Путин АҚШ өкілімен Мәскеуде үш жарым сағаттан астам келіссөз жүргізді

247
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kb2W1DBsN0SwHHKvxFkPUl4Avrr2ywaspQk5U8FK.webp

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесті. Кездесу үш жарым сағаттан астам уақытқа созылды, деп хабарлайды "Адырна" порталы  РБК-ға сілтеме жасап.

Ресей тарапынан кездесуге РФ президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев және көмекшісі Юрий Ушаков қатысты.

Америкалық тарапты АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер және АҚШ Жалпы қызметтер басқармасының Федералдық сатып алу қызметінің комиссары Джош Грюнбаум ұсынды. Грюнбаум Дональд Трамп құрған «Бейбітшілік кеңесінің» атқарушы комитетінің аға кеңесшісі болып тағайындалып, Мәскеумен келіссөздерге алғаш рет қатысып отыр.

Кездесудің ресми қорытындысы жарияланбады. БАҚ деректері бойынша, негізгі талқыланған тақырыптар Украинадағы жағдайды реттеу және оған қатысты мәселелер болған. Бұған қоса, Путин Мәскеудің Бейбітшілік кеңесіне шақыруы және мұздатылған ресейлік активтер мәселесі де қаралатынын айтқан.

Ресейлік БАҚ хабарлауынша, Ушаковтың сөзінше, «Кремльдегі кездесу барлық жағынан пайдалы болды, әрі РФ, әрі АҚШ үшін».

Ушаков мәлімдегендей, 23 қаңтарда Абу-Дабиде қауіпсіздік мәселелері бойынша Ресей – АҚШ – Украина үшжақты жұмыс тобының алғашқы отырысы өтеді. РФ делегациясын ГРУ бастығы Костюков басқарады.

ТАСС дерегінше, кездесуде РФ территориялық мәселе шешілмейінше Украинадағы ұзақ мерзімді шешімге сенуге болмайтынын жеткізген; Ресей шешімді соғыс алаңында іздеуді жалғастыра беретінін мәлімдеген. Сондай-ақ Бейбітшілік кеңесі, Гренландия және басқа да бірнеше тақырыптар талқыланған.

Кремльдегі келіссөз Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Давостағы кездесулерінен кейін өтті. Лидерлер байланыстарын оң бағалағанымен, Киев үшін кепілдік беретін құжаттарға қол қойылмаған.

Сондай-ақ Владимир Зеленский БАӘ-де 23–24 қаңтарда Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөздер өтетінін алдын ала хабарлаған. Financial Times мәліметінше, тараптар «энергетикалық қарулы тоқтату» мүмкіндігін талқылауды жоспарлаған, ал америкалық делегация бұл тақырыпты Кремльдегі кездесуде көтеруді көздеген.

Комментарии