Кәрім Мәсімов және "қазақ қызы". Эпштейн Қазақстанға тұрақты түрде келіп тұрған

148
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lzrJ02HLEIFR9uPUckL1jLdx6RomzePE3Tn0MNMt.webp

Фото: GETTY IMAGES

АҚШ әділет министрлігі Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жаңа құжаттарды жариялады. Tengrinews.kz материалдарды зерттеп, онда Қазақстанның 400-ден астам рет аталғанын анықтады. Құжаттарда Алматы мен Астанаға сапарлар, жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулер, сондай-ақ «И.» есімді белгісіз әйелге қатысты мәліметтер қамтылған, деп хабарлайды "Адырна".

31 қаңтарда АҚШ әділет министрлігі сексуалдық қылмыстар үшін сотталған әрі түрмеде қаза тапқан Джеффри Эпштейн ісі бойынша 3 миллион бет құжат, 180 мың фото және 2 мың видео жариялады. Бұл - Эпштейн файлдарының ашықтығы туралы заң қабылданғаннан бергі ең ауқымды жарияланым. Құжаттарда оның түрмеде болған кезеңі, өліміне қатысты тергеу материалдары, сондай-ақ сыбайласы Гислейн Максвелл ісіне қатысты деректер бар.

Материалдарда Эпштейн мен оның айналасындағылардың Қазақстанға сапарлары алдын ала жоспарланып, егжей-тегжейлі талқыланғаны көрсетіледі. Хат алмасуларда визалар, ұшу кестелері, жеке ұшақпен Алматы мен Астанаға бағыттар нақты аталады. Кей жазбаларда Мәскеу, Рига, Вильнюс және Минск арқылы транзиттік маршруттар да көрсетілген. 2014 жылғы хаттардың бірінде «Жаңа ғана Алматыға қондым» деген жазба кездеседі.

2019 жылғы мамырдағы хат алмасуларда да Қазақстанға сапар туралы айтылып, авторлардың бірі мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты «генералмен» кездескенін жазған. Алайда құжаттарда көптеген есім сызылып тасталғандықтан, нақты кім туралы сөз болып отырғаны белгісіз.

"Иә, рахмет, WH-дан кейін мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты генералмен көп уақыт өткіздім – өте жақсы адам",- деп жазады. 

Жарияланған материалдарда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімов сегіз рет, ал оның орынбасары «К.» 90-нан астам рет аталады.  Кей хаттарда Эпштейнге оның аты-жөні таныс екені сұралса, кейінгі жазбаларда оған «сәлем жеткізілгені» туралы хабарламалар бар.

2011 жылғы 4 тамыздағы хатта белгісіз адам Эпштейннен: «Джеффри, менің қасымдағы үйде Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов тұрады. Сен оны танисың ба?» - деп сұрайды.

Ал 2014 жылғы хат алмасуда Эпштейннің айналасындағылар кемінде үш рет Мәсімовке сәлем жеткізгендерін хабарлаған.

Сонымен қатар құжаттарда International Peace Institute (IPI) ұйымында жұмыс істеген И. А. есімді әйел бірнеше рет аталады. Хаттарда ол «the Kazakh girl from the IPI» — «IPI-дегі қазақ қызы» деп сипатталады.

Материалдарға қарағанда, И. Эпштейн кездесулерін ұйымдастыруға қатысқан және оның қызметкерлерінен көмек сұраған. Бір хатта ол екі түнге арзан қонақүй ұсынуды өтінеді.

2015 жылғы 9 шілдедегі жазбада Эпштейннің бұрынғы кеңсе ассистенті Л. Г. И-мен кездесудің уақытын ауыстырғанын хабарлайды. Құжаттарда «IPI-дегі қазақ қызы И.» есімі кемінде 38 рет кездеседі.

Құжаттарда Қазақстандағы бір ведомствоның Эпштейнмен байланысты болуы мүмкін құрылымдармен келісімшарты аталады. 2014 жылғы қаңтарда бұл ведомство IPI-мен жылына 400 мың доллар көлемінде келісім жасап, валюталық саясат пен резервтерді басқару мәселелері бойынша төрт кездесу өткізуді көздеген.

Сондай-ақ, 2015 жылғы мамырда Эпштейнге Қазақстан туралы аналитикалық жазба жіберілген. Оған ол: «Оларға жылына 3–5 миллион де» деп жауап берген. Бұл қаржының кімге және қандай мақсатта қажет болғаны нақтыланбаған.

Жарияланған материалдар Қазақстанға қатысты көптеген сұрақ туғызғанымен, құжаттарда нақты қорытынды немесе ресми айыптаулар келтірілмеген. АҚШ тарапы бұл деректердің барлығы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жарияланғанын атап өтеді.

Комментарии