Енді жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгереді

279
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8hXZnZXYABheG7rAMUH3yr3Cqj2DZe9owxecMh7V.webp

Елімізде жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгереді. Бұл туралы Алматы қаласындағы жеке мектептердің құрылтайшылары мен директорларының қатысуымен өткен кездесуде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Министрлік мәліметінше, бұдан былай елімізде жеке мектептер тек нақты қажеттілік туындап отырған өңірлерде ғана ашылады. Лицензия тек үшауысымды мектептерді, апатты жағдайда тұрған білім ордаларын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жетіспейтін өңірлерге ғана беріледі.

«Сонымен қатар, жеке мектептер құрылтайшыларының жауапкершілігі де заң аясында жетілдіріледі. Олар мектептердегі білім сапасы, ұстаздардың біліктілігі және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілік алады. Қазіргі таңда құрылтайшылардың ғана емес, мектеп директорларын тағайындау тәртібін де өзгерту жоспарланып отыр. Енді мектеп директорларын бұрынғыдай құрылтайшылар таңдамайды. Шешім қабылдау кезінде салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі ескеріледі», – делінген хабарламада.

Қазір еліміздегі 785 жеке мектептің құжаттары цифрландырылған. Жалпы лицензиясы бар 890 жеке мектеп бар. Үкімет жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру ісіне мораторий жариялауды жоспарлап отыр.

Айта кетсек, 2025 жылы жекеменшік мектептерге бюджеттен шамамен 74 млрд теңге бөлінген. Қаржы министрлігі бұл қаражат, ең алдымен, оқу жылының басында жиналып қалған қарызды толық өтеуге жұмсалғанын хабарлаған.

Комментарии