127,5 млн теңге. ТЖД-ның электрокарды қымбатқа алғаны несі?

72
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/puYsLP5bptdXSDl5xWvXeBNzUhQxgvZFI1AGkHDP.webp

Алматы көшелерінен Қазақстанның ТЖМ белгісі бар Tesla Cybertruck электрокары байқалған. Көліктің мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ресми түрде алынғаны белгілі болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Құжаттарға сәйкес, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ТОО Zharyq компаниясынан «оперативті-жолаушы автокөлігін» сатып алған. Келісімшарттың жалпы құны шамамен 127,5 миллион теңгені құрайды. Бұл баға kolesa сайтында көрсетілген көліктердің бағасынан қымбат. Көліктің базардағы бағасы көрсетілген осы ресурстың мәліметінше, аталған көліктің жаңадан шыққан арнайы BEAST CYBERBEAST нұсқасының өзі 125 млн теңгеден қымбат емес. Бұл нұсқаның көліктің осы түрінің басқа түрінен айырмашылығы үш мотормен жабдықталған. ТЖД сатып алған көліктің қандай нұсқа екені, қандай артықшылыққа ие екендігі нақты айтылмай, жалпылама ғана сипаттама берілген.   

Келісімшартқа тіркелген техникалық сипаттамада аталған электромобильдің бірнеше мақсатта пайдаланылатыны көрсетілген. Атап айтқанда, Tesla Cybertruck басшылық пен мамандарды оқиға орнына жедел жеткізуге, жағдайды бастапқы бағалауға, оның ішінде қолжетімділігі қиын аймақтарда, құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерінің жұмысын үйлестіруге, 1000 келіге дейінгі жабдық пен шағын жүктерді тасымалдауға, күрделі әрі қолжетімсіз аумақтарда патруль жүргізіп, жедел әрекет етуге арналған.

Құжатта көліктің толық жетекті жүйесі, электр қозғалтқыштарының жылдам жауап беру мүмкіндігі мен бейімделетін аспасының арқасында жоғары өтімділік пен динамикаға ие екені атап өтілген. Сондай-ақ, тот баспайтын болаттан жасалған берік, соққыға төзімді әйнектер қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні көрсетілген.

Айта кетейік, ТЖМ көлікті негізінен Алматының таулы аймақтарында және оған іргелес жерлерде пайдалану жоспарланып отырғанын айтқан еді.

Комментарии