Ғылым – стратегиялық ресурс...

71
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PjmxJaqvK27QCYTXXFwd5iAnsDSae643oWBiXfGM.webp

Барлық мемлекет ғылымға және білімге көңіл бөледі.

Адамзатты алға жылжытатын тек қана ғылым. Жарты ғасырдың ішінде ғылыми-техникалық революция бізді жаңа жетістіктерге жетелеуде. Ғарыш кеңістігіне жол ашылды, Айға қонды, Марсқа зерттеу құрылғылары аттанды, мыңдаған спутник жерді бақылауда, интернет тарады, гуманоид роботтар пайда болуда, ЖИ адамзат өркениетіне үлес қосуда, медицина алға қарыштады және басқа. Осының бәрі тек ғылымның арқасында іске асуда. 

Ғылымға қаржыны аямау керек. Ғылыми жобаларға қаржыны көбірек бөлу маңызды. Бір-екі жобаның сәтсіздігіне қарап, ғылымнан қаржыны қиып тастауға болмайды. 

Қазақстан ғылыми жобаларға 2024-2026 жылдары 730 млрд теңге бөлетіні жайлы оқыған едім. Соңғы жылдары ақырындап бөлінетін қаржы көлемі артуда. Бұл Орталық Азиядағы көршілес елдерден көп болса да, салыстырмалы түрде әлі де аз. Сарапшылар бұл қаржыны еселеу керектігін айтуда. Еселеу үшін ғылым стратегиялық құндылық ретінде айқындалуы тиіс. 

Елдің басты құжаты Ата Заң болса, сонда ғылым-білім жайлы нақты көрсетілуі қажет. Қазіргі ұсынылып отырған жаңа жобаның преамбуласында «ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып» деген сөз бар. Тағы бір тұсында «зияткерлік меншік заңмен қорғалады» деген тұсы бар. Яғни, ғылымға стратегиялық ресурс ретінде қарау туралы айтылған. Ғылыми шығындар заң жүзінде бюджеттік қысқартулардан қорғалады деген сөз. 

Бұл өте дұрыс. Бізде ғылым саласына көп көңіл бөлу керек. Әсіресе техникалық ғылымдарға (гуманитарлық сала мамандарды ренжімес деген ойдамын). Адами капитал мен ғылым ғана мемлекетті дамыта алады. Табиғи ресурс немесе қымбат қазба байлық емес, соны игеретін ғалымдар адамзатты, мемлекетті алға сүйрейді. 

Ресурсы шектеулі, алайда ғылымы жақсы дамыған елдердің қандай жетістікке жеткенін көріп отырмыз. Мысалдары көп. Соның бәрі ғылыми жобаларға қаржыны арттырудан, ғылымды бюджеттік қысқартудан сақтап қалудан басталған. Солардан үйрену керек. 

Былтыр бізде суды аз қажет ететін, өзге күріштерден 10 күн ерте пісетін күріш сортын ғалымдар таныстырды. Өзіміздің қазақтар жасап шықты. Міне, бұл ғылымның мемлекетке нақты қосқан үлесі. Біріншіден, суды үнемдейді. Екіншіден, өнімді нарыққа тез шығару арқылы уақыт пен бәсекеде ұтады, осылайша экономикаға үлес қосады. Бұл бір ғана мысал. Ғылым осылайша мемлекетті алға жылжытады. Ол туралы мемлекеттің басты құжатында жазылғаны құптарлық іс.

Комментарии
Другие материалы