Freedom Finance пен ҚазТАГ арасындағы сот жабық форматта өтетін болды

78
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HQneKlbNWyNOnV78tqa9CuufH5i9Ym3XLLUtx2mS.jpg

Freedom Finance пен ҚазТАГ арасындағы сот процесі жабық форматта өтетін болды. Мұндай шешімді Алматы қаласының Медеу аудандық соты қабылдады, деп хабарлайды “Адырна” порталы Ulysmedia-ға сілтеме жасап.

16 ақпанда өткен сот отырысында судья Жаңабаев Freedom Finance компаниясы өкілдерінің өтінішін қанағаттандырып, істі жабық қарау туралы ұйғарым шығарды. Компания ҚазТАГ-қа қарсы «іскерлік беделіне нұқсан келтіру» бабы бойынша талап арыз түсірген.

Freedom Finance мүддесін қорғаған адвокат Антон Каминский іс материалдарында жеке деректер, сондай-ақ банк және қаржы құпиясына қатысты мәліметтер бар екенін айтты. Оның пікірінше, журналистердің сотқа қатысуы процеске қысым ретінде бағалануы мүмкін.

Ал ҚазТАГ өкілдері бұған қарсылық білдіріп, сот процесі ашық өтуі тиіс екенін жеткізді. Олар егер құпия деректер болса, тек сол бөлігін ғана жабық форматта қарауға болатынын атап өтті. Басылымның адвокаты Лена Жигаленок Freedom Finance шағымында банк құпиясына жататын нақты дерек жоқ екенін мәлімдеді.

ҚазТАГ директоры Әсет Матаев та процестің ашықтығын қолдап, журналистердің қатысуы маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, талап арызда бастапқыда банк құпиясы туралы мәселе көтерілмеген, ал істі жабық өткізу бастамасы сөз бостандығын шектеу ретінде қабылдануы мүмкін.

Іске онлайн қатысқан адвокат Светлана Оралбаева бұл мәселені соттың қарауына қалдырды.

Былтыр ҚазТАГ YouTube арнасы мен сайтында Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» туралы бірнеше материал жариялаған. Басылым ақпарат көзі ретінде адвокат Светлана Оралбаеваны және өзін зардап шеккендер деп таныстырған азаматтарды атаған.

Freedom Finance бұл жарияланымдарды негізсіз әрі бұрмаланған айыптаулар деп бағалап, «ұйымдастырылған PR-шабуыл» деп мәлімдеген. Компанияны ресейлік кәсіпкер, кейін Қазақстан азаматтығын алған миллиардер Тимур Турлов басқарады. Forbes журналы оның байлығын 5,8 млрд доллар деп бағалаған.

Бұған дейін ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты Freedom Finance шағымы негізінде Қылмыстық кодекстің 274-бабы («жалған ақпарат тарату») бойынша іс қозғалғаны хабарланған.

Сондай-ақ ақпан айының басында ҚазТАГ Freedom Finance-тің бұрынғы топ-менеджері Темірлан Беков түсірген талап арыз бойынша сотта жеңіске жеткенін мәлімдеген. Беков басылымда жарияланған материалды шындыққа жанаспайды деп тануды, оны өшіруді және моральдық өтемақы өндіруді сұраған. Алайда сот талап арызды толық қанағаттандырмай, Бековтен ҚазТАГ өкілінің шығыны ретінде 20 мың теңге өндіру туралы шешім шығарған.

Комментарии