«Қоштасқым келмейді...» Ауылдың жойылу үрдісі тоқтай ма?

184
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZJlibWiE8utv5yC9kZcFxBVdqZTmY4CTJm0OA7m9.jpg

Бүгінде елорда мен ірі қалаларға қарай ағылған халықтың легі толастар емес. Астана қазірдің өзінде 1,5 миллионнан астам тұрғынға жетіп, өткен бір жылдың ішінде тағы 83 мың адаммен толығыпты. Сол сияқты Алматыға - 45 мың, Шымкентке - 29 мың адам көшіп келген.

Ауылдық аймақтарда халық саны азайып барады. Тұрғындарының саны 50-ге де жетпейтін елді мекендер саны 546-ға жеткен. Яғни олар да жуырда жойылмақ. Бұрын елімізде даму әлеуетіне ие 5 мыңдай ауыл болса, қазір олардың саны 3,5 мыңға қысқарған. Бір сөзбен айтқанда, үштен бірінің болашағы бұлыңғыр.

Мәселен Түркістан облысында бар болғаны жарты жылдың ішінде 22 мың адам қалаға көшіп кеткен. Жамбылда 10 мыңнан астам қоныс аударыпты. Бұл - жай ғана сандар емес, осындай қарапайым статистика ел ішіндегі теңсіздікті айқын көрсетеді. Мысалы, Алматының 2,2 миллионға жуық тұрғынын, Ұлытаудың 200 мың адамға жетер жетпес халықымен салыстыруға келмейді. Экономист Марат Әбдірахманов ауылдан қалаға көшу үрдісінің басты себебі - жақсы өмірге ұмтылыс емес, жұмыс орындарының тапшылығы мен қаражаттың жетіспеушілігі екенін айтты:

«Ауылдағы қазіргі жалақы өмір сүруге жеткіліксіз. Көпшілік қосымша табыс іздеуге және тұрақты жұмыс пен маңсап құруға қолайлы қалаларға көшеді», - дейді ол.

Ресми деректерге сүйенсек, Алматы мен Астана сынды мегаполистерде жалақы 600 мыңға дейін жетсе, халқы аз қамтылған Жамбыл мен Жетісу секілді аймақтарда айлық табыс небәрі 355 мың теңгені құрайды. Ал ауылдарда мүлде аз. 100 мың жалақыға да арзан жұмыс күші табылады.

Ол аздай ауылдардың басым бөлігінде инфрақұрылым мәселесі күрделеніп барады. Оған Жамбыл облысының тілдерді дамыту орталығындағы жағдай дәлел. Орталық басшысы Индира ханымның айтуынша, жұмысшыларды Сұлутөр ауылының әкімдігі тастанды ғимаратқа көшірген.

“Сұп-суық ғимаратқа таңмен таласып келіп, кешке кетеміз. Жұмыс барысында сырт киіммен отыруға мәжбүрміз, одан бөлек жарығымыз жиі өшіп қалады, техника мен интернетті пайдалану мүмкіндігі туралы армандамаймыз да”-, дейді орталық жұмыскерлері.

Экономика ғылымдарының докторы Жәнібек Айғазиннің айтуынша, халық жақсы өмір іздегеннен емес, ауылдағы өмір сүру мүмкіндігі азайып бара жатқандықтан көшіп жатыр.

Тұрақты жұмыс орындарының жетіспеушілігі мен инфрақұрылымның әлсіздігінен бөлек, ауыл тұрғындары сапалы білім мен интернетке қол жеткізгісі келеді.  

МЕМБАҒДАРЛАМАРДЫҢ НӘТИЖЕСІН ҚАШАН КӨРЕМІЗ?

Дәл осындай ауылдардың жағдайын түзетуге арналған «Ауыл – Ел  бесіі» бағдарламасы 2019 жылдан бері іске асырылуда. 2019 - 2024 жылдар аралығында бағдарламаға 700 млрд теңге бөлініп, 6,6 мыңнан астам жоба жүзеге асырылды. Бірақ көңіл қуантарлық статистикаға қарамастан, жолдары толық аяқталмаған, интернеті әлсіз, білім сапасы төмен елді мекендердің саны қысқармай келеді. Жоспар бойынша 3,5 мың ауылдың модернизациясы 2027 жылға дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда, ресми мәліметтерге сәйкес, бағдарлама мерзімінен бұрын тоқтатылатын болды. Ал ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту енді тек жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылмақ. Әлеуметтанушы Ботагөз Түреханова мемлекеттік есептерде оң өзгерістер көрсетілгенімен, олардың бәрі шындыққа жанаса бермейтінін айтады:

 «Деректердің бір бөлігі жергілікті билік арқылы жиналады, ал олар көбіне жақсы есеп беруге мүдделі. Сондықтан “жұмыссыздық азайды” немесе “инфрақұрылым жақсарды” деген мәліметтер шынайы жағдайды көрсете бермейді» -, дейді ол.

КӨШІ-ҚОН САЛДАРЫ: МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ ЖОЛЫ БАР МА?

Экономист Марат Әбдірахманов урбанизацияны табиғи үдеріс деп мойындағанымен, Қазақстанда ол бірқатар әлеуметтік-экономикалық қауіп төндіріп отырғанын ескертті:

«Ауылдар бос қалса, елде ауыл шаруашылығымен айналысатын адам саны азаяды. Бұл азық-түлік өндірісінің төмендеуіне және импортқа тәуелділікке әкеледі», - дейді сарапшы. Қазіргі күннің өзінде, аграрлық секторда мамандар тапшылығы айқын сезіледі.


Сенатор Ернұр Айткеновтың айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы саласында шамамен 6,5 мыңға жуық маман жетіспейді, оның басым бөлігі жоғары білікті кадрлар:

“Фермерлік шаруашылықта жұмыс істейтіндердің тек 28 пайызының ғана кәсіби білімі бар. Кадр жетіспеушілігі әсіресе агрономия, ветеринария және қайта өңдеу бағыттарында ерекше байқалады”-, дейді ол.

Айткеновтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласының баяу дамуына жастардың қалаға көшуі, төмен жалақы мен мансаптық өсу мүмкіндіктерінің шектеулілігі әсер етіп отыр. Қалада мүмкіндік көп, ал ауылда - ресурс тапшы.

Экономист Марат Әбдірахманов ауылдың болашағы тек еңбекақыға емес, инфрақұрылым мен қолжетімді несие жүйесіне байланысты екенін айтады:

«Егер ауылдық жерлерде жер тілімдері тұрғындарға шаруашылық жасау үшін үлестіріліп, инфрақұрылым мен несие беру жүйесі қайта қаралса, ауылдар экономикалық тұрғыдан өмір сүруге қолайлы бола бастайды, осылайша көші-қон қарқыны біртіндеп азая береді” -, дейді ол.

Қорытындылай келе, жүйелі өзгерістер іске аспаса, ауылдар еңбекке қабілетті халқын жоғалта береді. Ал қалаларда тұрғындар саны артып, әлеуметтік теңгерім бұзылады. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың басында елімізде 6 179 ауыл болған, қазіргі таңда олардың 55-і жойылып, 6 124-і ғана қалған. Сарапшылардың айтуынша, егер бұл жағдай осылай жалғаса берсе, келесі онжылдықта ауылдардың 70%-ы жоғалып кетуі мүмкін. Бұл үрдіс бір ғана отбасының таңдауы емес, тұтас мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық теңсіздігіне қатысты мәселеге айналып барады.

Хадиша Елеусін

Комментарии