АҚШ Иранның бес шенеунігіне санкция салды

119
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YbF2NPFKwxkR6v7xMgY2OdStP2bKx8fjc3t5CFIf.jpg

АҚШ Ирандағы жаппай наразылық акцияларын күшпен басып-жаншуға қатысы бар деп айыпталған бес ирандық шенеунікке қарсы санкция енгізді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Санкция тізіміне Иранның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани енгізілген. Сонымен қатар Лорестан және Фарс провинцияларындағы өңірлік полиция бөлімшелері мен Ислам революциясы сақшылар корпусы күштерін басқарған төрт адам да шектеуге ілінді.

АҚШ тарапының хабарлауынша, Әли Лариджани Ирандағы наразылықтарға қарсы қабылданған шараларды үйлестіруге жауапты болған әрі бейбіт шерулерді күш қолдану арқылы басуға ашық түрде үндеген. Ал санкцияға енген басқа тұлғалар мен күштік құрылым өкілдері шерушілерге қатысты зорлық-зомбылық көрсетуге және наразылыққа шыққандардың қаза табуына қатысы бар деп айыпталды.

АҚШ Қаржы министрлігі ресми мәлімдемесінде 2025 жылдың желтоқсан айынан бері Ирандағы қауіпсіздік күштері наразылық білдірушілерге қарсы оқ жаудырып, азаматтарды өмірі мен бостандығынан айырды деп көрсеткен.

Бұдан бөлек, АҚШ Фардис түрмесіне қатысты да санкция енгізді. Мемлекеттік департаменттің мәлімдеуінше, аталған мекемеде әйелдерге қатысты «қатыгез, адамшылыққа жат әрі ар-намысты қорлайтын» озбырлық әрекеттер жасалған.

Сонымен бірге Қаржы министрлігі Иран мұнайы мен мұнай өнімдерін шетел нарықтарында сатудан түскен табысты «жасырын банкинг» жүйелері арқылы заңдастыруға қатысы бар деп күдікке ілінген бірқатар жеке тұлғалар мен ұйымдарға да санкция салғанын хабарлады.

Айта кетейік, Иранда 2025 жылғы желтоқсан айының соңынан бері жаппай наразылықтар жалғасып келеді. Бұл толқулар 1979 жылғы Ислам революциясынан кейінгі кезеңде елдің клерикалдық билік жүйесіне төнген ең ірі сын-қатерлердің бірі ретінде бағаланып отыр.

Наразылықтың бастапқы себебі – ұлттық валютаның (риалдың) күрт құнсыздануы мен инфляцияның шектен тыс өсуі. Алайда уақыт өте келе әлеуметтік талаптар саясиланып, билікке қарсы ұрандар мен монархияны қайта қалпына келтіруге шақырған үндеулер де естіле бастаған.

Құқық қорғау ұйымдарының дерегіне сүйенсек, наразылықтар басталғалы бері кемінде 3428 адам қаза тапқан. Ал Иранның сыртқы істер министрі «мыңдаған адамның қаза болғаны» туралы ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Комментарии