Алматыда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті

177
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wdqveAASSyOWP5Su0v18ZYuPze7hD87K6DfzFw81.jpg

Алматы қаласында мәдениет және өнер қайраткерлерімен өткен кездесуде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшесі Аида Балаева жаңа Конституция жобасының мән-маңызына тоқталып, бұл құжат елдің болашағын айқындайтын тарихи шешім екенін атап өтті.

Вице-премьердің айтуынша, Жаңа Конституция жобасының басты өзегі – азаматтардың игілігі мен елдің тұрақты дамуы.

«Жаңа Конституция жобасының ең басты өзегі – азаматтардың игілігі, елдің тұрақты дамуына негізделуі. Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде айқын белгіленді», – деді Аида Балаева.

Оның сөзінше, жаңа редакцияда бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің берік іргетасы ретінде бекітілген. Егемендік пен Тәуелсіздік, елдің аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар санатына енгізілген.

 Сонымен қатар, коалиция мүшелері – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжехан өз сөздерінде әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттары алғаш рет Негізгі заң деңгейінде айқындалып отырғанын атап өтті. Бұл қоғамдағы әділдік пен тәртіпті нығайтып қана қоймай, келер ұрпақ алдындағы экологиялық жауапкершілікті де заңдық тұрғыда бекітетінін жеткізді.

Өз кезегінде Вице-премьер Жаңа Ата заңның бүкіл қоғам үшін ортақ жауапкершілік екенін ерекше атап өтті.

«Жаңа Ата заңның тағдыры тек заңгерлер мен саясаткерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әсіресе мәдениет пен өнер саласының өкілдері үшін бұл құжаттың мәні терең», – деді ол.

Кездесуде Жаңа Конституция жобасында мәдениет, ғылым мен білімді дамытуға ерекше мән берілгені айтылды. Алғаш рет «тарихи-мәдени мұраны сақтау» мен «төл мәдениетті қолдау» негізгі қағидаттар ретінде айқындалып отыр. Сондай-ақ азаматтардың тарихи және мәдени мұраға ұқыпты қарау міндеті бекітілген.

Мемлекет мәдени әралуандықты, ғылыми ізденісті және білімге негізделген дамуды стратегиялық басымдық ретінде белгілейді. Зияткерлік меншікті қорғау конституциялық деңгейде бекітіліп, шығармашылық еркіндік мазмұндық тұрғыдан нақтыланған.

Бұдан бөлек, алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма енгізілген. Бұл жаңа технологиялар дәуірінде адамның жеке деректері мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Отбасы институтына қатысты да нақты норма бекітілген. Конституцияда неке ер адам мен әйел адамның ерікті таңдауы мен тең құқығына негізделген одақ екені айқын көрсетілген.

Жалпы алғанда, жаңа Конституция адам құқықтарына түбегейлі бағдарланған және жаңа қоғамдық келісімнің берік негізін қалыптастыруға бағытталған құжат ретінде ұсынылып отыр.

«Бұл референдум – кезекті саяси науқан емес, болашағымыздың басты құқықтық кепілі. Оның сәтімен өтуі – сіз бен бізге тікелей байланысты. Сондықтан баршаңызды жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын», – деді Аида Балаева.

Кездесуде театр және кино актері, Қазақстанның Халық әртісі Болат Әбділманов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің директоры Сержан Саров және өзге де қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдіріп, саланы одан әрі дамыту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар елдің болашағы үшін жауапты таңдау жасау қажеттігін атап өтті.

 

Комментарии