Ұлттық құрылтайда сыналған соң. Полиция басшылары қызметтен кетті

92
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласы полиция департаментінде кадрлық шешімдер қабылданды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл шешімдер 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қабылданған.

ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің мәліметінше, Қаратау ауданы полиция басқармасы қызметкерлерінің марқұмның туыстарының өтініштерін тиісті деңгейде қарамауы мүмкін деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс аясында жедел әрекет етпеу және уақытында шара қолданбау фактілері жан-жақты тексеріледі.

Ведомствоның хабарлауынша, тергеу нәтижесіне қарай лауазымды тұлғалардың әрекетіне заң аясында құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша тәртіптік шаралар қабылданған.

«Құқықтық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметтерінен босатылды. Сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан шығарылды», – делінген ІІМ хабарламасында.

Министрлік заң бұзушылықтарға, зорлық-зомбылық пен қатыгездікке қатысты қатаң әрі принципті ұстанымда екенін атап өтті. 

Бұл оқиға туралы бүгінгі өткен ұлттық құрылтайда Президент Тоқаев та арнайы тоқталған болатын.

"Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, оның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді", - деген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, марқұм Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті ретінде 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. 

 

Комментарии