Миллиардтар құрдымы. Жолға жұмсалуы тиіс қомақты қаржы қолды болған

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AqAH2W8y7hnxvJT4n5t8yQF5ilGRLt3dQrPLa41V.jpg

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жол құрылысы саласында жүздеген миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Агенттік 2025 жылы жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты сыртқы талдау нәтижелерін жариялады. 

Есепке сәйкес, өңірлердегі тексеріс барысында жол құрылысының сметалық құны 11 млрд теңгеге негізсіз арттырылғаны анықталған.

Сонымен қатар 362 ескірген жобалық-сметалық құжат тіркеліп, оларды әзірлеуге 23 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Бұдан бөлек, құны 27 млрд теңге болатын 324 нысан міндетті мемлекеттік сараптамадан өтпеген.

Агенттік дерегінше, 70 компания жұмыс тәжірибесі туралы жалған анықтамалар пайдалану арқылы жалпы сомасы 408 млрд теңгені құрайтын келісімшарттарға қол жеткізген.

Ведомство өкілдері мердігерлер мен субмердігерлерге қатысты қандай шара қолданылғанын және келтірілген шығынның өтелген-өтелмегенін нақтыламады. Алайда жоспарлау, құрылыс және техникалық қадағалау салаларындағы жүйелі мәселелерді жою үшін 80-нен астам ұсыныс әзірленгені хабарланды.

Қазіргі таңда Қазақстанда Ұлттық жол активтері сапасы орталығы ескертулері жойылғанға дейін жолдарды пайдалануға беруге тыйым салынған.

Агенттік мәліметінше, жаңа платформа ақпаратты орталықтандыру арқылы өнім сапасы туралы деректерді бұрмалау тәуекелін азайтады. Бұл шаралар 2026 жылға жол саласына бөлінген 360 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының ашық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Комментарии