комментарии